Naryk.kz: S&P индексіндегі аптаның топ-10 акциясы
Өткен аптада нарықта ерекше өсім байқалған жоқ. Инвесторлар бағаның күрт шарықтамайтынын ескеріп, пайдаларын есептей бастады. ITS биржасы бұл материалда нарыққа апталық шолуды бастайды.
Екі апта бұрын кей компания акциялары 30%, тіпті 50%-ға дейін қымбаттаса, өткен аптада, көріп отырғанымыздай, ең қатты қымбаттады деген акцияның өзі 10%-дан асып жығылды. Бұл дегеніңіз — нарық қатысушылары сатып алу емес, сатуға көңіл аударғанын көрсетеді.

Нарық тұрақсыздығының тағы бір белгісі — үздік акциялардың ондығында технологиялық сектор компанияларының іс жүзінде жоқтығы. Бигтех, яғни үлкен технологиялық компаниялардың жалғыз өкілі Intuit Inc. (INTU) болды. Оның өзінде өткен бейсенбіде жарияланған компанияның корпоративтік есебінің тартымдылығының арқасында ғана компания ТОП-10-ға кірді.
Есесіне алғашқы ондықта медициналық компаниялардың акциялары салыстырмалы түрде көп — тізімде олардың үшеуі бар. Олардың барлығы Денсаулық сақтау секторының әртүрлі сегменттерінен шыққанын атап өткен жөн. Әйгілі Moderna (MRNA) жалғыз ғана дәрі, жалғыз вакцина шығаратын компания. Бұл вакцинаны бәріміз білеміз, көпшілік оны COVID-19 індеті кезінде қолданған. UnitedHealth (UNH) медициналық сақтандыру нарығындағы ең ірі ойыншы. Ал Gilead Sciences (GILD) компаниясын медициналық препараттардың жеткілікті кең спектрін әзірлейтін және шығаратын таза медициналық компания деп санауға болады. Дегенмен, топ-10-ға бизнесі әр түрлі 3 медициналық компанияның кіруі сырттай қарағанда қалыпты болмағанымен, зер салып қарасаңыз, өткен апта бұл сала үшін жаман болмағанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, S&P500 индексінің алғашқы ондығына бұл жолы екі биржаның – Чикаго опциондар биржасы (CBOE) және Coinbase криптовалюта биржасы (COIN) акциялары кіргені назар аударарлық. Егер біріншісінде бәрі түсінікті болса және ол америкалық қор биржаларының көшбасшыларының үштігінде болса, онда көшбасшылар арасында криптовалюта биржасының пайда болуы инвесторларды және әсіресе криптовалютаға сенетін және оның өсуіне бәс тігетіндерді шынымен қуантуы тиіс. Шын мәнінде, Coinbase акциялары дәл қазір өсіп жатыр, өйткені биткойн бағамы да өткен аптада өсті.
Криптовалюта нарығындағы кезекті ралли нарықта белгісіздік күшейген уақытта инвесторлардың биткойнды сенімді құрал ретінде қолдана бастауы байқалады. Геосаяси шиеленіс, сауда дауларының ушығуы және АҚШ қарыз көлеміне қатысты алаңдаушылық балама активтерге ауысуға түрткі болды, көптеген инвесторлар цифрлық валюталарды осы тәуекелдердің кейбіріне қарсы қорған ретінде қарастырады.
Алайда қорғалған активтерге тоқталсақ, онда алдымен алтынды айту керек. Өткен аптада алтын инвесторлар арасында мол сұранысқа ие болып, шамамен 5% қымбаттады. Олай болса, Newmont Corp-тің (NEM) аптадағы ең табысты акциялар тізімінде бірінші орында тұрғаны таңқаларлық емес. Компания әлемдегі ең ірі алтын өндірушілердің бірі. Алтынның өзі бір апта ішінде 5% қымбаттаса, Newmont акциясы осы кезеңде 10%-дан астамға қымбаттады. Сонымен қатар, жыл басынан бері Newmont акциялары 44% өсіп, S&P500 индексіне кіретін компаниялардың барлық акцияларының арасында табыстылық бойынша 7-орында. Міне, нағыз қорғалған актив!
Қорытындылай келе, соңғы аптадағы алғашқы ондық салыстырмалы түрде аз өскеніне қарамастан, өте айқын және тағылымды болып шыққанын атап өтуге болады. Мүмкін, бұл шын мәнінде, көп табыс табу үшін технологиялық акциялардың соңынан қумай, оның орнына алтын өндіретін, медицина саласындағы немесе азық-түлік секторындағы тұрақты және сенімді, қорғалған активтерге қаражат салған да дұрыс шығар? Алайда, соңғы таңдау, әдеттегідей, нақты инвестордың өзіне ғана байланысты.
(с) Naryk.kz