2025 жылғы 14-17 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы
Өткен апта қысқалығына қарамастан, оқиғаға өте толы болды. Бірақ осы орайда бірден айта кететіні, нарыққа қатысушылардың үміті ақталмағаны даусыз. Аптаның жақсы басталғаны таңғаларлық емес, өйткені Президент Трамптың жаңа тариф енгізуді 90 күнге кейінге қалдырғаны белгілі болғаннан кейін инвесторлардың көпшілігі нарықтың серпілісі жалғасады және жағдай қалпына келеді деп үміттенді. Алайда, көріп отырғанымыздай, көп ұзамай олардың көңіл-күйі бұзылды, нарық «бұқаларының» күші бірнеше күнге ғана жетті. Одан кейін «шардың желі шығып», қағаздардың баға белгіленімдері баяу да болса, қайтадан төменге құлдырай бастады. Абырой болғанда, бұл аптада басқа ауқымды жаппай сатылым орын алған жоқ, бірақ жағдайдың нашарлағаны анық. Тіпті нарықта анда-санда жақсы нәрсе болғанымен, ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек сияқты, осынау «жақсы» нәрсенің де әрекет мерзімі шектеулі еді, сөйтіп ақыр аяғында барлығы бұрынғы қалпына келіп, кезекті сауда-саттық күні минуспен аяқталды. Бұл тұрғыда өткен аптаның соңғы сауда-саттық күні болған бейсенбідегі жағдай көп нәрседен хабар береді. Әлемдегі жартылай өткізгіштер мен чип өндіретін аса ірі Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSM) компаниясының есептілігі тамаша шығуының әсерімен бұл күн жақсы басталған болатын. Бұдан нарыққа қатысушылардың рухы көтерілуі керек сияқты еді. Шынында да, бұл допингтің күші жарты күнге жетті. Дегенмен бұл хайп ұзаққа барған жоқ, сауда-саттық көңілсіз, мардымсыз айналыммен өтті де, нөл белгісіне жақындап аяқталды.
Бейсенбі күні финалдық гонг соғылғаннан кейін бүкіл нарық үшін аса маңызы Netflix (NFLX) компаниясының көптен күткен есептілігі жарияланды. Пайдасы жағынан да, түсімі жағынан да, 2-ші тоқсанға және 2025 жылға арналған жоспары жағынан да тамаша шыққан Netflix есебін көрген инвесторлардың төбесі көкке жетті. Қысқасы, барлық нәрсе бәріміз үйреніп қалғандай өте жақсы еді. Бірақ… Әдетте осындай есептілігі шыққан соң Netflix акцияларының баға белгіленімі 10, ал кейде тіпті 15 пайызға шарықтап ұшатын. Ал қазір постмаркетте осынау ғаламат компанияның акциялары небары 4 пайызға ғана өсті. Оның ұстіне, бұл деңгейде тұрақтай алмай, дүйсенбіге таман айналымы да сәл азайды. Яғни, бұл жерде де жағдай ойдағыдай болып отырған жоқ.
Нәтижесінде өткен апта өте нашар нәтижемен аяқталды, сондықтан негізгі американдық индекстердің барлығы қайтадан төмен құлдырай бастады, сөйтіп әзірге баға белгіленімдері қалпына келіп жатыр деген әңгіме айтуға болмайды. Таңғаларлығы, Америка нарығының негізгі бенчмаркы – S&P500 индексі бәрінен аз құлдырады, ол өткен аптаны «бар болғаны» бір жарым пайыз шығынмен аяқтады (-1,50%). Ал бір-біріне мүлдем ұқсамайтын болып көрінетін екі индекс – консервативтік Dow Jones (DJIA-30) және «ширақ» саналатын NASDAQ Composite жоғары технологиялық қағаздар индексінің шығыны бірдей дерлік - 2,6%. Dow индексінің жолы болмауына негізінен сақтандыру медицинасы саласының көшбасшысы United Health (UNH) компаниясының акциялары себеп болды – олар тоқсандық есептілігі жарияланғаннан кейін оңбай құлады. Өйткені бұл есептілігінде UNH зейнеткерлерге арналған Medicare Advantage медициналық бағдарламалары бойынша қызмет көрсетудің сәтсіздікке ұшырағанын мойындады. Ал Nasdaq индексінің шығыны негізінен чип жасайтын компаниялардың акцияларының қайтадан сатыла бастағанына және әсіресе өткен аптада капиталдануының 10% жуығынан айырылған NVidia (NVDA) акцияларының сатылымына байланысты болды.
Өткен аптаны сала-саладағы ахуалға қарап шолу өте қызықты. Бір қарағанда, жалпы көрініс жаман емес сияқты. 11 сектордың 8-і аптаны плюспен аяқтады. Алайда өткен аптаның негізгі бенефициарларына қарасақ, жетекші секторлардың тізімі біршама алаңдатады. Көшті мұнай-газ секторы бастап отыр. Бірақ бұл түсінікті де, өйткені соңғы күндері мұнай нарығының әжептәуір көтеріліп қалғанын байқадық. Шикізат секторының неліктен орта есеппен алғанда 5 пайыз дерлік (+4,73) өскені де ақылға қонымды. Алтынның бағасы қатты көтеріліп бара жатқан жағдайда шикізат өндірушілердің акциялары қайта-қайта өсетіні белгілі.
Одан кейін көріп отырғанымыздай, негізгі сұраныс ең алдымен қорғаныш секторлары – коммуналдық қызмет секторының, сондай-ақ Consumer Defensive және Real Estate секторының акцияларына болғаны байқалды. Инвесторлардың тәуекелі жоғары активтерге жоламауға тырысып жатқаны анық, сол себептен «секторлардың қасиетті үштігі», экономикалық өсудің негізгі драйвері – технологиялық, циклдік компаниялар мен коммуникация қызметтері өткен аптада сәтсіздікке ұшырап, демалысқа орташа есеппен 0,7% шығынмен шықты.
ITS тобының индекстеріне келетін болсақ, мұнда ауыз толтырып айтарлық нәрсе бар. Әсіресе, бұл плюске шығып, аптаны аз да болса +0,21% өсіммен аяқтаған ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексіне қатысты. Бұның басты себебі, бұған дейін бірнеше рет жазғанымыздай, портфелінің географиялық тұрғыда жақсы әртараптандырылуы. Соның арқасында индекс құлдырамай аман қалды.
ITS тобының екінші индексі – ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің жағдайы нашарлау. Бірақ бұл түсінікті де, өйткені бұл индекстің портфелі толығымен американдық компаниялардың бағалы қағаздарынан тұрады. Дегенмен, бұған қарамастан, ITSS индексінің бұл аптадағы нәтижесі қалай болғанда оның американдық «әріптестерімен» салыстырғанда әлдеқайда жақсы екенін атап өту керек – оның шығыны -1,01% болды.
Қорыта келгенде, қазіргі уақытта нарық қиын кезеңді бастан өткеруде деп айтуға болады. Қазір барлық индекс атаулы жылдық минимумына жақындады және, ең бастысы, техникалық тұрғыдан алғанда, тренд өзгере бастайтын межеге жетті. Демек, алдағы күндерде нарықтың ендігі беталысы анықталуы мүмкін деп болжауға болады.