2025 жылғы 5 наурыздағы сауда-саттықтың қорытындысы

Өткен сәрсенбі нарықтағы жағдайдың тұрақсыздығын айдай анық көрсетті. Атап өтетіні, баға белгіленімі бірнеше апта бойы құлдырағаннан кейін инвесторлар кез келген нәрсеге дайын және олардың көңіл-күйін аса оптимистік деп айтуға болмайды. Оның үстіне, жалпы оптимизмге негіз де жоқ. Ал кеше негізгі сауда-саттық басталмай тұрып, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді демекші, онсыз да жетісіп тұрғаны шамалы жағдайды макро статистика деректері нашарлата түсті – ADP агенттігі ауылшаруашылық емес секторда жаңа жұмыс орындарының болжанғаннан аз өскені туралы хабарлады (болжам бойынша 141 000 жұмыс орны болса, іс жүзінде 77 000). Сондықтан кеше сауда-саттықтың басы қатты құлдыраусыз, нөлге жақын белгілерде өткені тіпті таң қалдырады. Алайда, әділдік үшін айта кететіні, құлдырату әрекеті жасалды, бірақ нарықтың «бұқалары» әр жолы оларды кері серпіп, индекстерді оң белгісі бар аумаққа тартты.

Дегенмен, АҚШ президенті Дональд Трамп кейбір автоөндірушілерді Канада мен Мексикадан импортталатын тауарларға енгізілетін 25% баждан босатады, сондай-ақ ол қосымша жеңілдік қарастыруға дайын деген ақпарат шыққаннан кейін нарыққа біршама оптимизм толқыны келді. Әлбетте, жетекші автоөндірушілердің акциялары бұл жаңалыққа бірден жауап беріп, тез арада «алыстағы ғарышқа» зымырай бастады. Мәселен, Мексика мен Канададан келетін импортқа ең тәуелді General Motors (GM,+7,21%) компаниясы акцияларының баға белгіленімдері сауда-саттық барысында 9%-ға, ал Ford Motor (F,+5,81%) акциялары 6%-ға жақындап шарықтады. Қызметі АҚШ-пен көршілес елдерге ең аз дәрежеде тәуелді Tesla (TSLA,+2,60%) акциялары ғана олармен бірге өсіп 2 пайыздан сәл ғана асатын белгіге жоғарылады.

Бірақ қалай болғанда да, бұл позитив нарықтағы көңіл-күйдің жақсаруына түрткі болды және күннің екінші жартысы әлдеқайда көңілді және оптимистік жағдайда өтті. Сайып келгенде, барлық жетекші американдық индекстер бұл күнді анық плюсте жапты және соңғы бірнеше күнде жинақталған шығынды ішінара өтеді.

Әлбетте, күннің екінші жартысында байқалған жағымды көңіл-күй ITS тобының индекстеріне де әсер етті. Кешегі күннің қорытындысы бойынша +1,88%, яғни 2 пайызға дерлік өскен ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі әсіресе жақсы болды. Соңғы апталарда әдетке айналғандай, өсудің негізгі драйверлері мүлде американдық компаниялар болған жоқ. Күннің TOP-10 үздік акцияларының қатарында бір ғана американдық компанияның Microsoft (MSFT,+3,19%) акциялары бар. Соның өзінде ол осынау құрметті тізімде 8-орында ғана тұр. Ал үздік болып, әрине, қытай компаниялары –– Alibaba (BABA,+8,61%) және JD.com (JD,+6,86%) атанды. Акцияларының баға белгіленімі бір аптаға жалғасқан әбден түсінікті және болжауға болатын 10 пайыздық түзетуден кейін әп-сәтте құлдырауын қойған және одан әрі жаңа шыңдарға көтерілуге ​​дайын сияқты болып көрінетін Alibaba жағдайы ерекше қуантады.

Қытай компанияларынан басқа, Еуропаның да бірқатар компаниясы өздерін өте сенімді сезінеді. Айталық, ITSW индексіне жаңадан келіп қосылған және акциялары портфельге бір ай бұрын ғана енгізілген Израильдің WIX.com Ltd. компаниясының (WIX,+4,91%) акцияларының баға белгіленімдері кеше оның мықты есептілігі шыққаннан кейін қалыптасқан желтоқсандағы айырманы жапқаннан соң 5% жуық өсті. Сондай-ақ кеше Швейцарияның банктік алпауыты UBS Group AG (UBS,+2,76%) акцияларына сұраныс жақсы болды, мұнда Директорлар Кеңесінің жаңа мүшелерінің тағайындалуы акциялардың сатып алынуына түрткі болды. «Қан жаңарту» артық болмайды және оң әсерін тигізеді. Қазір бұл банктің акцияларын сатып алып жатқан инвесторлардың ойы осындай сияқты.

ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексіне келетін болсақ, мұндағы өсім ITSW индексіндегідей әсерлі болмады және бір пайызға да жетпей +0,24% шектелді. Бұл индекстің құрамында үздік нәтиже көрсеткен Америка экономикасының екі тірегі болды: біріншісі өнеркәсіптік – Caterpillar (CAT,+3,59%) және екіншісі технологиялық тірек – жоғарыда аталған Microsoft (MSFT).

Инвесторларды әсіресе Caterpillar риза етті. Соңғы апталарда оның акцияларының жағдайы өте нашар болатын. Және де олардың құлдырауының себебі әбден түсінікті еді. Әрине, бұл Мексика мен Канададан импортталатын тауарларға 25 пайыз баж енгізудің күшіне енуі, сонымен қатар Қытайдан келетін тауарларға тарифтің 20% дейін көтерілуі. Әлбетте, мұның әсері өте жағымсыз, өйткені Caterpillar сату және операциялық қызмет саласының шынайы халықаралық компаниясы болып табылады. Компанияның АҚШ аумағынан тыс жерде жұмыс істейтін қызметкерлерінің саны (61 400) АҚШ-тағы қызметкерлерінен (51 500) көбірек және де оның қызметтің барлық бағыттары бойынша жергілікті және аймақтық нарықтарда бәсекелесі өте көп.

Осылайша, сауда жанжалының өршуінен Caterpillar өнімдері жауап ретінде енгізілген тариф шараларына байланысты бәсекеге қабілетсіз болуы мүмкін. Бұған қоса, Caterpillar компаниясының дүние жүзінде көптеген өндіріс орны, соның ішінде Қытай мен Мексикада зауыттары бар. Тарифтің көтерілуі осы зауыттарда өндірілетін компоненттер құнының артуына әкелуі ықтимал, бұл өз кезегінде пайда нормасын азайтады. Ендеше, көріп отырғанымыздай, инвесторлар кейбір автоөндірушілерді баж салығынан босату ниеті туралы кешегі мәлімдемені құрылыс, жол салу және тау-кен өндіру техникасын әлемдік жетекші өндірушінің акцияларына қатысты өте позитивті қабылдады.

Ал жалпы, сәрсенбі күнгі сауда-саттық сессиясының позитивті жабылғанына қарамастан, нарықтағы жағдайдың өзгергені шамалы. Индекстер өздерінің маңызды қолдау деңгейлеріне жақын тұр, жалпы жағымсыз жағдай еш жойылған жоқ және инвесторлар әлі де ендігі беталыс – жоғары немесе төмен бе деп басы қатып, әрі-сәрі күй кешіп отыр. Бұл нарықтағы мәңгілік мәселе екені түсінікті, бірақ бұдан жағдай жақсара қоймайды. Үрейлілік деңгейі өте жоғары және кешегі сауда-саттықтан кейін VIX қорқыныш индексі шамамен 7% төмендегенімен, ол бәрібір 20 тармақ белгісінен жоғары тұр, мұның өзі нарықта құбылмалылық пен белгісіздік деңгейінің жоғары екенінен хабар береді.