2025 жылғы 29 қаңтардағы сауда нәтижелері
Өткен сәрсенбі жалпы нарықта жағымсыз әсер қалдырды. Ешқандай маңызды оқиға болмаса да, бірдеңе анық дұрыс болмады. Сауда баяу әрі мәнсіз өтті. Индекстер күні бойы төменгі деңгейде болып, ешқандай да өсім көрсете алмады. Керісінше, олар ұзақ уақыт одан да төмен түсуге дайын тұрды, бірақ нарық қатысушылары бар күшін салып бұл процесті тежеді.
Ал негізгі сауда сессиясының аяқталуына екі сағат қалғанда алаңға АҚШ Федералды резервтік жүйесі (ФРЖ) төрағасы – Джером Пауэллмен шықты. Мұнда да барлығы жоспарға сай өткен сияқты – пайыздық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды, Пауэлл болса ешқандай жаңалық та, тіпті айтарлықтай мазмұнды пікір де білдірген жоқ. Дегенмен нарық әрекетке көшті – индекстер алдымен сәл төмен сырғып, кейін қайта көтеріліп, аздаған құбылмалылық байқалды. Бұлай болмауы мүмкін емес еді! Бірақ күн қалай сылбыр басталса, дәл солай аяқталды. Барлық индекстер төмендеп, символикалық қана шығынмен жабылды: Dow Jones индексі – 0,31%, ал NASDAQ Composite – 0,51%.
Алайда, алдыңғы күндегідей, инвесторларды қуантқан жалғыз индекс – ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі болды. Ол 0,28% өсім көрсетіп, өз тарихындағы жаңа абсолюттік максимумды жаңартып, 1264,01 пунктіне жетті.
Бұл дегеніміз – портфельдің дұрыс географиялық әртараптандырылуының маңыздылығы! Америка әлсіздік танытқанда, басқа юрисдикциялардың акциялары көмекке келеді. Осылайша кеше ITSW индексіндегі үздік 10 акцияның арасында америкалық компаниялардың жалғыз өкілі – Exxon Mobil Corp. (XOM, +0,58%) ғана болды, оның өзі тізімде 10-орынды иеленді. Ал көш басында Люксембургтің Spotify Technology S.A. (SPOT, +1,51%) мен Жапонияның Sony Group (SONY, +1,47%) орналасты. Бұл компаниялардың капитализациясы бір күнде 1,5%-ға артты.
Егер Nvidia (NVDA, -4,10%) акцияларының тұрақсыздығы болмағанда ITS Shariah (ITSS) индексі де кешегі сауда күнін өсіммен аяқтауы мүмкін еді.
Апта бойы құбылып тұрған NVDA акциялары кеше де нарыққа кері әсер етті. Бұл құбылмалылықтың негізгі себебі – дүйсенбіде қытайлық инвесторлардың DeepSeek жобасы мен оның арзан жасанды интеллект чат-ботына қатысты шу көтеруі.
Осы ақпарат бүкіл нарықты дүрліктірді, салдарынан NVDA акциялары сол күні 17%-ға төмендеді, сейсенбіде 9%-ға қайта көтерілді, ал кеше сауда барысында 6%-ға дейін құлдырады. Кешке қарай жағдай біршама тұрақтанғанымен, чип өндіруші алпауыттың шығындары әлі де едәуір.
NVDA акцияларының бұдан әрі құлдырауына себеп болған тағы бір жаңалық – президент Дональд Трамптың Қытайдаға жоғары технологиялық чиптерді сатуға шектеу қою идеясынан бас тартпай отырғаны туралы мәлімдемесі. Егер бұл шектеу күшіне енсе, ең алдымен бұл NVDA акцияларына теріс әсер етпек.
Нәтижесінде, кеше NVDA акциялары тек жоғары технологиялық компаниялар индекстері NASDAQ Composite пен кең нарық индексі S&P 500-дің ғана емес, исламдық құнды қағаздар индексі ITS Shariah (ITSS) құрамындағы ең нашар көрсеткіш көрсеткен бағалы қағаздардың қатарына кірді. NVDA-ның капитализациясы жоғары болғандықтан, оның нарыққа ықпалы да үлкен. Сондықтан, NVDA акцияларының 4%-дан астам төмендеуі жағдайында ITSS индексінің бар болғаны 0,2%-ға ғана құлдырауы – бұл индекстің жеке эмитенттердің акцияларына қатысты тұрақтылығын көрсетеді.
Сәрсенбінің қорытындысын жасайтын болсақ, қазіргі таңда нарық айқын бағытсыз қалып отыр. DeepSeek жобасы жағдайды түбегейлі өзгертті, ал Джером Пауэлл өз мәлімдемесімен ешқандай нақтылық енгізген жоқ. Сондықтан да нарық әзірге өсімге дайын емес.
Алайда, айтарлықтай теріс өзгерістер де орын алған жоқ. Мүмкін, бұл кідіріс нарыққа сәл «дем алуға» мүмкіндік беріп, инвесторларға сергіп, күш жинауға жағдай жасайтын шығар. Бізге тек осы болжамның жүзеге асуын күту ғана қалады.