2025 жылғы 3 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы
Кешегі шолуда қазіргі кезде нарықтың ендігі беталысы қандай болатыны беймәлім екенін атап өткенбіз. Жауыр болған сөз сияқты естілгенімен, қатардағы инвесторлар мен көптеген сарапшы ғана емес, АҚ ФРЖ мүшелері де тура сондай пікірде екен. Олардың бірі – ФРЖ Басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кук (Lisa Cook) кеше дәл осы жайында айтты. Оның мәлімдеуінше, АҚШ экономикасының «тірегі берік» болғанымен, сауда саясатындағы өзгерістер әсерін бере бастағандықтан, жыл басынан бері белгісіздік айтарлықтай өсті. «Мен әкімшіліктің (Трамптың) саясаты туралы пікір білдірмеймін. Бірақ оның экономикалық салдарын зерттеймін, ол сірә инфляцияның жоғарылау және еңбек нарығының салқындау ықтималдығын арттырады, — деді Кук. – Белгісіздік деңгейінің жоғарылауы бағаның тұрақтылығына да, жұмыссыздыққа да қауіп-қатер төндіреді».
Кешегі сауда-саттық міне осындай ахуалда өтті. Нарыққа қатысушылар жан-жақтан келетін жағымсыз жаңалыққа орай нарықта қолайсыз жағдай туындап жататынына қарамастан, олардың әзірге болашаққа оптимизммен қарап, бағалы қағаз сатып алуды жалғастыра беруге дайын екенін тағы да растады.
Сейсенбі күні негізгі сауда-саттық сессиясы бейтарап басталып, нарық нөл белгісіне жақын жерде ашылды. Алайда сауда-саттық басталған бойда нарыққа қатысушылар макроэкономикалық статистикадан кішігірім «сергектік қуатын» алды – экономикадағы бос қызмет орындарының жалпы саны туралы деректер (JOLTS) ойда жоқта шарықтап өсіп, болжамды көрсеткіштен сәл асты (іс жүзінде 7,391 млн., болжам бойынша 7,2 млн.). Осы жағымды жаңалықтан «қанаттанған» инвесторлардың көңіл-күйі сауда сессиясы бойы дерлік жақсы болды – баға белгіленімдері көтеріліп, индекстер бір сәтте тіпті 1 пайызға дейін қосып, тез арада қауіпсіз плюске шықты. Бірақ сауда-саттық сессиясының екінші жартысында сатушылар тарапынан қысым жасалғанын, пайданы тиянақтау үрдісі де болғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, «нарық бұқалары» түске дейін жасаған «мықтылық запасы» әжептәуір екен – индекстер жағдайы нашарламай, минусқа кетуден еш қорыққан жоқ. Ақыр аяғында финалдық гонг соғылар кезде барлық жетекші американдық индекстер анық плюсте болды және сейсенбі күні таңертең көпшілік жасаған болжамнан да тәуір нәтижеге табан тіреді. Айталық, Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі +0,51% қосса, S&P500 кең нарық индексінің өсімі +0,58% сәл асты. Осы орайда бір күнде +0,81% өскен NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің жағдайы бәрінен де жақсы болды.
NASDAQ индексінің жақсы өскені түсінікті, өйткені кеше өсудің негізгі драйверлері инвесторлардың жоғары сұранысына ие болған және 2-3 пайыздан (AMD, NVDA, AVGO) бастап тіпті 11 пайызға дейін (ON Semiconductor (ON,+11,35%)) өскен технология секторының акциялары және ең алдымен чип жасайтын компаниялардың акциялары болды.
Onsemi бас директоры Хассан Әл-Хури екінші ірі компанияның өнеркәсіп нарығының қалпына келу белгілерінің бар екенін, сондай-ақ Bank of America ұйымдастырған технологиялық конференцияда сөйлеген сөзінде автомобиль нарығының екінші тоқсандағы жағдайы қандай болуы мүмкін екенін көрсеткеннен кейін ON Semiconductor (ON) акциялары 11% шарықтап кетті. Айта кететіні, соңғысының акциялары, көптеген басқа компаниянікі сияқты, ITS алаңында да табыспен саудаланады және қазақстандық инвесторларға қолжетімді.
Кешегі өсудің тағы бір драйвері әйгілі ритейлер – дискаунтер дүкендер желісінің иесі Dollar General (DG,+15,85%) акциялары болды, сауда-саттық басталғанға дейін супер позитивті тоқсандық есептілігі шыққаннан кейін оның акциялары тікелей «ғарышқа ұшты». Дискаунтер көрсеткіштері сатылым мен пайданың тоқсандық болжамынан асып түсті және оның осы жылға арналған болжамын жақсартты. Компания сондай-ақ тарифке байланысты шығыс бабына түсетін қысымның көп бөлігін азайта алады деп сенеді, бірақ мұның тұтынушылық шығыс үрдісіне қандай әсері болатыны белгісіз екенін білдірді.
ITS тобының индекстеріне келетін болсақ, сейсенбінің қорытындысы бойынша олар әдеттегідей тамаша нәтиже көрсетті. Ал ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі американдық бағалы қағаздар индекстері арасында үздіктің үздігі болып шықты - оның бір күндегі өсімі 1 пайыздан асты (+1,02%). ITS World жаһандық компаниялар индексі «қызметтесінен» сәл ғана артта қалып, «бар болғаны» +0,41% өсті. Бірақ бұл индекстің өсу қарқынының бәсеңдеуі оның тарихи максимумына жақындап қалғанына да байланысты, оған жетуіне 1 пайызға жетер-жетпес шама қалды. ITSW индексінің портфелінің үздіктері Қытайдың автомобиль алыбы Li Auto (LI,+6,07%) және Швейцариялық қаржы алпауыты UBS Group (UBS,+4,78%) акциялары болды. Бұл акциялардың осылай тамаша өсуінен ITSW индексінің өзі де жақсы нәтиже алуы керек сияқты еді. Алайда, сейсенбі күні жолы болмай «қарама-қарсы полюсте қалған» бейбақтардың қатарында Alphabet компаниясы (GOOGL,-1,69%) және Үндістанның жетекші банкі Icici bank (IBN,-1,67%) сияқты аса әйгілі тұлғалардың зор салмағы бар акциялары болды. Әрине, монополияға қарсы қызметпен арадағы сот процестеріне байланысты бір аптаға жуық уақыт бойы сатушылардың қатты қысымына ұшырап отырған Гугл акцияларының ахуалы ерекше қынжылтады.
Бірақ қалай болғанда да, сейсенбінің қорытындысына қарағанда, нарықта келеңсіз нәрседен гөрі жағымды құбылыстар көбірек болды. Бұл индекстердің өсуінен көрініс тапты. Егер ITSW индексінің тарихи максимумына жетуіне 1 пайыздан аз қалса, Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P50 индексінің де тарихи шыңына жету үшін көп емес – 3% жетер-жетпес «жолды» еңсеруі керек. Дегенмен, бұл үшін S&P500 индексі 6000 тармақ деңгейіндегі өте елеулі (бірінші кезекте психологиялық) кедергіні жеңуі керек. Егер осыны істей алса, тарихи максимумына келуі мүмкін.