2025 жылғы 3 наурыздағы сауда-саттықтың қорытындысы
Бәрі де жамандыққа жорымауға тырысты. Бәрі жөнделеді деп соңына дейін үміттенді. Соңғы минутқа дейін. Бірақ олай болмады. Дүйсенбі күнгі сауда-саттық барлық әлемдік нарықта іс жүзінде асқан сақтықпен басталды. Өткен аптаның қорытындысы қарама-қайшылыққа толы болған жағдайда бұл түсінікті де. Бастапқыда бәрі де нашар болды, бірақ жұма қандай себеппен екені түсініксіз мерекелік отшашумен және ақылға қонбайтын өсіммен аяқталды. Демалыс күндерін осы жүкті арқалап өткізген инвесторлар «Ары қарай не болады екен?» деп қатты ойлана бастады. Ары қарай Трамп уәде еткен тарифтерді көтеру мәселесі болды. Барон Мюнхгаузен айтпақшы, түстен кейін Англиямен соғыс күтіп тұр. Өкінішке орай, мұның бәрі жай ғана әзілге ұқсамай кетті. Дүйсенбі күнінің бірінші жартысында нарыққа қатысушылар «соғыс» бола ма (бұл сөзді қазір тырнақшасыз да жазуға болады), болмай ма деп күтумен болды. Өкінішке орай – БОЛАДЫ! Трамп шынымен де Мексика мен Канада өнімдеріне 25 пайыз тариф енгізетінін, сондай-ақ Қытайға енгізілген 10 пайыз тарифке тағы 10 пайыз қосатынын растады. Бұған бірден жауап берген Мексика онда қарсы қояр А жоспары ғана емес, сондай-ақ В, С, D және т.с.с. жоспары бар екенін мәлімдеді. Канадаға келсек, ол Британ және француз дәстүрінде тәрбиеленген зиялы ел ретінде ең әуелі Американың апельсин шырынын және Америкада жасалған Бурбон шарабын ішуді тоқтатпақ. Расында да, әдемі жауап!
Қор нарығына келетін болсақ, оған қатысушылардың реакциясы көп күттірмеді, сөйтіп ол бірден соңғы 2 аптада кезекті рет құрдымға құлада. Бұл ретте бағалы қағаз атаулы жаппай сатылымға түсті және ең алдымен қажетті тауарларды өндірумен және сатумен айналысатын компаниялардың акциялары ғана аман, яғни плюсте қалды – Consumer Defensive секторы бір күнде +0,39% қосты, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті басқару секторы - Real Estate +0,35% өсті. Ал қалғандары күнді үлкен минуспен аяқтады. Айталық, энергетика және технология секторында жұмыс істейтін компаниялардың акциялары 3 пайыздан астам шығынға ұшырады (тиісінше (-3,01% және -3,27% ). Бұл орташа көрсеткіш қана. Ал жеке акциялардағы және ең алдымен, NVidia (NVDA,-8,69%) бастаған жетекші чип-мейкер компаниялардың акцияларының сатылымы дүрбелеңге ұқсап кетті. Мұнай саласы компанияларының қағаздары да осыған ұқсас жағдайға ұшырады: онда дүниенің бәрі алау-жалауға айналып, шынында да Мексика шығанағындағы (кешіріңіз, Америка шығанағындағы!) мұнай мұнаралары өртке оранғандай көрініс пайда болды.
Әлбетте, мұның бәрі барлық жетекші индекстерге әсер етті, олардың шығыны, мәселен, Dow Jones (DJIA-30) индексі бойынша -1,48%-дан бастап NASDAQ Composite индексі бойынша -2,64%-ға дейін біршама біркелкі болды. Бұл ретте S&P500 кең нарық индексінің көрсеткіші әдеттегідей орташа шығып, -1,76% төмендеді. Өкінішке орай, Dow индексі бұл жолы «сескенді», өткен аптада биржаның «аюларына» қарсы тұруға күш тапқан ол жаппай сатылымға төтеп бере алмады. Ал осы аптаның дүйсенбісінде «аюлардың» шабуылына қарсы тұруға шамасы болмаған «бұқалар» нокаутқа кетіп, «аюлар» жеңіске жетті.
ITS тобы индекстерінде күштердің ара салмағы шамамен сондай болды. Портфелі тек қана ірі американдық компаниялардың акцияларынан құралған ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі бір күнде 2 пайыздан сәл астам жоғалтып (-2,02%) бәрінен де көп зардап шекті. Ал географиялық жағынан жақсы әртараптандырылған ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінің шығыны Еуропа мен Азияның кейбір компаниялары акцияларының өсуінің арқасында аз болды және -1,2% шектелді. Алайда оның да минустан құтыла алмағаны рас. Бірақ 8 пайыздан астам құлдыраған NVidia индексінің жағдайы ең қиын екенін мойындау керек.
ITSW индексінің құрамындағы қағаздардың ішінде Жапонияның фармацевтика алпауыты Takeda Pharmaceutical (TAK,+2,98%) компаниясының акциялары үздік шықты. Takeda Pharmaceutical – онкология, сирек кездесетін аурулар, неврология, гастроэнтерология, плазма негізіндегі терапия және вакцина сияқты негізгі терапевтік салаларда дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықты әзірлеуге, өндіруге және сатуға маманданған жапонның көпұлтты фармацевтикалық компаниясы. Оның портфолиосында асқазан-ішектің бұзылуын емдеуге арналған ENTYVIO және гемофилияны емдеуге арналған ADYNOVI сияқты танымал өнімдер бар.
Takeda Pharmaceutical компаниясына бүкіл әлемнің сарапшылары оң көзбен қарайды және де ол белгілі бір дәрежеде жете бағаланбаған болып саналады. Сондықтан да болар, соңғы уақытта компанияның акцияларына инвесторлардың сұранысы артып, оның баға белгіленімі соңғы 1,5 айда 15%-дан астам өсті.
Компанияның қаржылық көрсеткіштері де тәп-тәуір. Үстіміздегі қаржы жылына арналған қаржы болжамы бойынша Takeda кірістің 2,5% артып, 4 590,0 млрд иенаға жетеді деп күтеді, көп жағынан бұл қолайлы валюта бағамдарының, компанияның қарқынмен кеңеюінің және АҚШ-та VYVANSE дженериктері сатылымының баяу төмендеуінің арқасында мүмкін болып отыр. Болжам бойынша компанияның операциялық пайдасы 29,8% артып, 344 млрд. иенаға жетеді, ал таза пайдасы 73,5% өсіп, 118 млрд. иенаға жетеді. Бұл акциялар бойынша консенсус болжамы 16 доллардан сәл төмен тұр және шамамен 10% құрайды, негізінен фармацевтика компаниясы үшін бұл өте жақсы көрсеткіш.
Жалпы жағдайға келетін болсақ, сауда соғыстарының жаңа кезеңі басталады деп үрейленген инвесторлардың болжамы, өкінішке орай, әбден шындыққа жанасатынын көріп отырмыз. Демек, бұл нарықта күрделі түзету жасалуына әкеп соқтыруы мүмкін әлдеқайда күрделі және ең бастысы, әлдеқайда жағымсыз процестің бастамасы ғана. Сондықтан тәуекелді азайту мақсатымен инвестициялық портфельдерді аударып-төңкеру мәселесі өзекті болып отыр. Алдағы уақытта инвесторлардың акцияларды арзандау бағамен сатып алу мүмкіндігі болуы әбден мүмкін.