Juneteenth қарсаңында нарық өсті

Қор нарығындағы инвесторлар геосаяси тұрақсыздықтардың жетегінде еркін жүзіп келеді. Алайда бұл – бағыты анық, кең арна емес, керісінше, тар әрі тасқынды өзен секілді, қайықты бір жағынан екінші жағына лақтырып жатқандай жағдай тудырады. Бір күн – бір жаққа, келесі күн – басқа жаққа. Осылайша сейсенбі де Таяу Шығыста бірдеңе болады деген үреймен өтті, бірақ бақытымызға орай, бұл күні еш жағдай орын алған жоқ. Дегенмен сауда күні айқын қобалжу аясында өтті және инвесторларға айтарлықтай табыс әкелген жоқ.

Негізгі сауда сессиясы қызыл аймақта ашылды, бірақ кейін нарық қатысушылары индекстерді теріс аймақтан шығарып алуға үміттенді. Сауда күнінің ортасына қарай индекстер нөлге жақындай бастады, ал көк чиптер индексі – Dow Jones (DJIA-30) – тіпті бір сәтке болса да оң аймаққа өтті. Алайда бұл – бар болғаны бір сәттік құбылыс еді, ол түпкілікті нәтиже бермеді. Нарықтағы көңіл күй қайтадан бұзылып, сауданың екінші жартысы «аюлар» басшылығымен өтті. Олар да үлкен жетістікке жете алған жоқ, бірақ индекстерді теріс аймақта ұстап қалуға шамасы жетті. Нәтижесінде барлық жетекші америкалық индекстер күнді шығынмен аяқтады: Dow Jones -0,70%, NASDAQ Composite жоғары технологиялық компаниялар индексі -0,91%, ал негізгі индикатор S&P500 әдеттегідей ортасын ұстап, -0,84% төмендеді.

Айта кетерлігі, саудадағы белсенділік төмен болды – көптеген инвесторлар бұл тұрақсыз кезеңде нарықтан шеттеп қалған секілді. Дегенмен сату көлемі аса күшті болмағанымен, барлық дерлік экономикалық секторларды қамтыды. Жалғыз ерекшелік – энергетика секторы. Мұндағы компаниялар күнді +0,92% орташа өсіммен аяқтады, бұл – мұнай бағасының кезекті көтерілуімен байланысты. Керісінше, ең көп шығынға ұшыраған – медицина және денсаулық сақтау саласындағы компаниялар: бұл сектордағы орташа шығын -1,64% құрады.

ITS индексі тобы да америкалық нарықтағы инвесторлар жасаған сатылымнан тыс қалмады. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі біршама жеңілірек шығынмен -0,91% төмендесе, исламдық қағидаларға негізделген ITS Shariah (ITSS) индексі -1,18% құлдырады.

Екі индексте де үздік нәтижені мұнай алыптары – Chevron (CVX) және Exxon Mobil (XOM) компаниялары көрсетті. Олардың акциялары тиісінше +1,93% және +1,35% өсті. Ал индекстердің құлдырауына негізінен медицина компанияларының акциялары себеп болды. Олардың ішінде ерекше көзге түскені – фармацевтикалық алпауыт Eli Lilly & Co (LLY). Бұл компанияның акциялары «аюлардың» күшті қысымына ұшырады, себебі компания Verve Therapeutics (VERV) компаниясын 3,1 млрд доллар көлемінде сатып алмақшы деген ақпарат тарады. Әлбетте, мұндай ауқымды шығындар барлық инвесторлардың көңілінен шықпады, соның салдарынан Eli Lilly акциялары бір күнде -2,02% төмендеп, нарықтық капитализациясының едәуір бөлігін жоғалтты.

Күн қорытындысын түйіндейтін болсақ, нарықтағы жағдай әлі де өте шиеленісті күйде қалып отыр. Сырт көзге бәрі тыныш көрінуі мүмкін, бірақ бұл – мүлдем алдамшы. Мұны 23 мамырдан бері алғаш рет 20 ұпайдан жоғары деңгейде (21,3) жабылған қорқыныш индексі VIX те дәлелдейді. Сол себепті қазіргі сәтте ең бастысы – сақтық, тек қана сақтық.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

42 215,8

-0,70

S&P500 (SPX)

5 982,72

-0,84

NASDAQ Comp. (IXIC)

19 521,1

-0,91

ITS WORLD (ITSW)

1 310,26

-0,91

ITS Shariah (ITSS)

1 249,93

-1,18

 

2025 жылғы 18 маусымға нарықтың болжамдары

Нарық маңызды оқиғаларды күтумен тыныш тұр. Ең алдымен, инвесторларды Таяу Шығыстағы жағдай алаңдатуын жалғастыруда. Бұған қоса, бүгін АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) FOMC отырысынан кейін пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешім күтілуде. Дегенмен соңғысына қатысты жағдай біршама түсінікті – CME платформасындағы FedWatch фьючерстерінің мәліметі бойынша, мөлшерлеме 100 пайызға жуық ықтималдықпен өзгеріссіз қалмақ. Ал Таяу Шығыс мәселесі инвесторларды қатарынан 6-шы күн мазалап отыр және жақын арада тұрақталады деу қиын.

Сондықтан Еуропада да, Америкада да инвесторлар белсенділік танытпай, нарықтағы операцияларды барынша азайтуда.Әлбетте, жетекші индекстердің бағалары да нөлге жақын шеңберде тұр – бірде сәл жоғары, бірде сәл төмен. Кем дегенде, Астана уақытымен 23:00-де (ФРЖ шешімі жарияланатын сәтке дейін) айтарлықтай өзгеріс күтілмейді. Бірақ егер... Таяу Шығыста күтпеген жағдай орын алмаса. Қысқасы, нарықтағы ахуалға үнемі сырттай бақылау жасауға тура келеді.

Азиядағы жағдай сәл қызығырақ көрінеді. Бірақ мұнда да біржақты баға беру қиын. Ең үлкен оптимизм Жапонияда байқалуда – Nikkei 225 жетекші индексі қатарынан үшінші күн өсіп, биылғы ақпан айының ортасындағы деңгейге жетті. Дәл осы деңгейден әлемдік нарықтағы түзету процесі басталған еді. Жапон нарығының өсуіне себеп – Жапония банкінің пайыздық мөлшерлемені 0,5% деңгейінде қалдыру туралы шешімі болды.

Ал Қытай мен Гонконгте жағдай керісінше. Өткен аптада Гонконгтің Hang Seng жетекші индексі жергілікті максимумға жеткеннен кейін, Қытай нарығын жаппай сату толқыны шарпыды. Содан бері индекс 3 пайыздан астам жоғалтты. Бүгін де Гонконгте төмендеу көрсеткіші жалғасты: Hang Seng тағы да 1,12%-ға құлдырады.

Америкада сауданың алғашқы жартысы барысында индекстер сәл де болса өсуге тырысуда. Әзірге бұған толық қол жеткізілмесе де, негізгі америкалық индекстерге арналған фьючерстер бірнеше ондық пайызға өсуде. Бұған қоса назар аударарлық тағы бір жағымды жайт бар – ертең АҚШ Juneteenth (Құлдықтан азат етілген күн) мерекесін атап өтеді. Ал америкалықтарда мерекелерді жақсы көңіл-күймен қарсы алу дәстүрі бар. Сол себепті нарық қатысушылары да бұл жолы баға белгілерін тым түсірмей, керісінше, оларды жоғары деңгейге көтеруге тырысады деген үміт бар. Алайда бұл күні нарықта күрт өсу болады деп күтудің қажеті жоқ – қазіргі таңда нарықты одан әрі ілгерілететін нақты идеялар байқалмайды. Негізгі мақсат – ағымдағы деңгейде тұрақтап қалу да жеткілікті.