2025 жылғы 4 ақпандағы сауда-саттық нәтижесі
Сейсенбі күні өткен сауда-саттық көрсетіп отырғандай, нарық басқарылуы қиын траекторияға қарай бет алды. Бұл бір. Екіншіден, бақытымызға орай, көптеген инвестор әлі де бәрінің жақсы болатынына нық сенімді, сондықтан нарықта мезгіл-мезгіл көрініс беретін келеңсіздіктерді байқағысы келмейді. Сол себептен сейсенбідегідей кері серпіліс жағдайларын байқауымызға болады.
Мексика, Канада мен Қытай үшін жаңа тариф енгізілуіне байланысты бағаның аздап құлдырауынан және тап болған барлық қиындықтан кейін дүйсенбінің соңында аз-маз жағымды ахуал орнады, оған аталмыш Канада мен Мексикаға тариф енгізу мерзімінің кейінге қалуы себеп болды. Нарыққа қатысушылар Қытайға арналған тарифке де осындай шешім қабылдануы мүмкін деп үміттенген сияқты. Бірақ оған қатысты жағдай аса оптимизм туғызбайтын қиындау болып шықты. Қытай бұған жауап ретінде өзі де жоғары тариф енгізді, ал Трамп пен Си Цзиньпин арасында келіссөз өтуі мүмкін деген ақпарат әлі расталмай отыр. Сондықтан әзірге қуанатын ештеңе жоқ.
Мұндай жағдайда бәрі күйреп, жаппай сатылым жалғасуы керек болып көрінген сияқты еді. Бірақ кешегі күні инвесторлар басқаша ойлады. Таңертең басталып күні бойы жалғасқан сатып алу нарықты қолдап, оны жоғарылата берді. Тіпті болжамнан әлдеқайда нашар болып шыққан ашылған қызметтік бос орындар саны (JOLTS) туралы көңіл көншітпейтін макроэкономикалық деректер де (болжам бойынша ашылады деген 8,0 млн. вакансияның орнына 7,6 млн. ашылды) олардың көңіл-күйін бұза алмады. Тағы бір қызығы, сұраныс күні бойы өсті де, сауда-саттық күнделікті максимумға жақындап аяқталды. Барлық индекстер сенімді түрде өсіп, өздерінің тарихи шыңына жуықтайтын траекторияларға қайтадан жетті. Американдық индекстер арасындағы ең жақсы нәтижені бір күннің ішінде 1,35% қосқан MASDAQ Composite жоғары технологиялы компанияларының индексі көрсетті. Бірақ бұл түсінікті жағдай болды, себебі кешегі өсудің негізгі драйверлері ең әуелі «бигтех» және бірінші кезекте «Керемет жетілікке» кіретін компанияларының акциялары болды. Олардың өсуіне серпін берген – жасанды интеллектіге және ауқымды дерекқорлармен жұмыс істеуге байланысты жобалар саласындағы көшбасшылардың бірі Palantir Technologies тоқсандық есебі болды (PLTR,+23,99%). Бұл компания қарқынды дамуымен және тамаша пайдаға жете білетінімен инвесторларды таң-тамаша етіп қуантудан жалықпай келеді (ол сарапшылардың күткенінен 26% жақсы көрсеткішке жетті!). Қазан айының соңында ғана компанияның акциялары 40 доллар тұрған болса, кешегі күннің қорытындысы бойынша бұл акциялардың баға белгіленімі 103 долларға дейін шарықтады. Бір тоқсанда 150 пайыз өсім – адам сенгісіз керемет цифр!
Жетекші американдық индекстер азды-көпті жақсы нәтиже көрсеткенімен, ITS тобының индекстері сейсенбі күні өсуге асыға қойған жоқ, сөйтіп таза символдық өсіммен шектелді. ITS World (ITSW) жаһандық нарықтың индексі одан біршама жақсы нәтижеге жетті: ол дүйсенбідегі шығынын толығымен өтеп, бір күнде 0,4% қосты. ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің кеше байсалдылық танытқаны анық: ондағы өсім бір пайыздың бес жүзден бір бөлігімен ғана шектелді (+0,05%).
Жалпы алғанда, кешегі күннің бір ерекшелігі – қос ITS индексінің өсу драйвері алуан түрлі компаниялар болды. ITSW жаһандық нарығының индексіндегі Spotify Technology (SPOT,+13,24%) жетекші музыкалық стриминг платформасының акциялары үздік болып шықты, тоқсан сайынғы есептілігі жариялағаннан кейін оған инвесторлардың сұранысы жоғары болды. Бұл акцияларға алдыңғы күннің шығынын қарқынмен өтеуге күш салған автомобиль жасаушы компаниялар – Ferrari (RACE,+7,08%), Li Auto (LI,+5,99%) және Stellantis (STLA,+4,12%) көмек тигізді.
ITSS исламдық бағалы қағаздар индексіне келсек, мұнда технологиялық алпауыт саналатын Advanced Micro Devices (AMD,+4,58%) компаниясымен қатар Exxon Mobil (XOM,+2,68%) және Chevron (CVX,+2,60%) мұнай алыптарының акциялары алға шықты. Жалпы атап өтетіні, кеше бүкіл мұнай саласындағы ахуал қалыпты болды, күн қорытындысы бойынша энергетика секторы (Energy) барлық секторларға қарағанда үздік болып шықты және тіпті өсім жағынан мойындалған көшбасшылар – технология (Technology) және коммуникация қызметтері (Communication Services) секторын басып озып, 2 пайыздан астамға (+2,05%) жоғарылады.
Қалай болғанда да сейсенбі күні өсім және біршама оптимизм болғанына қарамастан, көкейде түйткіл қалды. Қазір геосаясаттың бірінші орынға шыққаны және нарықты басқарып отырғаны айдай анық. Бұл қашанда болжап білуге болмайтын жағдайды орнатып, тәуекелді арттырады.