2025 жылғы 25 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы
Үміт пен үрей – инвесторлардың басы қатты. Негізінде, бұл үйреншікті көрініс және онда жаңа ештеңе жоқ. Инвесторлар ЖИ-ге арнап өнімділігі аса жоғары чип жасау саласындағы әлемдік көшбасшы – NVidia (NVDA,-2,80%) компаниясы қызметінің нәтижесі жақсы болады деп үміттеніп отыр және сөйте тұра әлгі NVDA олардың үмітін ақтамайды деп қорқады. Сонымен қатар олар инфляция ФРЖ бақылауынан шығып кетеді, Трамп өзінің тарифтерімен АҚШ экономикасын және бәлкім бүкіл әлемнің экономикасын күйретеді және т.б. деп үрейленеді. Көріп отырғанымыздай, үміт ұялататын нәрседен гөрі қорқынышты оқиға көп, сондықтан нарықта өсу жоқ, ол төмендеп барады. Өткен сейсенбіде 4-ші күн қатарынан құлдырау болды. Осы уақыттың ішінде S&P500 кең нарық индексі шамамен 3% төмендеді, ал NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің құлдырау көрсеткіші бір апта бұрынғы деңгейден 5%-дан сәл асады. Dow Jones (DJIA-30) индексі ғана ағымдағы сатылым толқынына азды-көпті қарсы тұрып, тіпті екінші күн қатарынан аздап жоғарылап жатыр. Кеше Dow индексі өсуінің негізгі драйверлері ритейлерлер – Walmart (WMT,+4,29%) және Home Depot (HD,+2,84%) болды. Осы орайда атап өтетіні, бұл тізбектің көшбасшысы Walmart болған жоқ. Қос компанияның акцияларына сұраныстың өсуіне сауда-саттық басталар алдында жарияланған Home Depot тоқсандық есептілігі түрткі болды, өйткені ол (о, бақыт!) талдаушылардың да, инвесторлардың да болжамынан жақсы шықты. Осының арқасында HD акциялары өсіп, өткен бейсенбіде есептілігі жарияланғаннан кейін айтарлықтай көп жоғалтқан WMT акцияларын өзімен бірге жоғары қарай сүйрелей жөнелді. Қысқасын айтқанда, кеше «айырылмас достар» тамаша нәтиже көрсетіп, сайып келгенде күннің соңына қарай 0,37% Dow Jones индексін плюске шығарды. Ал Dow индексінің «кіші жолдастарының» жағдайы әлдеқайда нашар болды. S&P500 индексі де, NASDAQ Composite индексі де күнді анық минуспен жапты (тиісінше -0,47% және -1,35%) және олардың тіпті бастарын көтеріп, қандай да бір жағымды нәрсені көруге мүмкіндігі болмады. Бұл күні негізінен сәтсіздікке ұшыраған – әлгі Nvidia төмен сүйреген «Тамаша жетіліктің» акциялары болды. Бірақ Magnificent 7 арасында Tesla (TSLA,-8,39%) акцияларының көрсеткіші ең нашар болды, оның 325 доллар деңгейіндегі мықты қолдауды қиратып омақаса құлаған баға белгіленімі әзірге 300 доллар белгісінде тоқтады. Мұндай келеңсіз жағдайға Қытайдағы BYD электромобильдерінің сатылуы туралы ақпарат себеп болды, одан Tesla компаниясының қазіргі уақытта қытай нарығындағы бәсекелестерінен толығымен ұтылып жатқаны түсінікті.
Өкінішке орай, Tesla акцияларының көрсеткіші АҚШ-та ғана емес, сонымен қатар ITS тобының индекстерінде – ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексінде де, ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексінде де ең нашар болды. Бірақ егер портфелі толығымен американдық компаниялардың бағалы қағаздарынан тұратын соңғысы Америка нарығындағы жағымсыз жағдайды еңсере алмай бір күнде 0,8% жоғалтқан болса, ITSW жаһандық нарық индексі портфелінің географиялық жағынан жақсы әртараптандырылуының арқасында ұстанымын сақтап, американдықтарға жауап беруге жағдайы келді. Сайып келгенде, күннің қорытындысы бойынша ITSW тіпті 0,54% қосты.
Осы орайда сейсенбі күні ITSW индексінің құрамындағы акциялардың ішінде бір күнде өзінің капиталдануына 13 пайыздан астам қосқан Қытайдың тағы бір автомобиль шығаратын компаниясы Li Auto (LI,+13,20%) акциялары үздік болды (өкінішке орай, BYD акциялары тек Қытай мен Гонконг нарықтарында саудаланады). Мұндай қарқынды өсуге компанияның жаңа Li i8 жол талғамайтын толық электрлік көлігінің тұсаукесері себеп болды. Көріп отырғанымыздай, бұл электромобильдің инвесторларға әсер еткені соншалық, олар жерден жеті қоян тапқандай қуанып Li Auto акцияларын жаппай сатып ала бастады.
Жалпы алғанда, кейбір жетістіктерге қарамастан (ең алдымен – ритейлерлер мен қытай компанияларының акциялары), нарық өте тепе-теңдіксіз күйде. Қазір белгісіздік басым және инвесторлардың негізгі бөлігі белсенді әрекетке көшу үшін нақты белгіні күтумен отыр.