Жасанды интеллект қызметі жаңылды

Өткен апта осы жылдың басынан бері нарықта байқалып отырған барлық процестердің табиғи жалғасы болды. Бір жағынан, нарыққа қатысушылар біртіндеп жоғары технологиялы компаниялардың акцияларынан айнып барады. Әрине, бұл акциялардың баға белгіленімдеріне де, салалық көрсеткіштерге де және жалпы NASDAQ индексіне де жағымсыз әсер етуде. Мәселен, өткен аптаның қорытындысы бойынша артта қалғандар қатарына 2025 жыл бойы негізгі өсу драйверлері болған секторлар қосылды, атап айтқанда, бұл Communication Services (аптаның қорытындысы бойынша -2,79%) секторы, бір аптаның ішінде 1,72% жоғалтқан Consumer Cyclical секторы және ақырында, орташа шығыны 1,19% болған технологиялық сектор. Бұл көп емес сияқты көрінуі мүмкін, бірақ сайып келгенде, мұның нәтижесінде NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің көрсеткіші жетекші американдық индекстердің арасында ең нашар болды – осы уақытта ол өз құнының 2 пайызынан астамын (-2,10%) жоғалтты. Бірақ басқа индекстердің жағдайы әлдеқайда жақсы деп те айтуға болмайды. Барлығы да шығынға ұшырады: Dow Jones (DJIA-30) индексі және Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі сәйкесінше -1,23% және -1,39%, төмендеп, тарихи максимум көрсеткіштерінен сәл шегінді. Бұл инвесторлар бигтех компаниялардың қағаздарынан жаппай бас тарқанымен, экономиканың қорғаныс секторларындағы акцияларды айтарлықтай құлшына сатып алып жатқан кезде болған жағдай. Осы орайда коммуналдық қызмет саласы мен электр энергиясы секторында жұмыс істейтін компаниялардың акцияларына ең үлкен сұраныс байқалды, онда Utilities секторының ғана бір аптадағы орташа өсімі +6,28% құрады. Шикізат және энергетика компаниялары акцияларының да жағдайы тамаша болды – ондағы орташа өсім сәйкесінше +3,81% және +2,4% құрады.

Солай болғанымен, қазіргі уақытта технологиялық секторлардағы негатив қорғаныс саласының активтеріне деген сұраныстан басым болып отырғанын көріп отырмыз. Демек, нарық баяу, бірақ анық құлдырап барады. Бірақ та бұның нарыққа шешуші әсері жоқ, индекстер өздерінің тарихи максимум деңгейлеріне жақын тұр — әзірге 3 жылдан астам уақытқа жалғасқан ұзақ мерзімді өрлеме трендтің кері қайтуы туралы әңгіме жоқ.

Дегенмен жағдайдың түбегейлі өзгергенін де мойындау керек. Жыл басынан бері көптеген софтвер компаниялары акцияларының бағасы айтарлықтай төмендегеннен кейін, жаңа жасанды интеллект құралдары әртүрлі салаға, соның ішінде сақтандыру, капиталды басқару және көлік саласына айтарлықтай қысым жасайды деген алаңдаушылық күрт күшейді.

Riley Wealth компаниясындағы бас нарықтық стратег Арт Хоган қалыптасқан жағдайды «Көртышқанның соққысы» атты ойынға ұқсатып отыр, өйткені инвесторлар «ендігі кезекте ЖИ әлемде нені жоятынын» түсінуге тырысып жатыр, «өйткені бұл технологияның жаңа екендігі соншалық, жасанды интеллект бүкіл әлемді жұтып қоюы мүмкін». «Бәлкім олай емес шығар, бірақ дәл қазір біз осындай жағдайға тап болдық» - деп сөзін жалғатырды ол.

Бұл ретте осы жылдың басында нарыққа қатысушылардың алуан түрлі салалардың перспективасына қатысты болжамы өткен жылдың басым бөлігінде байқағанымыздан өзгеше екенін атап өту маңызды – ол кезде ЖИ-ге байланысты пайда мен капитал шығысына қатысты оптимизм акциялардың кең қатарының өсуіне қолдау болды. Ал қазіргі таңда ЖИ-ге қатысты мұндай анық хайп жоқ.

 

Индекс/Тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

49 500,93

+0,10

S&P500 (SPX)

6 836,18

+0,05

NASDAQ Comp. (IXIC)

22 546,67

-0,22

ITS WORLD (ITSW)

1 564,83

-0,49

ITS Shariah (ITSS)

1 489,70

-0,68

 

16 ақпандағы нарық болжамы

Басталып отырған апта Америка нарығы үшін қысқа болса да (дүйсенбіде Washington's Birthday немесе Президенттер Күні атап өтіледі), бұл оның еш нәрсеге әсер етпейтін елеусіз күн болатынын білдірмейді. Қайта керісінше, көптеген инвестор қазіргі уақытта терең ойға шомса, нарықтың әрі-сәрі күй кешіп отырғаны анық. Сондықтан нарықтың айқынырақ қозғалысқа көшуіне қозғау салатын маңызды белгілер кез келген уақытта пайда болуы мүмкін.

Тапжылмай тұрып алған нарықтың алға басуына не түрткі болуы мүмкін? Біріншіден, әрине, бұл макроэкономикалық деректер. Дегенмен, негізгі деректер аптаның соңында ғана шығады: жұма күні ФРЖ үшін тұтынушылық инфляцияның негізгі индикаторы болып табылатын PCE тұтыну бағаларының индексі жарияланады. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлік саласы бойынша көптеген дерек шығады. Онда біз жаңа құрылысқа берілген рұқсаттар санын да, басталған құрылыстың көлемі (сәрсенбі күні), сондай-ақ қаңтар айының қорытындысы бойынша жаңа үйлердің сатылым көрсеткіштерін көреміз. Негізі, құрылыс бойынша деректер экономиканың жалпы жағдайын алдын ала көрсететін индикаторлар болып есептеледі. Сондықтан бұл деректер кез келген жағдайда талдаушылар мен инвесторлардың жіті назарында болады.

Сонымен қатар корпоративтік есептілік маусымын да ұмытпаған жөн. Ол аяқталуға жақындап қалғанымен, жекелеген компаниялардың есептілігі нарыққа қатысушылардың көңіл-күйіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Жаңа басталған аптада нарық бейсенбі күні сауда-саттық басталмас бұрын жарияланатын әлемдік офлайн-ритейл көшбасшысы – Walmart Inc. (WMT) компаниясының есептілігін тағатсыздана күтуде. Инвесторлар 2025 жылдың соңғы тоқсанының қорытынды жақсы шығады деп болжап отыр. Бұл нәтижелер шынымен де нарыққа қатысушылардың барлығының үмітін ақтайды деп сенуіміз керек. Сонымен қатар алтын өндіру саласының алпауыты Newmont Corp. (NEM), сондай-ақ әлемге әйгілі пилотсыз жүретін ақылды тракторлар мен басқа да ауылшаруашылық техникасын өндіруші Deere (DE) компаниясының есептілігі де назар аударарлық.

Осы аптаның басына келетін болсақ, дүйсенбі тыныш режимде өтеді. Жоғарыда айтқанымыздай, АҚШ Президенттер Күнін тойлайды, ал Қытай нарығы Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл басталуына орай ұзақ демалысқа шықты. Сондықтан негізгі оқиғалар аптаның соңына қарай – құбылмалылық айтарлықтай күрт өседі деп күтуге болатын кезде орын алады. Бірақ мұның аяғы қандай болатыны әзірге мүлде беймәлім.