Трамп Тесла акцияларын құлдыратып жіберді

Бейсенбінің сауда-саттық күні біресе нарыққа қатысушылардың ұнжырғасын түсірген, біресе жүрегін орнына түсірген жақсы және жаман жаңалықтарға толы болды.

Алдымен жұмыссыздық жәрдемақысын алуға берілген алғашқы және қайталама өтініштердің саны туралы макродеректер шықты. Сайып келгенде Initial Claims көрсеткіші болжамнан сәл нашарлау болып шықты (247 мың, ал болжам бойынша 236 мың болу керек еді) және ең қынжылтатыны, бұл алдыңғы аптадан да нашар – өткен аптада бұл көрсеткіш 240 мың болған. Әрине, бұл нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін аздап бұзды, сөйтіп негізгі сауда сессиясының басында-ақ барлық индекс бірден кішігірім минусқа кетті. Бірақ көп ұзамай қор нарығындағы «ауа-райы» өзгерді. Сауда-саттық басталғаннан кейін жарты сағат өткен соң Президент Трамп пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің телефон арқылы сөйлескені туралы хабар келді. Осынау жағымды жаңалықты назарынан тыс қалдырмаған инвесторлар еш талғамастан бәрін бірдей сатып алуға кірісті де, индекстер плюске шықты. Бұл орайда S&P500 кең нарық индексі осы күндізгі «мини раллидің» нәтижесінде тіпті 6000 тармақ (дәлірек айтсақ, 5999,70) деңгейіне көтерілді. Алайда SPX индексі психологиялық маңызы бар бұл деңгейді еңсере алмай қойды – оған келіп бір тірелді де, қайтадан төмен құлдырап кетті.

Осыдан кейін жағымсыз жаңалықтардың жаңа легінің кезегі келді. Бұған да президент Трамптың қатысы болды. Жанжалдасып қалған Трамп пен Илон Маск жұртшылық алдында еш шімірікпестен бір-бірін кінәлап, айыптады. Маск болған жерде, әрине, Тесла бар, сондықтан оның акциялары биржа «аюларының» қатты қысымына ұшырап, ақырында 15% жуық шығынға батты. Бұл жағдайда индекстерге не болды? Жақсы ештеңе болған жоқ. Басталып кеткен баяу жаппай сатылым нарық жабылғанға дейін созылды. Күннің екінші жартысында төмендеумен болған индекстер күнді Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі бойынша 0,25% бастап NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі бойынша -0,83% дейін шығынмен аяқтады. Осы орайда Америка қор нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі -0,53% жоғалтты.

Атап өтетіні, биржа «аюлары» іс жүзінде экономиканың барлық секторларын «төмпештеді». Бірақ 11 сектордың 4-і күнді плюспен аяқтады. Дегенмен, олардың нәтижесін өсу деп айтуға болмайды, өйткені бір күнде орташа есеппен +0,31% жоғарылаған шикізат компанияларының көрсеткіші ең жақсы екені анық. Бұл шынымен де керемет өсу!

Ал орташа шығыны 2 пайызға жуықтаған (-1,95%) циклдік компаниялардың акциялары қарама-қарсы «полюске» орналасты. Дегенмен, бейсенбі күні бұл шығынның басым бөлігі Tesla (TSLA) акцияларының үлесіне тигенін естен шығармау керек.

Әлбетте, ITS тобының индекстері де бұл кешкі жаппай сатылымның зардабын көрді. Портфелі тұтастай аса ірі американдық компаниялардың акцияларынан тұратын ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі бәрінен де көп зиян шекті. Бұл жердегі шығын айтарлықтай көп: -1,75%

Оның есесіне ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі небары -0,52% жоғалтты. Оның осылай құтылуына бұл жолы да американдық емес эмитенттердің акциялары, соның ішінде бір күнде 2 пайыздан астамға (+2,08%) өскен Қазақстанның Kaspi.kz (KSPI) акциялары ықпал етті. Бір күн бұрын өзінің тарихи максимумына өте жақын келген ITSW индексінің бұл шыңды бағындыра алмағаны ғана қынжылтады.

Жалпы, өткен бейсенбіден кейін көпшілікті абдыратқан көп мәселенің басы ашық күйінде қалды. Белгісіздік күшейіп жатыр, ал «бүйірлік» тренд – серіппе сияқты – қысылып бара жатыр. Демек, алдағы уақытта нарықтың осынау екі ұдай жағдайдан күрт шығуының куәсі боламыз және бұл әзірге қандай да бір жаңа шыңға шығу туралы әңгіме жоқ екенін аңғартады.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс, %

DJIA (DJI)

42 319,7

-0,25

S&P500 (SPX)

5 939,30

-0,53

NASDAQ Comp. (IXIC)

19 298,4

-0,83

ITS WORLD (ITSW)

1 311,16

-0,52

ITS Shariah (ITSS)

1 222,67

-1,75

 

6 маусымда нарықтан не күтуге болады 

Алдағы жұма күнгі сауда-саттық алдыңғы күндердегідей тартысты болады деп күтілуде. Нарыққа қатысушылар үшін жан тыныштығы әзірге арман ғана.

Азиядағы таңғы сауда-саттыққа қарап, соңғы күндері толассыз ағылып әлемді дүр сілкіндірген жаңалықтар мен оқиғалар легі әлі таусылған жоқ, инвесторлардың көңілі жай таппай отыр деп айтуымызға болады. Кеше Трамп пен Си Цзиньпин телефон арқылы сөйлесті. Бұл келіссөз азды-көпті нәтижелі өткен сияқты. Бұған қуануымыз керек-ақ, бірақ бүгін таңертеңнен бастап Қытайдың Shanghai Composite индексі таза символдық +0,04% қосты, ал Гонконгтың Hang Seng индексі болса -0,35% жоғалтып, минусқа кетті. Көріп отырғанымыздай, инвесторларды қуантатын ештеңе жоқ.

Америка нарығында да бір түн ішінде жағымды үрдіс пайда болған жоқ. Кеше инвесторлардың көңіл-күйін көтеруге тиіс болған индекстер, керісінше, оларды қамықтырды. Финалдық гонг соғылғаннан кейін екі әйгілі компания – жартылай өткізгіштер өнеркәсібіндегі көшбасшылардың бірі Broadcom (AVGO) және әйгілі спорттық киім мен аяқ киім дүкендері желісінің иесі Lululemon Athletica (LULU) компаниясының тоқсандық есептілігі шықты. Broadcom есептілігіндегі цифрлар, болжанғандай, жақсы шықты, бірақ соңғы уақытта оның акциялары қатты өскендіктен, инвесторлар есептілік шыққан бойда пайданы тиянақтай бастады, бұл өз кезегінде баға белгіленімдерінің 3%-дан астам құлауына әкеп соқтырды.

Жағымсыз болжам жасалып отырған кезде баға белгіленімдері құлдырап, таңертең құнының 20%-ынан астамын жоғалтқан ритейлер акцияларының жағдайы тіпті мүшкіл.

Абырой болғанда, жалпы инвесторлар бұл келеңсіздікке аса көп назар аудармайды, осылайша негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстердің баға белгіленмідері бір пайызға жетпейтін шамаға өсіп, әзірге «жасыл аймақта» тұр.

Бүгінгі күннің басты оқиғасы – сауда-саттық басталғанға дейін АҚШ Еңбек министрлігі тарапынан еңбек нарығы туралы ресми деректер шығады. Шынын айту керек, нарыққа қатысушылар одан жақсы нәрсе күтіп отырған жоқ. Сәрсенбі күні ADP агенттігі жаңа жұмыс орындарының күрт қысқарғанын хабарлады, ал кеше жұмыссыз жәрдемақысын алуға берілген жаңа өтініштердің саны бойынша деректер болжанғаннан да нашар болып шықты және бір апта бұрынғы көрсеткіштен асып кетті. Бұдан еңбек нарығындағы жағдай күрт нашарлап бара жатыр деген тұжырым жасауға болады. Бірақ нарыққа қатысушылар жағдай соншалық жаман емес деген үмітте. Үмітсіз – шайтан деп бекер айтылмаған.

Сондықтан бүгін сақ болып, жаңалықтар легін өте мұқият қадағалап отыру қажет, өйткені ол біраз тосын хабар әкелуі мүмкін. Бұл «тосын сый» инвесторларға аса жағымды болмауы да ықтимал.