2025 жылғы 5-9 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы
Мамыр айының бірінші толыққанды аптасы әдеттен тыс «азусыз» және «кескінсіз» шықты. Бірақ бұл артық айтқандық шығар. Оқиға көп болды және бұл өзіндік салдары бар және болашақта нарыққа міндетті түрде әсер ететін айтарлықтай маңызды оқиғалар еді. Дегенмен, егер өткен аптаның қорытындысына таза статистика тұрғысынан қарасақ, көпшілікке оның нәтижесі көбіне нөл болып көрінеді. Шынында да, өткен аптада назар аударарлық бірде-бір жарқын сауда-саттық күні немесе бірде-бір тәуір ралли немесе құлдырау болған жоқ. Бұл әдетте бағаның тым жоғары шарықтауына немесе төмендеуіне әсер ететін АҚШ ФРЖ FOMC кезекті отырысы өткеннен кейін болған жағдай. Нәтижесінде барлық негізгі американдық индекстер іс жүзінде табандап тұрып қалды да, бір аптада ең аз дегенде -0,16% (Dow Jones (DJIA-30) индексі) бастап S&P500 және ең көбі NASDAQ Composite индектері бойынша -0,3% дейін шығынға батты.
Таза техникалық тұрғыдан алғанда, барлық индекстер алдындағы аптаның өзінде 50 күндік SMA деңгейінен асып кетті, ал өткен аптада олар жай ғана жеткен деңгейлерін саудалаумен болды. Бірақ аса маңызды 200 күндік SMA көрсеткішінен төмен тұрды. Сондықтан жеңісті тойлап, мини-дағдарыс еңсерілді деп айту әлі тым ерте екені анық.
Бұған сала-саладағы көрініс те дәлел. Экономиканың 11 секторының 7-і аптаны оң нәтижемен аяқтағанына қарамастан, ауыз толтырып айтарлық нәрсе жоқ деуге болады. Орташа өсім +1,06% жеткен өнеркәсіп секторының жағдайы бәрінен де жақсы болды. Бірақ бұл өсудің басым бөлігі Boeing (BA) авиақұрылыс корпорациясының акцияларының үлесіне тиеді – бір аптада олардың баға белгіленімі 5%, ал соңғы айда 50% астам өсті. Өткен аптада бұл акциялардың өсуіне British Air компаниясына иелік ететін International Airline Group (ICAGY) тобы 32 Boeing 787 ұшағын сатып алатыны және оның 10 миллиард долларға жуық опциондары бар деп хабарлануы ықпал етті. Аталмыш ұшақтар 2028 - 2033 жылдар кезеңінде жеткізілуге тиіс. Ресми тұлғалардың сөзіне қарағанда, Boeing компаниясымен арадағы мәмілені әзірлеу біраз уақыт бұрын басталған және оның Трамп әкімшілігі соңғы күндері Біріккен Корольдікпен жасасқан сауда мәмілесіне еш қатысы жоқ. Әлбетте, Boeing үшін бұл жақсы жаңалық, өйткені былтырғы күзде көптеген сарапшы мен инвестор Boeing компаниясының қандай да бір жарқын болашағы бар екеніне күмән келтірген еді.
Өнеркәсіп компанияларымен қатар мұнай-газ секторы компанияларының жағдайы да әжептәуір болды – қара алтынның баға белгіленімінің өсуінен инвесторлардың рухы көтерілді.
Ал өткен аптада жолы болмаған «бейбақтар» медицина компанияларының акциялары еді, бұл кезеңде олар орташа есеппен ғана құнының 5 пайызына жуығын (-4,63%) жоғалтты. Осыншама қатты жаппай сатуға президент Трамптың кезекті рет тарифке қатысты «қыңырлығына басуы» себеп болды. 5 мамырда Трамп АҚШ-та дәрі-дәрмек өндірісін ынталандыруға бағытталған жарлыққа қол қойды. Басқасына қоса, президент АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмекті бақылау басқармасының (FDA) дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорындарды тексеруін оңайлатуға және жеделдетуге ниетті. Трамп өзінің сауда жоспары АҚШ-тағы өндірісті қалпына келтіруге бағытталғанын анық мәлімдеді және аталмыш жарлығына қоса, оның әкімшілігі алдағы екі аптада фармацевтика препараттарына тариф жариялайтынын жеткізді.
Дәрі-дәрмек өндірушілер көптеген басқа компания арзанырақ болғандықтан өз өнімдерін негізінен шетелде жасайтынын ескерсек, жаңа тарифтер өндіріс шығынын арттырып, жетекші фармацевтика компанияларының маржасы мен пайдасын азайтуы және ең болмағанда жалпы саладағы инновацияларға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
ITS тобының индекстеріне келсек, өткен аптада олардың жағдайы американдық «әріптестерінен» сәл нашарлау болды. Бірақ ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің шығыны негізінен американдықтардың шығынымен (-0,67%) бірдей дерлік болса, ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі олардан көбірек жоғалтты: -1.61%. Бұл индексті құрдымға сүйреп әкеткен, ең алдымен, Apple (AAPL) атқарушы директоры Эдди Кью сәуір айында Safari-дегі іздестіруге сұрау салудың тарихта алғаш рет төмендегенін мәлімдеген соң, аптаның ортасында нарық «аюларының» қатты шабуылына ұшыраған Alphabet (GOOGL) компаниясының акциялары еді. Кью бұл төмендеуді адамдардың жасанды интеллектісі (ЖИ) бар чат-боттарды жиірек пайдаланатынымен түсіндіріп, жасанды интеллектісі (ЖИ) бар іздестіру жүйелері ақырында дәстүрлі іздестіруді алмастырады деген болжам жасады.
Әділет министрлігінің Alphabet компаниясына қарсы қойған монополияға қарсы қуынымын федералдық сотта қарау кезеңінде Кьюдің берген айғағының бір бөлігі болып отырған оның бұл пікірі аталмыш компанияның баға белгіленімдерін бірден төменге құлдыратып жіберді. Мұндағы гәп мынада: бұл компания Google корпорациясы өзінің Safari браузерінің эксклюзивті іздестіру жүйесі болғаны үшін Apple компаниясына жыл сайын 20 миллиард доллар төлейді.
Өз тарапынан Alphabet компаниясы өзінің блогында Apple компаниясының іздестіруге сұрау салудың азайғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды. Компания іздестіруге, соның ішінде Apple құрылғылары мен платформалары арқылы сұрау салудың жалпы өсіп жатқанын мәлімдеді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені әзірге беймәлім. Бірақ бұл жайттың өзі нарықтағы жағдайды тұрақсыздандырып жатыр, мұны нарыққа қатысушылардың көңіл-күйінен аңғаруға болады.
Тұтастай алғанда, нарыққа қатысушылардың аз-маз үзіліс жасап, қарқын алып келе жатқан сауда соғыстары аясында жағдайдың ендігі беталысы қандай болатынын байқамақ екені, сондай-ақ бұл сауда соғыстары жалпы экономикаға қалай әсер ететінін және жақын арада не күтуге болатынын көрсететін алғашқы макроэкономикалық деректердің шығуын күтетіні анық.