Еңбек нарығы инвесторларды алаңдата бастады

Сейсенбі күні нарық біршама жақсы, бірақ ойда жоқта өскеннен кейін, бұл үрдіс сәрсенбіде де қайталанады деп ешкім күтпеген де шығар. Бірақ сәрсенбідегі сауда-саттықтың әрқашан қатты шиеленісетіні бар, сондықтан оның нәтижесін болжау аса қиын болды. Шындығында, сәрсенбінің сауда-саттығы, сайып келгенде, шиеленісті, жүйке тоздыратын жағдайда, бірақ нақты айтқанда нәтижесіз өтті.

АҚШ пен Қытай басшылары жұма күні телефон арқылы келіссөз жүргізеді деген хабардан қуанышы қойнына сыймаған және бұдан зор үміт күтетін инвесторлардың ықпалымен әлемдік қор нарықтарының көпшілігі (әсіресе азиялық нарықтар) таңертеңнен бастап аздап өсіп жатты. Олардың бұл қуанышы шын болды ма, жоқ па – белгісіз, бірақ нарықта біршама позитив болғанын мойындау керек. Сондай-ақ сауда-саттық басталарда шыққан макродеректер де нарыққа қатысушылардың көңілін жайлайтын шығар деп күтілді. Өкінішке орай, олай болған жоқ. ADP агенттігі хабарлағандай, ауылшаруашылық емес секторлардағы жаңа жұмыс орындарының саны мамыр айында небары 37 мың болды, ал болжам бойынша 111 мыңға жетуі керек еді. Бұл 2023 жылдың наурызынан бері ең нашар нәтиже.

Сондай-ақ әйгілі Dollar Tree (DLTR) бөлшек сауда желісі компаниясының тоқсандық есептілігі де инвесторлардың көңілін түсіріп жіберді – сайып келгенде алымның әсерінен оның өткен тоқсандағы пайдасы 50% төмендеді. Нәтижесінде бұл компанияның акциялары «нарық аюларының тепкініне» ұшырап, сауда-саттық күнін 8%-дан астам (-8,37%) шығынмен аяқтады.

Мұның бәрі қосылып «нарық бұқаларының» баға белгіленімін әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік бермеді (бірақ олар бұған өте ықыласты еді!), сөйтіп сатып алушылар мен сатушылар бұл күнді сұрапыл күреспен өткізіп, қарсыластар тең түсті.

Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі бұл күні -0,22% жоғалтса, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі керісінше бір күнде +0,32% қосты. Осы орайда атап өтетіні, осынау кішігірім өсуден кейін соңғысы жыл басынан бері бірінші рет «жасыл аймаққа» оралды, мұның өзі бір жетістік.

Ал Америка нарығының негізгі бенчмаркы – S&P500 индексі бір орында тұрып, нәтижесінде таза символдық 0,44 тармақ немесе басқаша көрсеткенде +0,01% өсті. Бірақ сауда-саттық барысында бұл индекс 6 000 тармақ шамасындағы өзінің өте маңызды «кедергі аймағына» көтерілуге тырысты. Дегенмен, оның бұл талпынысы сәтсіз аяқталды, сөйтіп S&P500 сол күйі сейсенбі күнгі жабылу деңгейінде қалды.

ITS тобы индекстерінің жағдайы да осындай болды. Егер ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі кешегі күні 0,1% жоғалтқан болса, ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі тарихи максимумын жаңартуға бір шағын қадам жасап, бір күнде тағы 0,5% өсті. Енді оның шыңына жету үшін небары 3 тармақтан өтуі немесе 0,3% жетер-жетпес өсім жасауы керек.

Тағы да айта кететін жайт, ITSW индексінің өсуін қазіргі уақытта негізінен американдық емес, еуропалық және азиялық эмитенттердің акциялары қамтамасыз етті. Мәселен, кешегі күннің қорытындысы бойынша олардың алғашқы ондығында американдық компаниялардың 3-ақ акциясы бар – бұл Meta Platforms (META), Eli Lilly (LLY) және Broadcom (AVGO). Оның үстіне, бұл акциялар бірінші орындарда тұрған жоқ. ITSW индексінде үздік нәтиже көрсеткен – Нидерландының микрочип өндірушісі NXP Semiconductors NV (NXPI) және Люксембургтің Spotify Technology S.A (SPOT) компанияларының акциялары. Олар бір күн ішінде капиталдануына тиісінше 5,56 және 4,47 пайыз қосты.

Қалай дегенде де, жалпы өткен сәрсенбі нарықтағы күштер арақатынасын түк те өзгертпеген еш ерекшелігі жоқ қатардағы күн болып шықты. Көріп отырғанымыздай, онда жағымды жаңалықпен (NASDAQ индексі жыл басынан бері плюске қайтып оралды) қатар, келеңісіздік те бар. Соңғысына S&P500 индексі бойынша техникалық кескінді жатқызуға болады – онда техникалық талдау теориясында кері өзгеріске әкелетін мықты фигура екені белгілі қосарлы шың көріне бастады. Бірақ кері өзгеріс бола ма, жоқ па, мұны алдағы бірнеше күнде білетін шығармыз.

 

Индекс/тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс, %

DJIA (DJI)

42 427,7

-0,22

S&P500 (SPX)

5 970,81

+0,01

NASDAQ Comp. (IXIC)

19 460,5

+0,32

ITS WORLD (ITSW)

1 318,01

+0,50

ITS Shariah

(ITSS)

1 244,39

-0,11

 

05 маусымда нарықтан не күтуге болады

Бейсенбі күнгі сауда-саттықтың өзіндік ішкі интригасы бар. Оның мәнісі мынада: Америка қор нарығының негізгі индикаторы саналатын S&P500 индексі одан әрі жоғарылап, қалған жарты пайызды еңсеріп 6000 тармақ деңгейіне жете алады ма әлде техникалық талдау дұрыс шығып, нәтижесінде «қосарлы шың» деген кері өзгеріске, демек кезекті түзетуге әкелетін фигура пайда болады ма? Жағдай осыған байланысты болмақ.

Әлемдік қор нарықтарына көз тастасақ, бейсенбі күні таңертеңнен бастап инвесторлардың көңіл-күйі ала-құла, ең дұрысы бейтарап деуге болады. Елең еткізер қимыл байқалмайды, жекелеген индекстер ғана нөл белгісінен сәл-пәл ауытқып қояды – кейбірі кішігірім плюсте, ал кейбірі дәл сондай минуста. Тіпті негізгі американдық индекстерге фьючерстер де басқалармен үйлесе отырып ауытқиды – бастапқыда бір пайызға жетпейтін үлес жоғалтса, біраздан кейін тура сондай шамаға өсіп «жасыл аймақтан» бір-ақ шықты. Сөзің қысқасы, әзірге нарық бір орында тұр және ешқайда асығатын түрі де жоқ.

Бірақ бүгін бірнеше маңызды реперлік нүктеден шығынсыз өтуіміз керек. Ең бастысы, жұмыссыздық жәрдемақысын алуға өтінімдер бойынша әдеттегі бейсенбілік деректердің жариялануы. Әдеттегі дегеніміз – өтпелі дегенді білдірмейді. Иә, соңғы уақытта бұл деректердің маңыздылығы төмендеп, көпшілік назарынан тыс қалды, өйткені АҚШ еңбек нарығындағы жағдай тұрақты болды және ешкімді алаңдатқан жоқ. Дегенмен, осыдан бір апта бұрын жұмыссыздық жәрдемақысын алуға берілген бастапқы өтінімдер саны күрт өсті (бір аптада 240 мыңға дейін), ал кешеі ADP агенттігі жариялаған жаңа жұмыс орындарының саны туралы нашар деректер баршаны алаңдатаныны анық. Еңбек нарығының жағдайы сөзсіз төмендей бастады және бұның ұзаққа жалғасатын өте жағымсыз салдары болуы мүмкін. Сондықтан бүгін баршаның назары Initial Claims бойынша деректерде болады және егер олар жұмыссыздық жағдайының нашарлағанын көрсетсе, нарыққа қатысушылардың жауап реакциясы да өте жағымсыз болуы ықтимал. Дегенмен, осы жерде айта кететін жайт, сарапшылардың болжауынша, жұмыссыздық жәрдемақысын алуға өтінімдер саны өткен аптамен салыстырғанда сәл азайып, 236 мыңға дейін төмендеуі керек. Мұны ескергенде, жүрегіміз сәл тынышталғандай болады.

Сонымен қатар, бүгін инвесторлар екі өте қызықты компания – чип өндіретін алып Broadcom (AVGO) және сәнді спорт киімінің ритейлері LuluLemon (LULU) компаниясының жаңалықтарын мұқият бақылаумен болады. Аталмыш қос компания финалдық гонг соғылғаннан кейін өздерінің тоқсандық есептілігін жариялайды да, ол инвесторлардың көңіл-күйіне әсер етуі мүмкін. Бұл әсіресе Broadcom есептілігіне қатысты нәрсе, өйткені ол нарыққа қатысушыларға озық жасанды интеллект чиптеріне сұраныс жағдайына жаңа көзқарас ұсынады.

Кейбір инвесторлар бизнестің ЖИ-ге жасалатын шығынын қысқартуы мүмкін деп алаңдаушылық білдереді, себебі оған қатысты экономикалық болжам анық емес. Бұған қоса, Қытайдың DeepSeek компаниясы жасайтын қымбат емес модельдің пайда болуы да шығын қысқартылуы мүмкін екенінен хабар береді. Бұл да инвесторларды алаңдатып отыр. Бірақ соңғы уақытта ірі технологиялық компаниялар жасанды интеллект технологиясына қомақты инвестиция салу жоспарының бар екенін растады.

Наурыз айында Broadcom компаниясының бас директоры компания екінші тоқсанда өзінің AI жартылай өткізгіштерінен 4,4 миллиард доллар кіріс алады деген болжам айтып, инвесторлардың алаңдаушылығын сейілтуге тырысты. Айтуынша, бұған деректерді өңдеу орталықтарына арналған AI пайдаланушы чиптеріне ақша салатын гипер масштабталатын клиенттер ықпал етеді. Бұл шынымен солай ма, жоқ па – мұны компанияның бүгін шығатын тоқсандық есептілігі көрсетуі керек.

Осының бәріне сүйене отырып, бүгін маңызды және шиеленісті сауда-саттық күні болады деп айтуымызға болады, себебі сатып алушылардың нарықты жаңа биікке жеткізуге талпынатынын көруіміз әбден мүмкін. Бірақ бұл міндетті атқаруға шамасы келеді ме, жоқ па – мүлдем белгісіз.