2025 жылғы 11 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы
Көптеген сарапшы болжағандай, сейсенбідегі сауда-саттық тыныш өтті және тіпті барлығы біршама дәрежеде зерікті деуге болады. Өткен күннің басты оқиғасы АҚШ ФРЖ (Федералдық резерв жүйесі) Төрағасы Джером Пауэллдің ел Конгрессінде өзінің жарты жылдық есебімен сөз сөйлегені болды. Көпшілік қауым Пауэлл мырза ФРЖ болашақ АКС (ақша-кредит саясатына) қатысты қандай да бір мәлімдеме жасайды деп күткен еді, бірақ ол өзіне тән шеберлікпен бұл мәселені айналып өтіп, сөзінің негізгі бөлігін ипотекалық кредиттеу проблемаларына және аясы одан да тар нәрсе – осы саладағы сақтандыру проблемаларына арнады. Оған көңілі қалған нарыққа қатысушылар кейісін кішігірім сатылым жасап білдірді. Бірақ аталмыш сатылым шынында да мардымсыз әрі қысқа болды. Бір сағаттың ішінде бәрі де саябырланып, қағаздардың баға белгіленімі бастапқы позициясына оралды. Осыған орай айта кету керек, кешегі бастапқы позиция нөл белгісі болды, финалдық гонг соғылғанға дейін жалғасқан сауда-саттықтағы «бұқалар» мен «аюлар» арасындағы күрестің мәні де осы еді. Сондықтан сейсенбінің қорытындысына қарап ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ. Dow Jones (DJIA-30) индексі кеше аздаған плюспен (+0,28%), NASDAQ Composite индексі аздаған минуспен (-0,36%) жабылды, ал S&P500 кең нарық индексі бұл күнді нөлмен (+0,03%) аяқтады. Тоқыраудың аты тоқырау.
Оның есесіне ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі «жарайтынын» көрсетті. Оның өсімі де аз болғанымен (+0,18%), ол өзінің тарихи максимумдарын – абсолюттісін де, нарық жабылатын кездегісін де сәтімен жаңарты. Индекс портфеліндегі күштердің арасалмағы назар аударарлық болды. Сейсенбінің қорытындысы бойынша өсу мен құлдырау белгілерін көрсеткен акциялардың арасалмағы тең дерлік болып шықты – 26 акция күнді плюспен, 23-і минуспен аяқтады. Бір қызығы, күннің басты қаһармандары да, жолы болмаған бейбақтары да автомобиль компанияларының акциялары еді. Әйгілі Ferrari компаниясының акцияларының құны (RACE,+3,07%) кеше барынша өсті. Жүйрік ат шапқан сайын үдей береді демекші, Ферраридің көш бастағаны заңдылық. Ал көштен қалғандардың қатарында автомобиль жасайтын екі танымал компания – Қытайдың Li Auto (LI,-4,93%) және Tesla-ның (TSLA,-6,34%) акциялары болды. Бұл компанияның екеуі де баршаға әйгілі, бірақ акциялары желтоқсан айының ортасынан бері құлдырап бара жатқан және осы уақыт ішінде құнының үштен бір бөлігін жоғалтқан Tesla үшін бұл қынжыларлық жағдай. Мамандардың пікірінше, мұндай жағымсыз жағдайға басты себеп болған Илон Масктың өзі, өйткені ол соңғы кезде өзінің негізгі жұмысына дұрыс көңіл бөлмей, оның орнына Марсты жаулап алудан бастап X әлеуметтік желісіне дейін әртүрлі басқа жобаларға уақытын кетіріп жүр. Оның үстіне ол Трампқа жаңадан құрылған DOGE департаменті шеңберіндегі мемлекеттік құрылымдарды қайта ұйымдастыруға көмектесуге тырысып жүр. Осындай жағдайда Tesla өзінің позициясынан айырыла бастағаны анық. Бұл әсіресе Қытайдағы сатылым құлдырап, пилотсыз көлік жобасы тоқтап тұрғанда айға таңба басқандай көрініп тұр.
Tesla акцияларының кешегі көрсеткіштері ITSW жаһандық нарық индексінде ғана емес, сондай-ақ ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінде де ең нашар болды. Бағасы жоғарылап жатқан бағалы қағаздардың саны минуспен жабылғандарға қарағанда көп болғанына қарамастан (18 және 12), бұл индекс күннің соңына дейін плюсқа шыға алмай, мардымсыз -0,1% ғана жоғалтты. Бұл ретте Coca-Cola (KO,+4,73%) акцияларының баға белгіленімі ең тәуір болды, кеше сауда-саттық басталғанға дейін компания тоқсандық есебін жариялағаннан кейін оған инвесторлардың сұранысы айтарлықтай жоғарылады.
Барлық бағыт бойынша жақсы нәтижелер жарияланғаннан кейін Coca-Cola акцияларының құны айтарлықтай өсті. Coca-Cola команиясының төртінші тоқсандағы кірісі бір жыл ауқымында есептегенде 6,5% өсті, ал бір акцияға шаққандағы түзетілген пайдасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 12% ұлғайды. Осы орайда валютаға түзетілген операциялық пайдасы өткен жылдың 4-ші тоқсанымен салыстырғанда 22% өсті. Coca-Cola компаниясының бір тоқсандағы нәтижесінің күтілгеннен де жақсы болғанына, негізінен, бағаның жоғарылауы және негізгі географиялық сегменттердегі жоғары көрсеткіштері себеп болды. Сонымен қатар компания өнімдерінің негізгі санаттарында нарықтың үлесін айтарлықтай арттыра алғанын және маржаны сәтті жоғарылатып отырғанын хабарлады. Бұл сусын өндірісінің жаһандық көшбасшысы үшін табысты тоқсан болғаны анық, оның үстіне компания басшылығы 2025 жылға арналған болжамы да жақсы үміт ұялатады.
Сейсенбі күнін қорытындылай келе, нарыққа қатысушылардың негізгі бөлігі қандай да бір белсенді әрекет жасауға асықпай, сәрсенбіде сауда-саттық басталмас бұрын тұтынушылық инфляция бойынша деректер шыққанға дейін аңысын аңдауды жөн көріп отырған сияқты деп атап өтуге болады.