Нарық қатысушылары одан әрі өсу идеяларын іздеу үстінде

Өткен аптаның қорытындылары жетекші америкалық индекстердің тарихи максимумдарын қайта жаңартқанына қарамастан, көптеген нарық қатысушылары болжамдағандай сенімді көрінбеді. Себебі нарықтағы жалпы оң көңіл-күй байқалмай қалды. Егер Amazon (AMZN) компаниясының керемет тоқсандық есебі болмағанда, оның акциялары ақырында 10%-дан астамға өсіп, NASDAQ индексін жаңа рекордтық деңгейге шығарғанын ескерсек, жалпы көрініс, бәлкім, әлдеқайда көңілсіз болар еді.

Нарық қатысушыларының осындай көңілсіз күйге түсуіне негізінен АҚШ Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) әсер етті. FOMC отырысынан және мөлшерлеменің тағы 0,25 пайыздық пунктке төмендеуі жөніндегі болжамнан кейін ФРЖ мүшелері өз пікірлерінде бірауыздан «жағдай толық айқын емес» екенін айтып, желтоқсан айында мөлшерлеме тағы төмендей ме, жоқ па – әзірге белгісіз екенін мәлімдеді.

Бұған қоса, жұма күні екі федералдық судья Дональд Трамп әкімшілігіне үкімет жұмысының тоқтап тұрған кезеңінде (Shutdown) миллиондаған америкалықтарға азық-түлік көмегін тоқтатуға болмайды деген шешім шығарды. Судьялар үкіметке жәрдемақыларды төлеу үшін резервтік қорларды пайдалануды міндеттеді. Бұл шешім президент Трамп пен оның әкімшілігінің керісінше – Үкіметтің жұмысы тоқтап тұрған сәтте азық-түлік көмегі бағдарламасын (Supplemental Nutrition Assistance Program немесе SNAP) тоқтату ниетіне қарамастан қабылданды. Осы жаңалық фонында азық-түлік жеткізумен байланысты компаниялардың акциялары күрт арзандап, Consumer Defensive секторы апта қорытындысы бойынша ең әлсіз сектор болды. Мұнда орташа шығын деңгейі –3,7% құрады.

Жалпы, индекстердің өсуіне қарамастан, апта қорытындысында 11 экономикалық сектордың тек төртеуі ғана оң аймақта аяқтады. Ал ең үздігі, әрине, технологиялық сектор болды – мұнда орташа өсім 2 пайыздан асып (+2,21%) тіркелді.

Абырой болғанда, макроэкономикалық деректердің болмауы жағдайында инвесторлар толығымен тоқсандық есептілікке назар аударды. Қазіргі кезде америкалық бизнес жалпы алғанда жақсы нәтижелер көрсетіп отыр, және нарық дәл осының арқасында өсуде. LSEG деректеріне сәйкес, өткен апта қорытындысы бойынша S&P 500 индексіне кіретін 315 компанияның есептері жарияланды, олардың 83,2%-ы аналитиктердің болжамдарын асыра орындаған. Бұл тарихи орташа көрсеткіштен (шамамен 67%) едәуір жоғары.

Соған қарамастан, нарықта алғашқы баяулау белгілері байқала бастады, әрі бұл процесстер сауда айналымының артуымен қатар жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жасанды интеллект (ЖИ) айналасында шамадан тыс үрленген «көпіршік» туралы әңгімелер жиілеп кетті. Өткен аптада осы көпіршікті айқын көрсететін тағы бір маңызды оқиға орын алды – NVidia (NVDA) компаниясының капитализациясы бір сауда күні нәтижесінде 5 трлн доллардан асып, Германияның ЖІӨ-ден де жоғары болды (әрине, мұндай салыстыру нақты емес, бірақ символдық мағынасы бар!). Сондықтан алдағы уақытта инвесторлар пайдасын бекітуге кірісіп, спекулянттар нарықты түзетуге бағыттап төмендетуге тырысуы әбден мүмкін. Алайда бұл әрекет сәтті бола ма – әзірге мүлде түсініксіз.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

47 562,9

+0,09

S&P500 (SPX)

6 840,20

+0,26

NASDAQ Comp. (IXIC)

23 725,0

+0,61

ITS WORLD (ITSW)

1 526,11

-0,94

ITS Shariah (ITSS)

1 541,73

-0,14

 

03 қарашаға нарық болжамдары

Ағымдағы апта маңызды әрі мазасыз болмақ. Себебі ресми макроэкономикалық деректердің болмауы жағдайында олардың маңызы күрт артып келеді. Сондықтан үкіметке қатысы жоқ ADP агенттігінің еңбек нарығына қатысты деректерін барлығы ерекше қызығушылықпен күтуде. Бұл мәліметтер сәрсенбі күні, сауда басталғанға дейін жариялануы тиіс. Сол деректердің нәтижесіне қарай нарық қатысушыларының көңіл-күйі мен жалпы нарықтың динамикасы айқындалмақ.

Инвесторлар үшін шешім қабылдауда басты тірек болып келген есептілік маусымы өз межесінен асты – S&P 500 индексіне кіретін компаниялардың шамамен 65%-ы есеп беріп үлгерді. Сондықтан бұл фактор біртіндеп өз ықпалын жоғалта бастайды. Оның үстіне нарыққа әсер ете алатын ірі компаниялар (сол «Керемет жетіліктің» 7 мүшесінің 6-уы) өз нәтижелерін жариялап қойған. Алдағы күндері есептерін ұсынатын қызықты әрі маңызды компаниялар қатарында Advanced Micro Devices Inc (AMD) және Qualcomm, Inc (QCOM) бар. Біріншісі – сейсенбі күні сауда жабылғаннан кейін, екіншісі – бір тәулік кейін жарияланады.

Азия нарығынан да айтарлықтай қолдау күтуге болмайды. Соңғы апталарда Жапония нарығы бәрін қуантқан еді, алайда ол да соңғы уақытта тым жоғары көтерілді, сондықтан инвесторлар америкалық нарықтағыдай мұнда да түзету (коррекция) болатыны жайында жиі айтып жүр. Қытай нарығы да өсуге аса асығар емес. Сол себепті инвесторлар қазір іс жүзінде өз «шырынында қайнап», нақты бағытсыз шешім қабылдауға немесе аса маңызды емес индикаторларға сүйенуге мәжбүр. Осыған байланысты нарық айтарлықтай тұрақсыз күйде болып, бір бағыттан екінші бағытқа ауысуы мүмкін.

Бұл рас па? Дәл осы сұраққа ағымдағы апта белгілі бір деңгейде жауап беруі ықтимал. Сондықтан оның маңызы ерекше арта түседі. Жалпы нарықты мұқият бақылау ұсынылады, өйткені алдағы күндері біз осы жылдың соңына дейінгі негізгі үрдістердің қалыптасуын көріп қалуымыз әбден мүмкін.