2025 жылғы 15 мамырдағы сауда қорытындысы
Көпшілік өткен бейсенбідегі апта басында байқалған оң болжамдардың жалғасуын және жақсы өсімді күтті. Бұл үміттер ішінара ғана ақталды. S&P 500 индексі бейсенбі күні қатарынан төртінші рет өсті, ал Nasdaq Composite соңғы жеті күнде алғаш рет төмендеді – трейдерлер жаңа экономикалық деректерді және АҚШ Федералды резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллдің мәлімдемелерін талқылап жатты.
Сауда басталғанға дейін-ақ инвесторларды қуантқан – шыққан PPI индексі болды. АҚШ-та өндірушілер бағасы өткен айда күтпеген жерден төмендеді, себебі Еңбек статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, қызметтерге көтерме бағалар тарихтағы ең жылдам қарқынмен төмендеді. Сәуір айындағы 0,5%-дық төмендеу соңғы бес жылдағы ең ірі айлық құлдырау болып табылады және кейбір кәсіпорындар тарифтерінің өсуіне байланысты шығындарды тұтынушыларға жүктеудің орнына, өз ресурстары есебінен жабуға тырысып жатқанын көрсетеді. Бұл жаңалық нарықта оң реакция тудыруы тиіс еді. Алайда әрдайым оң жаңалықтарға қарсы теріс факторлар да қатар жүреді. Бұл жолы теріс фактор – АҚШ-тағы бөлшек сауданың көрсеткіштері болды: үкімет деректеріне сәйкес, сәуір айында бөлшек саудада айтарлықтай өсім байқалмады, өйткені тұтынушылар жанармай құю стансалары мен автосалондардағы шығындарын қысқартқан.
Теріс факторға ФРЖ жүргізген сауалнама да қосылды. Ол Нью-Йорктегі өндірістің төмендегенін көрсетті. Бұл мамыр айында тіпті күшейіп отыр. Көптеген компаниялар болашаққа қатысты пессимистік күйде қалуда, АҚШ-тың Орта Атлантикалық аймағындағы экономикалық құлдырау да тереңдей түсуде.
Осы деректердің және ФРЖ төрағасы Джером Пауэлдің аса оптимистік емес сөзі аясында бейсенбі күнгі сауда өтті. Сондықтан да аралас деректер аралас нәтижелерге алып келді.
Күннің қорытындысы бойынша ең жақсы көрсеткіш Dow Jones индексіне (DJIA-30) тиесілі. Бірнеше күн қатарынан төмендегеннен кейін ол +0,65% өсім көрсетті. S&P500 жалпы нарық индексі күні бойы теріс аймақта болды, бірақ сауда сессиясының соңына қарай өсімге шықты — күнді +0,41% өсіммен жапты.
Ал жоғары технологиялық компаниялардың Nasdaq Composite индексі 7 күндік раллиін тоқтатып, сәл баяулап қалды — күнді -0,18% төмендеумен аяқтады. Бұл төмендеудің себептерінің бірі — Amazon (AMZN, -2,42%) компаниясының акциялары қысымға ұшырады. Себебі компания өз құрылғылар мен қызметтер бөлімінде, атап айтқанда, Alexa дауыс көмекшісі мен Kindle электрондық кітап оқу құрылғысын жасап шығаратын бөлімде 100-ге жуық қызметкерді қысқартатыны жөнінде мәлімдеді.
ITS индекстері тобының жағдайы да АҚШ нарығындағы жағдайды айнытпай қайталады. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі күнді -0,31% төмендеумен аяқтаса, ал исламдық қағаздар индексі ITS Shariah (ITSS) керісінше, дәл сол мөлшерде +0,32% өсім көрсетті.
Айта кету керек, ITSW индексінің дәл осылай аса төмендеуіне UnitedHealth (UNH, -10,93%) ірі медициналық сақтандыру компаниясының акциялары себеп болды — олар құлдырап жатыр, тек соңғы айда 50%-дан астам жоғалтқан. Мұндай құлдырауға себеп — АҚШ Әділет министрлігінің Medicare Advantage бағдарламасы аясында алаяқтық болуы мүмкін деген күдікпен осы компанияға қатысты қылмыстық тергеу жүргізіп жатқаны. Бұл туралы The Wall Street Journal тиісті дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады. Алайда UnitedHealth өз кезегінде Әділет министрлігінен ешқандай ресми хабарлама алмағанын және WSJ мақаласын «ресми дерексіз», «өте жауапсыздықпен жазылған» деп атады. Бірақ көріп отырғанымыздай, инвесторлар қазіргі таңда компанияның өзінен гөрі WSJ-ға көбірек сенетін сияқты.
Ал исламдық ITSS индексіне келсек, бұл жерде ең үлкен өсім Cisco Systems (CSCO, +4,85%) технологиялық алып компаниясына тиесілі болды. Оның акциялары шамамен 5%-ға өсті — бұл компанияның үшінші тоқсан бойынша сенімді есеп беруімен байланысты: желілік жабдық өндірушісінің қаржылық нәтижелері The Street болжамдарынан асып түсті, себебі оның өнімдеріне сұраныс артып келеді.
Жалпы алғанда бейсенбінің қорытындысы бойынша, нарық қатысушыларының күшті өсімге деген үміттері толық ақталмағанымен, айтарлықтай теріс жағдай да байқалған жоқ. Сондықтан нарықтағы жағдай тұрақты, әрі бұл нарықтық бағаның үш ай бұрынғы деңгейге біртіндеп оралуына негіз бола алады.