2025 жылғы 11 наурыздағы сауда-саттықтың қорытындысы

Нарық позитив табуға тырысып жатыр. Инвесторлар бірдеңеден ұстап қалып, барлығы куә болып отырған құрдымға құлау үдерісін тоқтатуға бар күш-жігерін салуда. Кеше АҚШ экономикасында ақпан айында ашылған жұмыс орындарының саны туралы макродеректер біршама уақытқа осындай жағымды жаңалық болды, өйткені мұнда 7,74 млн. дейін біршама өсу байқалды, оның көрсеткіші қаңтар айындағы деректерден (7,508 млн.) жоғары және сарапшылардың болжамынан (7,65 млн.) жоғары шықты.

Сонымен қатар, кейбір технологиялық компаниялардың (ең алдымен чип-мейкерлердің!) акцияларының баға белгіленімінің жоғары көрсеткіштен 20-30 пайызға (мысалы, NVidia (NVDA, +1,66%), Broadcom (AVGO,+3,06%)), ал кейбір жағдайда тіпті 50%-дан астам (мысалы, Tesla (TSLA,+3,79%) құлауы бірқатар сатып алушы үшін қызықтырарлық нәрсеге айналды. Жиынтығында осының барлығы негізгі сауда-саттық сессиясының басталуына қарай нарықта біршама ұстамды оптимизмнің орын алуына әкелді, бұл сайып келгенде, жекелеген бағалы қағаздардың баға белгіленімінің аздап өсуіне ұласты, өз кезегінде бұл жетекші американдық индекстерге және ең алдымен NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексіне жағымды әсерін тигізді. Дегенмен, аталмыш позитив ұзаққа бармады, сондықтан сауда-саттық сессиясы бойы нарық абыржумен болды, біресе өсіп, біресе төмендеген индекстер суға кеткендей тал қармауға – қалай болса да плюске іліну үшін нөл белгісіне тұрақтауға тырысты. Өкінішке орай, бұған Ақ үйден жеткен жаңалық айтарлықтай кедергі келтірді, өйткені ондағы супер креативті президент Трамп АҚШ-тың жетекші сауда серіктестеріне қарсы жаңа тосқауыл тарифтерін енгізуден жалығатын емес. Кеше Канаданың Онтарио провинциясы жауап ретінде АҚШ-қа жеткізілетін электр энергиясына 25 пайыз баж енгізетінін мәлімдегеннен кейін ашуға мінген Трамп Канаданың тауарларына қатысты болат пен алюминийге тарифті тағы да көтеріп жіберді. Көріп отырғанымыздай, сауда соғысы қарқын алып барады, бұл жағдай инвесторлардың жүйкесін тоздырып, қатты алаңдатуда.

Ақырында нарыққа қатысушылар баға белгіленімдерін жасыл аймақта ұстап қала алмады, сөйтіп барлық жетекші американдық индекстер күнді біршама аз минуспен аяқтады. Бұл жерде «біршама» сөзінің өзі маңызды, өйткені S&P500 индексінің 0,76% құлдырауы бір күн бұрын өзіміз көрген -2.7% құлдыраумен салыстырғанда мардымсыз болып көрінеді.

Сейсенбі күнінің қорытындысы бойынша бір күнде 1 пайыздан астамын (-1,14%) жоғалтқан Dow (DJIA-30) индексі ең нашар нәтиже көрсетті. Осы ең көне индекске кіретін 30 акцияның тек 6 ғана күнді плюспен аяқтады. Оны Verizon Communications (VZ,-6,58%), The Walt Disney Company (DIS, -5,03%) және MacDonald’s Corporation (MCD,-3,31%) сияқты өте беделді компаниялардың үштігі төмен тартты. Бизнесі бір-бірінен мүлде өзгеше осы 3 компанияның тіркесімі ағымдағы жаппай сатылым аясындағы жағдайдан көп хабар беріп тұр. Өкінішке орай, инвесторлар технологиялық компаниялардың акцияларынан ғана емес, бәрінен құтылуға кірісті.

ITS тобының индекстеріне келетін болсақ, сейсенбіде олар негатив дауылына төтеп беруге тырысқан «табанды жауынгердей» көрінді және бақытымызға орай, олардың жоспары іске асты. Ең болмағанда, американдық әріптестерінен айырмашылығы, ITS тобының екі индексі де – ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі және ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі сәйкесінше +0,45% және +0,39% қосып кешегі күнді плюспен жапты. Олардың бұл нәтижесі индекстердің негізінде жатқан портфельдердің сапасын және қазіргі уақытта нарықта орнаған жоғары құбылмалылық пен белгісіздіктің қазіргі тәуекелдеріне индекстердің тұрақтылығын көрсетеді деуге болады.

Осы орайда ITSS исламдық бағалы қағаздар индексін, кеше айтылғандай, инвесторлардың жоғарыда біршама сұранысына ие болған жетекші технологиялық компаниялардың акциялары плюске тартып шығарды. Ал ITSW жаһандық нарық индексін, әдетке айналғандай, «шетелдіктер», яғни американдықтар емес, қытайлар мен еуропалықтар жоғары сүйреді. Кеше ITSW индексінің портфеліндегі негізгі өсу драйверлері үйреншікті болып кеткен қытай компаниялары – жетекші автоөндіруші Li Auto (LI,+7,00%) және әлемдік онлайн ритейлинг көшбасшыларының бірі Alibaba компаниясынан (BABA,+4,89%) басқа, Израильдің біршама қарапайым CyberArk Software Ltd компаниясы (CYBR,+5,80%) болды, компания Zilla Security технологиясын 165 миллион доллар қолма-қол ақшаға сатып алып өзінің сәйкестендіру деректерін қорғау платформасын кеңейткені мәлім болғаннан кейін оның акциялары инвесторлар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Zilla компаниясы жасанды интеллект негізінде сәйкестендіру деректерін басқару және әкімшіліктендіру (IGA) мүмкіндіктерін ұсынады. Мамандардың пікірінше, бұл өз кезегінде CyberArk платформасының клиенттерге сәйкестендіру деректеріне автоматтандырылған сәйкестікті, заманауи бұлттық орталар үшін оларды дайындауды және басқаруды ұсынуына жол ашады.

Жалпы, CyberArk Software Ltd. (CYBR) – ұйымдарды түрлі киберқауіптен қорғау үшін артықшылықты қол жеткізуді басқаруға маманданған, сәйкестендіру деректерін қорғау саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі. Компания бүкіл 2024 жыл бойынша рекордтық нәтиже көрсетті, оның жалпы кірісі 1,001 миллиард долларға жетті, бұл 2023 жылғы 751,9 миллион доллардан 33% көп. Жазылудан келген кіріс 2023 жылғы 472 миллион доллармен салыстырғанда 55% өсіп, 733,3 миллион долларға жетті. GAAP бойынша 93,5 млн доллар мөлшеріндегі таза залал туралы есеп берілгеніне қарамастан, GAAP есепке алмағандағы CyberArk пайдасы 2023 жылғы 52,0 млн доллардан 147,5 миллион долларға дейін екі еседен астам өсті.