Naryk.kz: Нарыққа апталық шолу: бизнес саяси шиеленіске қарамастан өсіп келеді
Тариф соғысын реттеудің маңызы мен оның жалпы экономикаға, сондай-ақ жекелей қор нарығына әсері туралы көп айтуға болады. Геосаяси шиеленістің қор нарығына ықпалына да назар аударуға болады. Мұның бәрі шындық. Бірақ қор нарығының негізі – ең алдымен бизнестің өзі. Ал бизнестің жағдайы тоқсандық есептері арқылы бағаланады, деп жазады ITS биржасы сарапшылары нарыққа апталық шолуында.
Өткен апта бұған айқын дәлел болды. Нарық біресе жоғары, біресе төмен тербеліп тұрды, ал инвесторлар АҚШ-тағы еңбек нарығы туралы мәләметті асыға күтті. Инвесторлар тарапынан жоғары сұранысқа ие болған акциялар ең алдымен өткен аптада жақсы есеп жариялаған компаниялардың акциялары еді. Нәтижесінде, S&P 500 индексінің үздік он акциясының тоғызы 2025 жылдың екінші тоқсаны есебін жариялағаннан кейін күрт өскен компаниялар еді. Есебін жарияламаған жалғыз компания – Super Micro Computer Inc (SMCI) осы аптада, 5 тамызда жариялайды деп күтілуде. Инвесторлар бұл компанияның есебінен өте жақсы көрсеткіштер күтуде, сондықтан оның акциясы да қымбаттаған.

«Сондықтан қазіргі таңда есеп беру маусымы – белгілі бір акцияларға сұранысты айқындайтын негізгі фактор деген қорытынды жасауға болады», — дейді биржа сарапшылары.
Апта қорытындысы бойынша үздік компания – генераторлар өндіретін Generac Holdings Inc (GNRC) болды.
Қиын экономикалық жағдай мен тариф мәселелесіне қарамастан, Generac компаниясы II тоқсан қорытындысы бойынша сарапшылардың күткенінен жоғары нәтиже көрсетті. Компания сонымен қатар жылдық болжамын да жоғарылатты.
Generac акциясы бір аптада 25%-дан астам қымбаттады. Компанияның барлық бағыттардағы кірісі сарапшылар болжамынан жоғары болды. II тоқсанда компания пайдасы 6,2% өсті, тұрғын үй секторы бойынша пайда 7%, ал коммерциялық және өндірістік секторлар бойынша пайдасы 5% артты. Сонымен қатар, пайыз, салық, тозу және амортизацияға дейінгі түзетілген пайда (EBITDA) көрсеткіші 16,5%-дан 17,7%-ға дейін өсті. Акцияны кері сатып алудың нәтижесінде оның саны азайып, түзетілген пайда бір акцияға шаққанда GAAP емес есеп бойынша 22,2% өсіп, 1,65 доллар болды, бұл да сарапшылардың күткенінен жоғары.
Generac акциясы қазіргі таңда болжамды көрсеткіштерге сүйенсек, P/E=32, ал форвардтық P/E=22 болып бағалануда. Бұл орташа табысты өндіруші үшін арзан саналмаса да, Generac акциясын «ақылға қонымды бағамен өсу акциясы» (GARP) деп атауға болады.
Бұдан бөлек, Generac компаниясының өнімдеріне сұраныс әдетте табиғи апаттар мен электр жарығының үзілуі кезінде күрт артады. Бұл өз кезегінде портфельдік хедж ретінде де бұл акцияларды қарастыруға мүмкіндік береді.
Апта ішіндегі ТОП-10 қатарына енген тағы бір компания – Corning (GLW). Бұл – шыны және электрондық компоненттер өндіруші компания. Компанияның жасанды интеллектке қатысты өнімдеріне сұраныс артқандықтан, II тоқсан қаржылық нәтижесі сарапшылар күткенінен жоғары болды.
Материалтану саласындағы бұл компания негізгі сатылымдарының көлемі 12% өсіп, 4,05 млрд долларға жетті, ал негізгі пайда бір акцияға 0,60 доллар болды – бұл 28% өсім және сарапшылар күткен нәтижеден жоғары. Бұл жетістік, әсіресе, оптикалық коммуникация бөлімімен байланысты – бұл бөлімде корпоративтік сатылымдар өткен жылмен салыстырғанда 81% өсті. Себебі – генеративті жасанды интеллектке арналған өнімдерге сұраныстың артуы.
Компания III тоқсанға да оң болжам жариялап, сатылым көлемі 4,2 млрд доллар болады деп күтуде, бұл инвесторлардың сенімін нығайтты.
Жалпы, қазіргі есеп беру маусымы соңғы төрт маусыммен салыстырғанда әлдеқайда жақсы өтуде. Қазіргі уақытқа дейін есеп берген компаниялардың 80%-ы сарапшылар күткенінен жоғары пайда көрсетті, ал соңғы бір жылда бұл көрсеткіш 76%-дан аспаған еді. Бұл өз кезегінде қор нарығының алдағы болашағына оң көзқарас тудырып отыр.
(c) Naryk.kz https://naryk.kz/news/naryqqa-aptalyq-sholu-biznes-saiasi-shieleniske-qaramastan-osip-keledi