2025 жылғы 6 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы
Өткен бейсенбі, бәлкім соңғы күндері бірінші рет болу керек, сарапшының көпшілігі болжағандай тыныш және еш проблемасыз өтті. Сауда-саттықтың ашылуы нөл белгісіне жақын жағдайда өтсе де, көрсеткіш оң болды. Күні бойы дерлік индекстер оң белгіде тұрақтады. Тек Dow Jones (DJIA-30) жағдайы өзгеше еді. Оны ең алдымен Amgen (AMGN,-3,26%), United Health (UNH,-1,81%,), Merck (MRK,-1,81%) және Johnson & Johnson (JNJ,-0,76%) сияқты медициналық компаниялардың акциялары құлдыратып жіберді. Бірақ бұған «технарлар» да «өз үлесін қосты». Salesforce (CRM,-4,92%) және IBM (IBM,-3,74 сияқты қос технологиялық «кертартпа» ең көне американдық индекстің плюске шығуына жол бермеуге күш салды. Нәтижесінде Dow индексі 0,28% жоғалтып күнді минуспен аяқтады.
Бірақ оның әріптестері – S&P500 (+0,36%) және NASDAQ Composite (+0,51%) индекстері бұл күнді әлдеқайда сәтті өткізіп, барлық сауда-саттықта бағасын еш қиындықсыз нөлден жоғары ұстап тұрды (бірақ оны төмендетуге әрекет жасалды да!), ал сауда-саттықтың соңғы сағатында биржаның «бұқалары» тіпті шағын ралли ұйымдастырып жіберді. Осы бір сағаттың ішінде индекстің екеуі де жарты пайыздан қосып бұл күнді жергілікті максимумында аяқтады.
Бұл жолы да, алдыңғы күндегідей, өсудің негізгі драйверлерінің бірі NVidia (NVDA,+3,08%) акциялары болды – олардың соңғы аптада арзандағаны соншалық, тойымсыз инвесторлар әлі де жанталасып бұл акцияларды саудасы қызған базардың ыстық бәлішіндей жаппай сатып алып жатыр. Әрине, бейсенбі күні нарықта NVDA-нікінен де ыстық «бәліш» болды, атап айтқанда бұл Palantir Technologies (PLTR,+9,79%) және Phillip Morris International (PM,+10,95%) акциялары. Қос компанияның тамаша тоқсандық есептері жарияланғаннан кейін екеуінің де акциялары инвесторлардың жоғары сұранысына ие. Бірақ әділдік үшін атап өтетіні, нарыққа қатысушыларға оң серпін беріп отырған олардың акциялары емес, - NVDA қағаздары.
ITS тобының индекстері де барын салып, бұл күнді біршама жақсы нәтижемен аяқтады. ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі бір күнде 0,2% өсті, ал ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі одан сәл азырақ – +0,08% қосты. Осы орайда айта кететіні, ITSW индексі сауда-саттық барысында тіпті 1284,77 тармақ көрсеткішіне жетіп, өзінің абсолютті максимумын өзгертті. Дегенмен ол бұл биік көрсеткішті сақтай алмай, күннің соңына қарай аздап төмендеді. Осылайша сауда-саттық аяқталғанда максимум бағындырылмай қалды.
ITSS индексіне келсек, күннің қорытындысы бойынша Eli Lilly фармацевтика алпауытының акциялары (LLY,+3,35%) үздік болып шықты, олар тоқсан сайынғы есептілігі жарияланғаннан кейін де инвесторлардың жоғары сұранысына ие болды. Ал ITSW жаһандық нарық индексінде олар Қытайдың Li Auto автомобиль өндірушісінің (LI,+6,18%) акцияларын алға жіберіп, небары екінші орынға шықты. Бұған қарап автомобиль компаниялары акцияларының бағасының өсуі инвесторлардың автомобиль өндіруші компаниялардың акцияларын белсендірек сатып алуына ықпал ету керек сияқты. Дегенмен, зейін салып қарайтын болсақ, автомобилистердің акциялары әзірше пайда табуға болатын актив емес екені анық. Олардың бағасы бірде қатты шарықтап, бірде құлдырап кетеді, бірақ шын мәнінде көптен бері бір орнында тұр. Бір ғана мысал келтірсек. Кеше акциялары 6 пайыздан астамға өскен Li Auto компаниясына қарама-қарсы кеше тоқсан сайынғы есептілігі шыққаннан кейін нарыққа қатысушылардың қаһарына ілінген Ford акцияларын (F,-7,49%) қарастыруға болады.
Демек, әзірге автомобиль өндірушілердің бағы жанбай отыр. Оның орнына жасанды интеллектке, бұлттық технологиялар саласындағы сервиске және т.б. бағытталған компаниялардың акцияларына үлкен сұраныс бар. Бұл заманауи бизнестің күрең жолы және инвесторлардың әзірге басқа жолға түскісі келмейді.