2025 жылғы 15 қаңтардағы сауда қорытындысы

Күтілгендей, сәрсенбі күнгі сауда-саттық өте қарқынды, тіпті дүрбелеңге толы болды. Инвесторлардың барлық оқиғаларға сабырлы қарап, алаңдамауы қиын болды. Бақытымызға орай, сәрсенбіде орын алған барлық оқиғалар жағымды сипатқа ие болып, инвесторлардың көңіл-күйін жақсартты.

Біріншіден, нарық қатысушылары тұтыну инфляциясы бойынша жарияланатын деректерге қатты алаңдады. Инфляцияның өсуі мүмкін деген күдік бостан босқа да болмаған еді, өйткені соңғы айларда дәл осыны байқап келдік. Алайда, желтоқсан айында инфляцияның өсу қарқыны айлық есепте 0,3%-дан 0,2%-ға, ал жылдық есепте 3,3%-дан 3,2%-ға дейін баяулады. Бұл көрсеткіштерді нарық қатысушылары қуана қабылдады.

Бірақ инвесторларды одан да көп қуантқан АҚШ-тың жетекші банктерінің есебі болды. Сауда-саттық басталғанға дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, ең ірі американдық банк JPMorgan Chase (JPM, +1,97%) 2024 жылы рекордтық 58 миллиард доллар таза пайда тапты. Бұл көрсеткіштерге Wells Fargo Company (WFC, +6,69%) және Citigroup (+6,49%) банктерінің де есебі сай болды.

Банктік сектор күн қорытындысы бойынша көшбасшы болғанымен, өсу тек осы сектормен шектелген жоқ. Банктердің жақсы есептілігі нарық қатысушыларының көңіл-күйіне оң әсер еткені соншалық, олар жаппай акцияларды сатып алуға кірісті. Нәтижесінде барлық экономикалық сектор сәрсенбі күнгі сауданы оң көрсеткіштермен аяқтады.

АҚШ-тың жетекші индекстері де айтарлықтай өсті: Dow Jones (DJIA-30) индексі +1,65%, S&P500 кең нарық индексі +1,83%, ал жоғары технологиялық компаниялардың NASDAQ Composite индексі +2,45% өсім көрсетті.

Мұндай шағын хайп жағдайында ITS индексінің отбасы да шетте қалған жоқ. Екі индекстің құрамына банктердің акциялары кірмесе де, бұл олардың сауда күні қорытындысы бойынша айтарлықтай өсім көрсетуіне кедергі келтірмеді. Осылайша жаһандық нарық индексі ITS World (ITSW) 1,58%-ға өсті, ал исламдық бағалы қағаздар индексі ITS Shariah (ITSS) 2%-дан астам өсім көрсетті (2,04%).

Бұл ретте, сәрсенбінің нәтижелерін салалық тұрғыдан талдайтын болсақ, онда дәл АҚШ нарығындағыдай, өсім барлық бағыттарда байқалып, индекстерге кіретін барлық дерлік акцияларға әсер етті. Мысалы, ITSW индексіне кіретін 50 акцияның тек 6-ы ғана сауда күнін теріс аймақта аяқтады. Бұл 6 акцияның тек екеуі америкалық компанияларға тиесілі болды: Procter & Gamble (PG, -0,06%) және UnitedHealth (UNH, -0,06%). Бұл компаниялардың шығындары қатты үлкен болмады және бұл жалпы нәтижеге айтарлықтай әсер еткен жоқ. Ал қытайлық ойын алпауыты NetEase (NTES, +8,22%) және теңдессіз Tesla (TSLA, +8,04%) бір күнде 8%-дан астам өсім көрсетіп, индекстердің шағын түзетуден кейін қайтадан жоғары көрсеткіш жасауына өз үлесін қосты.

ITSS исламдық бағалы қағаздар индексінде де көшбасшылардың қатарында Tesla болды. Бірақ бұл жерде оған қолдау көрсеткендер қытайлықтар емес, медициналық жабдықтарды өндіруде көш бастап тұрған Intuitive Surgical Inc. (ISRG, +7,65%). Бұл компанияның акциялары да шамамен 8%-ға өсті.

Сәрсенбіде байқалған өсімнен кейін бұл қозғалыстың жалғасатынын болжау қиын. Дегенмен, егер америкалық бизнес 4-тоқсан бойынша және жалпы 2024 жыл қорытындысы бойынша банктер сияқты табысты есеп беруді жалғастыратын болса, бұл әрі қарай өсуге және жаңа тарихи максимумдарға шығуға мықты ынталандыру болары сөзсіз.