2025 жылғы 25 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы

Сәрсенбіде сауда-саттықтың қиын өтетін әдеті бар. Бірақ кешені шынымен де сәрсенбінің сәтті күні болды. Сейсенбіде баға белгіленімі жақсы өскеннен кейін нарыққа қатысушылар кішігірім үзіліс жасауды жөн көрді. Абырой болғанда олардың бұл жоспарына ештеңе де кедергі болмады. Бірақ болуы мүмкін еді… Ең алдымен, мамыр айында жаңа үйлердің сатылуы бойынша көңіл көншіте қоймайтын деректер шықты – көрсеткіш талдаушылардың болжамынан нашар (болжам бойынша 700 000, іс жүзінде 623 000). Бірақ нарық мұны назардан тыс қалдырған дұрыс деді. Одан кейін АҚШ Сенатында ФРЖ жарты жылдағы қызметі жөнінде баяндама жасаған ФРЖ Төрағасы Джером Пауэллдің кезегі келді. Пауэлл мырза естен тандырарлық ештеңе айтпағанымен, нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін сәл бұзды. Бірақ қатты емес және онысы ұзаққа барған жоқ. Сондықтан негізгі сауда сессиясының екінші жартысы көңілге тоқмейілдік орнатқан ахуалда өтті, бұл әлбетте күннің түпкі нәтижесінен көрініс тапты да. Барлық жетекші американдық индекстердегі өзгеріс мүлдем аз болды. Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі негізінен «биржа аюларының» екпінімен McDonald’s (MCD) акцияларының кішігірім сатылымға ұшырағанынан аздап шығын шекті (-0,25%). Ал NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі +0,31% қосып аздап өсті. Мұндағы «көріністің басты кейіпкерлері» – бір күнде 4 пайыздан астамға (+4,33%) қымбаттап, тарихи максимумын қайта жазған NVidia (NVDA) акциялары. Бұл акцияларға сұраныстың артуына Loop Capital талдаушыларының болжамы себеп болды. Олар осынау технология саласы алпауытының target price шамасын 175 доллардан 250 долларға дейін көтеріп, «сатып алу керек» деген рейтингін сақтады.

Ал Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі тапжылмай қалды да, бір күнде бақандай -0,02 тармақ (пайыз емес, тармақ!!!) жоғалтты. Негізінен бұл ешкімді таңғалдырған жоқ. Бұл орынды үзіліс болды.

ITS Shariah (ITSS) исламдық қағазадар индексі бұл жолы да инвесторларды қуантты – сәрсенбіде ол +0,40% қосып, екінші күн қатарынан тамаша натижеге жетті де, тарихи максимумын тағы да жаңартты. Кеше, алдыңғы күндегідей, өсудің негізгі драйверлері жетекші технологиялық компаниялардың акциялары болды: NVDA компаниясының қағаздарына AMD, Apple (AAPL), Microsoft (MSFT), Cisco Systems (CSCO) және тағы да кейбір компаниялардың акциялары келіп қосылды. Тарихи максимумды жаңартуға тіпті сәрсенбіде Еуропада Tesla (TSLA) электромобильдері сатылымының бір жылдық есеппен өткен 2024 жылғы деректермен салыстырғанда 28% төмендегені туралы ақпарат шыққаннан кейін капиталдануының шамамамен 4 пайызын (-3,79%) жоғалтқан аталмыш компанияның жағдайы да кедергі болған жоқ.

ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексіне келсек, ол Тесладағы жаппай сатылымға, сондай-ақ Қытай жетекші компанияларының бірқатар акциясының, айталық, Alibaba (BABA) акцияларының баға белгіленімінің төмендеуіне қарама-қарсы қоятын ештеңе тапқан жоқ. Жалпы, сәрсенбі күні әлемдік нарықтардағы инвесторлардың көңіл-күйі жабырқау болды. ITSW индексінің құрамындағы акциялардың 30 пайызы ғана (50 акцияның 16-сы) күнді плюспен аяқтады. Осы орайда, барлық нарық біркелкі құлдырады деуге болады және сауда-саттық күнінің соңында «қызыл түске боялған» компаниялардың арасында американдық компаниялардың да, Еуропа мен Азия компанияларының да акциялары бар. Абырой болғанда, шығын көп емес, ITSW индексі бір күнде небары -0,21% жоғалтты.

Күнді қорытындылай келе, индекс атаулының мүлде өзгермегеніне қарамастан, нарыққа қатысушылардың көңіл-күйі жақсы екенін айтуға болады. Сондықтан алдағы уақытта ең алдымен S&P500 және NASDAQ Composite индекстері бойынша өріс ала бастаған рекордтық белгілерге шығу үрдісі жалғасын табады деп күтуге болады.