2025 жылғы 18 маусымдағы сауда қорытындылары

«Белгісіздік азайғанымен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр» – АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) төрағасы Джером Пауэллдің FOMC (Ашық нарықтар жөніндегі комитет) отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында айтқан дәл осы сөзі нарық қатысушыларына ұнамай қалды. Комитет пайыздық мөлшерлемені тағы да өзгеріссіз – 4,25-4,50% деңгейінде қалдырған еді. Осыдан кейін нарықта шағын ғана дүрбелең туындап, кейбір инвесторларды үрейге салған қысқа мерзімді жаппай сату толқыны болды. Алайда бұл құбылыс америкалық стильде – хэппи-эндпен, дәлірек айтқанда, нөлге жуық көрсеткіштермен аяқталды.

Ал сәрсенбі күні нарық өседі деген үміттер аз болған жоқ. Таңертеңнен бастап негізгі америкалық индекстерге арналған фьючерстер бірнеше ондық пайызға жоғарылады. Сауда сессиясы басталғанға дейінгі уақыт азайған сайын баға белгіленімдері де шарықтай түсті. Сауда ашылғаннан кейін барлық индекстер сенімді және серпінді түрде жоғары қарай қозғалды, тіпті бұл өсім бір күн бойы жалғасатындай көрінді. Алайда «бұқалардың» қуаты ұзаққа бармады: сауда басталғаннан кейін бір сағат шамасында нарықта пайданы тіркеу (фиксация) толқыны жүріп, баға белгілері баяу, бірақ тұрақты түрде төмендей бастады. FOMC шешімі жарияланған сәтке (Астана уақытымен 23:00-де) дейін индекстер тек 0,2-0,3% шамасында ғана өсім көрсетті. Сосын сахнаға Пауэлл мырза шықты. Ол ешқандай жаңа ақпарат айтпады, бірақ инвесторлар әдеттегі жігерлендіруші риториканы да ести алмады. Белгісіздік, белгісіздік және тағы да белгісіздік. Бұл, байқасаңыз, оптимизмге толы сөздер емес. Сондықтан да сауда нәтижелерінің «нөлге жақын» аяқталуы ешкімді таңқалдырмауы тиіс.

Салалық деңгейде де, шын мәнінде, сондай бқлыңғыр көрініс байқалды. 11 сектордың 5-еуі сауданы аздаған өсіммен аяқтаса, 6-ауы дәл сондай шамалы төмендеумен күнді жапты. Күн қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен – қаржы компанияларының акциялары, олар +0,37% өсім көрсетті, ал ең әлсіз нәтиже – энергетика секторына тиесілі, бұл саладағы акциялар орта есеппен -0,73% жоғалтты. Әрине, бұл көрсеткіштердің ешқайсысын ерекше деп айтуға келмейді.

Ал ITS индексі тобы сәрсенбідегі сауда қорытындысы бойынша әртүрлі бағытта қозғалды. Жаһандық компаниялар индексі ITS World (ITSW) үштен бір пайызға төмендесе, исламдық қағидаларға негізделген ITS Shariah (ITSS) керісінше, дәл сондай көлемде өсім көрсетті. Көп емес, бірақ жағымды.

ITSS индексін плюс аймағына шығарып берген – жетекші технологиялық компаниялардың акциялары болды. Айта кету керек, ITSS индексінің портфеліне кіретін 30 компанияның 18-і сауда күнін минуспен аяқтады. Алайда олар мынадай компаниялардың көрсеткен өсімін баса алмады: Oracle (ORCL), Cisco Systems (CSCO), NVidia (NVDA), Broadcom (AVGO) және тағы басқа бірқатар ірі эмитенттер. Бұл атаулардың өзі – «атына заты сай». Ең бастысы – егер экономика өсімінің негізгі драйверлері саналатын компаниялардың акцияларына сұраныс сақталып отырса, бұл инвесторлардың ертеңгі күнге сенім білдіруін білдіреді және әзірге Пауэлл мырзаның «белгісіздік» туралы сөздері оларды аса қорқыта қойған жоқ.

Ал ITSW жаһандық компаниялар индексінің сәрсенбі күні «аяғынан шалғандар» – әлемдік деңгейдегі төлем карталарын шығаратын алпауыт эмитенттер – MasterCard (MA) және Visa (V) болды. Бұл екі компанияның акциялары сәйкесінше -5,39% және -4,88% төмендеді, себебі АҚШ Сенаты стейблкойн шығаратын компаниялар үшін нормативтік базаны қарастыратын GENIUS заңын қабылдады. Аталған заңға сәйкес, стейблкойндардың эмитенттері өздері шығарған монеталардың құнына сай доллар, қазынашылық бағалы қағаздар немесе қауіпсіз деп танылған басқа да активтерді сақтауға міндетті болады, бұл өз кезегінде цифрлық активтердің күйреуінен қорғанысты қамтамасыз етеді.

Тиісінше, инвесторлар бұл заңды үлкен қызығушылықпен қабылдап, бірден криптовалютамен байланысты компаниялардың акцияларын сатып ала бастады. Мысалы, АҚШ-тағы ең ірі криптовалюта биржасының операторы Coinbase Global (COIN) компаниясының акциялары S&P500 индексінде күннің үздігі атанып, бірден 16%-ға өсті! (Айта кетейік, бұл акциялар ITS алаңында да саудаланады). Алайда таяқтың екі ұшы бар демекші, сарапшылардың пікірінше, қабылданған заң төлем карталарын айналып өтіп төлем жасауға жол ашады, ал бұл өз кезегінде Visa және MasterCard сынды жетекші карточкалық операторлардың бизнесіне әсер етпей қоймайды. Міне, осындай «инвестициялық физика» – бір жерде өссе, екінші жақта міндетті түрде төмендейді.

Жалпы алғанда, нарық әзірге қатаң бүйірлік қозғалыс шеңберінде қалып отыр және ешқандай жаңа оқиға орын алған жоқ. Белгісіздік – сол күйінде.