2025 жылғы 7 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы
Өткен апта Трамптың тарифтерінен басталып, тарифпен аяқталды. Шеңбер тұйықталды.
Ең алдымен дүйсенбі күні АҚШ-тың жаңа президентінің Әкімшілігінен Канада мен Мексикаға 25 пайыз және Қытайға 10 пайыз тариф енгізуге қатысты «сұмдық жаңалық» жетті. Нарыққа қатысушылар, әрине, үрейге беріліп, бағалы қағаздарды жаппай сатуға кірісті. Бірақ сәлден кейін Трамп өзінің «әзілдегенін», дәлірек айтсақ, Мексика мен Канадаға тариф енгізуді бір айға кейінге қалдырғанын айтты да, дүрліккен қауым өзіне-өзі келді. Ал нарықтағы шығынның біраз бөлігі өтелді. Содан кейін апта бойы осы тарифке және АҚШ пен Қытай арасында келіссөз болу мүмкіндігіне қатысты әртүрлі қауесет тарады. Бұл жағдайда инвесторлар рухын көтеріп, бұл қауесеттен қандай да бір жағымды нәрсе табуға күш салды, сөйтіп тіпті аптаның басында болған сатылымның салдарын жұмаға таман толығымен жойды. Бәрі де жөнге келген сияқты еді. Корпоративтік есептілік те жаман емес, еңбек нарығының макродеректері болжамнан жақсырақ болып шықты және жалпы алғанда индекстер қайтадан тарихи максимумдарына барынша жақындады – аптаны оң нәтижемен аяқтау үшін жұма күні нарықтың құлдырамауы ғана керек еді. Жұма күнгі сауда-саттықтың басы шынымен де нөлден жоғары белгімен өтіп, негізгі сауда сессиясының бірінші жарты сағатында тіпті шамалы өсу байқалды да. Бірақ содан кейін тариф бойынша жаңа бастама көтерген және Американың болат пен алюминий импортына жаңа өзара тариф енгізуді жоспарлаған «Трамптан хабар» келді. Бұдан нарықтағы жағдай тағы да тұрақсызданды. Индекстер баяу, бірақ анық төмендей бастады да, күннің аяғында ең төменгі деңгейге жетіп, оның алдындағы бірнеше күнде болған өсімнен айырылды.
Нәтижесінде апта сатылымнан басталып, сатылыммен аяқталды да. Бірақ, абырой болғанда, аптаның шығыны аса көп емес. Dow Jones (DJIA-30) және NASDAQ Composite индекстері бір жетінің ішінде жарты-жарты пайыздан жоғалтты, ал S&P500 кең ауқымды нарығының индексі одан да аз – небары 0,24% төмендеді.
Ал ITS тобының индекстері аптаны американдық әріптестерімен салыстырғанда әлдеқайда оң нәтижемен аяқтай алды. Әсіресе ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінің жолы болды, ол апта бойы өте сенімді нәтижеге жетіп отырды және тіпті бірнеше рет өзінің тарихи максимумын жаңартты. Жұма күні ол рекордтық 1289,24 көрсеткішке жетті. Алайда түстен кейін әлемдік нарықтардағы сатылымның әсерімен ол рекордтық деңгейде тұрақтауға шамасы болмай, сауда-саттық күнін біршама құлдырап аяқтады. Бірақ қалай болғанда да ITSW индексі осы уақыт ішінде 0,35% қосып, аптаны оң нәтижемен жапты.
ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің жағдайы қиынырақ болды. Егер Америка нарығындағы сатылым кезінде ITSW индексі Азия мен Еуропа компанияларының бағалы қағаздарының есебінен жоғарылаған болса (географиялық әртараптандырудың пайдасы қандай тамаша!), ITSS индексінің портфеліне американдық компаниялардың акциялары ғана кіргізілген, сондықтан американдық нарықтағы конъюнктура бұл индекске тікелей әсер етеді. Дегенмен ITSS индексінің қор портфелінің әртараптандырылуы жақсы, мұның өзі оның американдық әріптестерінен жақсырақ нәтижеге жетуіне жол ашып отыр. Расында да, өткен аптаның қорытындысы бойынша ITSS индексі де шығынға ұшырады, бірақ ол үлкен емес, небары 0,21%.
Айта кететіні, өткен демалыс күндері индекс қалыптастыру ережесіне сәйкес ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінде де, ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексінде де бағалы қағаздар портфелін қайта теңгерімдеу іске асырылды.
ITSW индексіне шығарылып тасталған Procter & Gamble (PG), Stellantis (STLA) және Korea Electric Power (KEP) қағаздарының орнына үлкен қызығушылық туғызып отырған Costco Wholesale (COST), Garmin (GRMN) және Wix.com (WIX) сияқты компаниялардың бағалы қағаздары енгізілді. Ал ITSS исламдық бағалы қағаздар индексінде T-mobile (TMUS) және Intuit (INTU) орнына технология және өнеркәсіп секторлардың екі жарқын өкілі Qualcomm (QCOM) және Сaterpillar (CAT) келді. Осы орайда айта кету керек, ITSW индексінде не ол не бұл бағалы қағаздарды портфельден шығару және қосу туралы шешімді қордың индекс комитеті қабылдаса, исламдық бағалы қағаздар портфелі бойынша бүкіл шешімдер арнайы шариғат скринингі мен бақылауынан өтіп қана арнайы шариғат органдарының келісімі мен мақұлдауын алуы керек.
Жалпы, өткен аптаны қорытындылай келе, бір жағынан, нарықта әзірге айтарлықтай сілкініс байқалмағанын атап өткім келеді. Индекстер өсу үстінде және жаңа шыңға шығуға дайын. Дегенмен, екінші жағынан, президент Трамптың тарифті өзгерту жөніндегі жоспары Америка экономикасының болашақ даму перспективасы мен инфляция қарқынына байланысты инвесторларды қатты алаңдатып, үрей туғызып отыр. Соңғысының қор нарығының болашақ беталысына тікелей әсер етіні анық. Сондықтан қазіргі уақытта белгісіздік деңгейінің артуы және жақын арада нарық өсуінің тоқтауы мүмкін екенін ғана айтуға болады. Бақытымызға орай, әзірге түзету туралы әңгіме жоқ.