2025 жылғы 26 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы
«Әттеген-ай» демеске лаж жоқ тәрізді. Иә, кеше S&P500 кең нарық индексінде де, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінде де ATH (All-time high) жаңаруы мүмкін еді, бірақ олай болмай қалды. Индекстің екеуі де «күш салғанымен», рекордтық белгілеріне жете алмады. Сауда сессиясы басталарда барлық индекстер бір күнде шамамен бір пайыз қосады деп болжағандар жоқтың қасы болғанымен, оның өте сәтті өткенін мойындау керек.
Сауда-саттық тыныш, бейбіт жағдайда ашылды, оның минус емес, плюстен басталғанына шүкір. Өйткені 1-ші тоқсандағы ЖІӨ бойынша шыққан деректер инвесторлардың көңіл-күйін бұзған еді. ЖІӨ бойынша 3-ші рет берілген баға айтарлықтай өзгеріс әкелмей, ешкімді естен тандырмауы керек сияқты еді. Дегенмен, дерек болжанғаннан әлдеқайда нашар шығып, 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша АҚШ ЖІӨ өткен тоқсанда -0,2% орнына -0,5% төмендегенін көрсетті. Абырой болғанда, цифрлар жария етілгенде нарыққа қатысушылар қатты дүрліккен жоқ, бар болғаны Иран-Израиль соғысының аяқталуы серпін берген жалпы орташа оптимизмін сәл бәсеңдетті. Сайып келгенде, нөл белгісінің төңірегіндегі кішігірім плюстен бастаған индекстер батылданып жоғары көтеріле бастады, ал өсудің қызығына түскен және жағымсыз жаңалықтың болмағанына қанаттанған инвесторлар нарықты өсіре берді. Бұған қол созым жердегі мақсат – индекстердің рекордтық деңгейіне жетуге ұмтылыс та ықпал етті. Дегенмен, іс жүзінде негізгі сауда сессиясының аяқталуына шамамен 2 сағат қалғанда бұл деңгейлерге қол жеткізген нарыққа қатысушылар психологиялық кедергі қабырғасына келіп тірелді де, финалдық гонг соғылғанға дейін қиындықты еңсере алмай қойды. Негізінен, бұл жиі болып тұратын жағдай. Нәтижесінде индекстер өсті және өсімі айтарлықтай жақсы болды, бірақ олар рекордтық белгіге жетпей жабылды. Бұл күннің ішінде NASDAQ Composite индексі бәрінен көп қосты: +0,97%, оның рекордқа жетуіне небары 6 тармақ немесе 0,03% қалды. Dow Jones (DJIA-30) көгілдір финкалар индексі бір күнде +0,94% өсті, ал Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі күнді +0,80% өсіммен аяқтап, рекорд белгісінен биылғы 18 ақпанда белгіленген 3 тармақ (0,05%) жерде тоқтады.
Нарыққа қатысушылардың позитивті көңіл-күйде екені нарықты сала бойынша қарастырғанда да байқалды. 11 сектордың 9-ы күнді плюспен аяқтады. Consumer Defensive және Real Estate сияқты қорғаныс секторында жұмыс істейтін компаниялардың акциялары ғана сатушылардың кішігірім қысымына ұшырап, тиісінше -0,13% және -0,02% жоғалтты. Бірақ доллар әлсіреп, бұл шикізат бағасына әсерін тигізіп отырған жағдайда күннің қорытындысы бойынша орташа есеппен ғана шамамен 2 пайыз (+1,88%) өскен шикізат компанияларының акциялары ерекше нәтиже көрсетті. Олардың ішінде Freeport-McMoRan (FCX) және Southern Copper (SCCO) сияқты тау-кен компанияларының акциялары үздік атанды – олар тиісінше 6,8% және 7,8% қымбаттады. Әлбетте, қос компанияның акциялары ITS алаңында саудаланады, сондықтан қазақстандық инвесторлар үшін қолжетімді.
ITS тобының индекстері де жағымды жаңалығымен инвесторларды қуантуда. 3-ші күн қатарынан тарихи максимумын жаңартып жатқан ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексінің жетістігін көру бір ғанибет. Бұл жолы индекс 1300 тармақ деңгейіне жақындады: +0,64% қосқан ол 1296,71 тармақ белгісінде тоқтады. Оның «әріптесі» – ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі тіпті одан көбірек өсті: +1,04%, бірақ рекордқа шығуына 3 тармақ жетпей қалды. Сол себептен жалпының бірдей рекордтық белгіні жаңартуы – күн тәртібіндегі бірінші мәселе.
Кешегі күннің қорытындысы бойынша индекстердегі үздік акцияларға көз тастау өте қызықты болды. Егер алдыңғы күндері ең алдымен жетекші технологиялық компаниялардың акциялары үздік болса, қазір олар екінші планға көшті (бірақ ТОП тізімінде бар), ал бірінші орындарға шикізат және өнеркәсіп саласы компанияларының акциялары шықты. Мәселен, ITSS индексіндегі үздіктердің алғашқы үштігінде (өзінің ATH жаңартқан жалғыз индекс) технологиялық компаниялар атымен жоқ, ал бірінші орындарда өнеркәсіп алпауыты Caterpillar (CAT), Uber Technologies (UBER) сервис-өнеркәсіп компаниясы, сондай-ақ медицина жабдығын өндіруші әйгілі Intuitive Surgical Inc (ISRG) компаниясы тұр. Бұл нені білдіреді? Инвесторлар тарапынан акцияларға сұраныс технология секторынаның шегінен асып, бүкіл нарыққа таралды. Әлбетте, бұл үміттендіретін жағдай, демек, қазіргі тамаша «ралли» жалғасын табуы әбден мүмкін.