2025 жылғы 13 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы

Мама, мен жынданып кеттім! Нарықта болып жатқан жағдайда көріп отырған көптеген инвестор іштей дәл осындай күй кешіп жатқан шығар. Ондағы өсім еш негізсіз шарықтап бара жатыр және мұның немен аяқталатыны белгісіз.

Бейсенбінің таңы сәрсенбі кешінің қисынды жалғасы болды. Нарықтағы көңіл-күй бірде енжар-оптимистік болса, бірде бәрі мұңды пессимизмге берілді. Нарықтағы ауа-райын тұтынушылық инфляция (CPI индексі) жөніндегі макродеректер бұзды, өйткені ол ФРЖ оны (инфляцияны) тежеуге барлық күш-жігерін салғанымен, бұдан әзірше ойдағыдай нәтиже жоқ екенін анық көрсетті.

Бейсенбіде осынау бәрін шаршататын Марлезон балеті жалғасып, тұтынушылық инфляция туралы деректердің екінші бөлігі – бұл жолы өндірушілердің деректері (PPI индексі) шығуы керек еді. Нарыққа қатысушылар PPI индексі деректерінің CPI индексінің деректерінен айтарлықтай ерекшеленетініне аса үміт артқан жоқ, сондықтан бейсенбі күні түске дейін негізгі американдық индекстердің фьючерстері нөлдің маңайында болды, бірақ мезгіл-мезгіл «жертөлеге», яғни теріс белгі аумағына түсіп жатты.

Абырой боғанда, PPI индексі бойынша деректер күтпеген жерден шынымен де жақсарды да, өндірушілер тарапынан қаңтардағы инфляция тіпті аздап баяулады. Бұдан төбесі көкке жеткен инвесторлар қайтадан бағалы қағаздарды сатып алуға кірісті. Сондықтан сауда-саттықтың плюстен басталғаны және одан кейінгі бірнеше сағат бойы индекстердің өткен күн жабылғандағы бағамен салыстырғанда жарты пайыз өсіммен саудаланғаны таңғаларлық емес.

Бірақ кеше нарықтың басына тағы бір бұлт үйірілді. Бұл Трамптың бейсенбіде өзінің жауап тарифтерін енгізу жоспарын жариялауға уәде бергеніне байланысты еді. Бұл да нарыққа қатысушылардың үрейін ұшырды, сондықтан негізгі сауда-саттық сессиясының ортасына қарай сатып алу қарқыны біртіндеп басылып, тіпті кейбір түзету белгілері көрініс бере бастағандай болды. Бірақ Трамп күні бұрын байбалам салмаса, Трамп болмас еді. Әрине, ол Жауап тарифтері бойынша аталмыш іс-қимыл жоспарын жұртшылық назарына ұсынды, бірақ оны енгізу мерзімін ең болмағанда 2 сәуірге дейін кейінгі қалдырды. Нарық  өз-өзіне келгендей болды. Құдайға шүкір! Ал мұндай жағдайда не болады? Дұрыс, инвесторлар қайтадан сатып алуға кіріседі. Сауда-саттықтың ортасында өсудің жаңа толқыны басталып, финалдық гонг соғылғанға дейін жалғасты. Осы орайда Dow (DJIA-30) индексінен басқа барлық американдық жетекші индекстер 1-1,5 пайыз қосып, күннің максимум деңгейінде жабылды (Dow Jones +0,77% өсті).

Бір күнде 1 пайыздан астам жоғарылаған ITS тобының индекстері американдық әріптестерінен қалысқан жоқ. Бұл ретте ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі осы аптада төртінші рет өзінің абсолютті тарихи максимумын (ATH) жаңартты және өзінің тарихында алғаш рет 1300 тармақ белгісінен жоғары көтеріліп, 1307 тармақ деңгейінде жабылды. Бір қызығы, егер бейсенбінің нәтижесіне негізделген өсудің негізгі драйверлеріне қарасақ, ITSW жаһандық нарық индексінің портфелі қаншалықты алуан түрлі екенін көруге болады. Кеше көш басына алуан түрлі сектордағы американ және қытай компанияларының акциялары шықты, атап айтқанда бұл салалар – технология (ішіндегі үздігі израильдік CyberArk Software (CYBR, +8,78%)), медицина (үздігі – жапонның Takeda Pharmaceuticals компаниясы (TAK, +2,71%) және тіпті шикізат секторы (үздігі – британдық Rio Tinto (RIO, +2,01%)).

Екі күн қатарынан қазақстандық бизнес көшбасшыларының бірі Kaspi.kz (KSPI,+6,64%) компаниясының биіктен көрініп жүргені қуантады, соңғы екі күнде оның капиталдану көрсеткіші 15 пайыздан астам ұлғайған.

Ал ITS Shariah исламдық қағаздар индексінде бәрі дұрыс болды. Көшті бигтехтер – триллионерлер бастады. Ең бірінші орында Tesla (TSLA,+5,77%) тұрса, одан кейінгі орындарға NVidia (NVDA,+3,16%) мен Apple (AAPL,+1,97%) жайғасты. Олардың қатарына қосылған жалғыз компания – Cisco Systems (CSCO,+2,09%), оның баға белгіленімі тоқсандық есептілігі шыққаннан кейін күннің басында 6 пайыз өсті, бірақ мұндай жоғары көрсеткішті сақтай алмады да күнді қарапайымдау нәтижемен аяқтады.

Жалпы алғанда, нарықтағы қазіргі ахуал таңғалысқа орай оптимистік көрінеді. Американдық индекстер мен ITSS исламдық бағалы қағаздар индексінің тарихи максимумға жетуіне миллиметр ғана қалды, ал ITSW индексі биіктен биікке көтеріліп бара жатыр. Бұдан артық не керек? Бірақ көпшіліктің көңілі алаң. Түзету жасалатын күн жақындаған сияқты. Оның белгісі күн санап қаттырақ байқалады. Шамасы, оған дайындала беру керек сияқты.