2025 жылғы 7 наурыздағы сауда-саттықтың қорытындысы

Өткен апта нарықтағы қалыптасқан жағдайға ешбір анықтық әкелмей, көп сұрақтың басы сол күйі ашық қалды. Әрине, мұндай жағдайда қандай да бір өсу болады деп сену ақымақтық болар еді. Сондықтан біз айтарлықтай ауқымды жаппай сатылым бір кезде баяу болса да көтерілуге орын берген сәттерді көрдік. Президент Трамп тариф саясатындағы дәйексіз әрекетімен (ол біресе жаңа тариф енгізді, біресе оны іске қосуды уақытша тоқтатты) инвесторларды апалаң-топалаң  етті және де бұл нарықта оқтын-оқтын пайда болған барлық басқа жағымды сәттерден басым түсті. Жағдайдың ушыққаны сонша, тіпті АҚШ ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл «шайқас алаңына» шығуға мәжбүр болып, нарыққа қатысушыларды мүмкіндігінше тыныштандыруға тырысты. Оның әрекеті нәтижесін берді – төрағаның «бәрі де бақылауда» деген сөзінен кейін нарық аздап өсті. Бірақ жаһандық ауқымда бұл жалпы жағдайға қатты әсер ете қойған жоқ. Өткен аптаның қорытындысы бойынша Америка нарығының шығыны өте, өте елеулі болды. Бұл сондай-ақ барлық жетекші американдық индекстен де айқын көрінеді, онда бір аптадағы шығын Dow Jones (DJIA-30) индексі бойынша -2,37% бастап және NASDAQ Composite технологиялы компаниялар индексі бойынша -3,45% дейін жетті. Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі де осы уақыт ішінде 3 пайыздан астамын (-3,1%) жоғалтты.

Ойлампаз инвесторлар жалпы шығыннан басқа, нарықта қалыптасып жатқан техникалық жағдайға да алаңдай бастады. Барлық индекс атаулы өзінің 200 күндік жылжымалы орташа мәніне жақындап қалды. Осы орайда DJIA-30 және S&P500 индекстері әлі де осынау психологиялық маңызы бар қолдау деңгейінен сәл жоғары тұр, ал оны бұзып өткен NASDSAQ индексі бұл деңгейден төмендеді. Айта кететіні, мұның бәрі сауда-саттық айналымы үдеп бара жатқан жағдайда болып жатыр, бұл да инвесторлар үшін жағымсыз белгі.

Салалық талдау да көңіл көншітпейді. 11 сектордың 9-ы өткен аптаны минуспен аяқтады. Тек шикізат секторы ғана нөл белгісінен жоғарылап, шикізат компаниялары бір аптаның ішінде орташа есеппен +0,69% қосты. Олардың ішінде алтын бағасы өскен жағдайда акцияларына сұраныс артқан алтын өндіруші компаниялар үздік нәтиже көрсетті. Айталық, осы сегменттің көшбасшылары Канаданың Barrick Gold (GOLD) компаниясының акциялары бір аптада 4%-дан астам, ал Американың Newmont Corp. (NEM) компаниясының акциялары 2,5-ға жуық пайыз қымбаттады. Бұл алтынның өзі осы уақытта 1,74% қымбаттаған жағдайдағы көрсеткіш. Айтпақшы, бұл акцияның екеуі де ITS-те саудаланады.

Бірақ өкінішке орай, шикізат секторы аптаның қорытындысы бойынша қандай да бір өсім көрсеткен жалғыз ғана сектор болды. Тағы бір сектор – медицина және денсаулық сақтау (Healthcare) аптаны таза символдық нөлден төмен өсіммен (+0,02%) аяқтады. Қалғанының бәрі минусқа кетті. Ал кейбір секторлар – қаржылық, циклдік тауарлар мен қызметтер (Consumer Cyclical), технология – өте үлкен минуста. Алғашқы екеуіндегі шығын аптаның ішінде тіпті 4 пайыздан асты, ал технология секторы 3,5 пайызға жуық (-3,48%) жоғалтып, олардан «қатты қалысқан жоқ».

ITS тобы индекстерінің жағдайына келсек, ол (жағдай) Америка нарығында болып жатқан нәрсенің көшірмесі болуы керек сияқты еді. Алайда жаһандық қаржының АҚШ-қа тәуелділігі өте үлкен. Дегенмен, ITS тобының индекстері қалай болғанда да аптаны мүлдем әр түрлі нәтижемен аяқтады. ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі шынында да жетекші американдық индекстердің тағдырын қайталап, бір аптада -3,25% жоғалтқан болса, ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінің осы уақыттағы шығыны ең аз болды және небары -0,22% жетті. Соңғысының біршама жақсы нәтиже көрсетуіне ITSW индексіне Америка ғана емес, сондай-ақ Ауропа мен Азия компаниялары акцияларының кіретіні себеп болды. Осы жағдайда аталмыш соңғылары ITSW индексінің аман қалуына көмектескен өсудің негізгі драйверлері болды. Бұл орайда негізгі әрекет етуші тұлғалар, ең алдымен, Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының акциялары болды. Алдыңғы қатарлы Қытай индекстерінің өсімі де осыны айғақтайды. Бірақ Қытай нарығының Shanghai Composite кең индексі бір аптада 1,56% көтерілсе, қытай «бигтехтерінің» үлкен үлесі бар Гонконгтың Hang Seng индексі бір аптада 5,62% қосып шарықтап кетті! Бұл, әрине, ITSW жаһандық нарық индексінің шығынды мүмкіндігінше азайтуына және американдық үлкен жаппай сатылым жағдайында «қаз қалпында қалуына» көмектесті. Бұл ретте ITSW индексіне бір апта ішінде 6% астамға қымбаттаған Alibaba (BABA) және осы уақытта айтарлықтай капиталдандануына тағы 10%-ға жуық қосқан Baidu (BIDU) сияқты Қытайдың алпауыт компаниялары ең көп қолдау көрсетті.