2025 жылғы 3 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы
3 сәуірді КҮНТІЗБЕДЕГІ ҚЫЗЫЛ КҮН деп айтсақ, қателеспейміз. Неге екені түсінікті. Кеше президент Трамп «Азат ету күні» деп атаған оқиғадан кейін бұл күнді «қызыл» демеске шара жоқ. Нарыққа қатысушылар «Азат ету күнінде» бәрінен де жаппай арылған жөн деп түсінсе керек, әйтпесе олардың бір адамдай жұмылып портфельдегі акциясынан құтылуға кіріскені қай сасқаны. Кешегі бейсенбідегі жаппай сатылым 2020 жылы Covid-19 індеті тараған үрейлі кезден бері бірінші рет болып отырған жағдай. Міне, соңғы 5 жылдағы ең нашар сауда-саттық күнін де көрдік.
Сауда-саттық басталған бойда, дәлірек айтсақ, сәрсенбі күні кешкісін президент Трамп сөзін сөйлеп болған сәттен бастап финалдық гонг соғылғанға дейін акциялар «алды-артына қарамастан» құлдырай берді. S&P500 индексінің құрамына кіретін 503 акцияның 95-інің ғана жолы болып, күнді плюспен аяқтады. Ал Dow Jones (DJIA-30) индексінде 30 акцияның 7 ғана ырысты екенін көрсетті. Әрине, бұл көп емес!
Солай болғанымен, дүрбелең орнаған жаппай сатылым жағдайында «жасыл аралдың» да болғанын жоққа шығара алмаймыз – ондағы бірқатар акцияның жағдайы біршама тәуір. Оның үстіне, экономиканың бір секторы тіпті сауда-саттық күнін плюспен жапты. Нарық күйреп бара жатқанда қандай акциялар инвесторлардың сұранысына ие болуы мүмкін екенін айту үшін құмалақ ашудың керегі жоқ. Әрине, бұл тұтыну нарығында жұмыс істейтін және алдымен қажетті тауарларды шығаратын компаниялардың акциялары. Consumer Defensive деп аталатын бұл сектордың атауы да қорғаныс сипатында болуы бекер емес. Аталмыш секторға жататын компаниялардың акциялары орташа есеппен алғанда бір күнде +0,49% қосты. Әйткенмен, кеше олардың ғана жолы болды. Барлық қалған сектор минусқа кетті. Және кейбірі минустың тұңғиығына бірақ сүңгіді. Батып кетті… Мәселен, технология секторының орташа шығыны ғана 7 пайызға жетті! Неткен сұмдық! Бейсенбі күнгі сауда-саттықтың қорытындысы бойынша бұл секторда бір ғана компанияның акциялары басқалар сияқты «батып кетпей, нөлден жоғары деңгейге көтерілді. Бұл бағы бар Intel (INTC) компаниясының акциялары. Дегенмен, оның өсуіне бірқатар оқиғаның себеп болғанын да айта кету керек.
Бейсенбі күні таңертең Intel және Taiwan Semiconductor (TSMC) алдын ала келісімге келгені және бұның АҚШ-тың бүкіл жартылай өткізгіш өнеркәсібінің ұзақ мерзімді келешегіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін екені туралы ақпарат шықты. Есеп бойынша, TSMC компаниясы Intel корпорациясының чип жасайтын бөлімшесінің 20% үлесін сатып алуға дайындалып жатыр, соның нәтижесінде өндірістік бизнес қос компанияның жаңа бірлескен кәсіпорнына айналады. Осы орайда айта кететіні, мәміле шеңберінде TSMC компаниясы Intel корпорациясымен өзінің негізгі сауда құпияларын бөліседі және оған бизнестегі елеулі қатысу үлесіне айырбас металл құю зауытын басқаруға көмектеседі.
Алайда бір қарағанда түсінікті болып көрінетін жағдай күрделі. Intel мен TSMC арасындағы металл құю саласындағы ынтымақтастық үшін қажетті алдын ала шарттардың бәрі орындалды деп хабарланғанымен, екі компанияның серіктестігі қандай болатынына қатысты айтарлықтай белгісіздік сақталып отыр. Бірақ TSMC чип өндірісі саласының анық көшбасшысы екенін назарға алсақ, бұл компанияның металл құю өндірісінің жұмысына қатысуы Intel үшін жағымды оқиға болатын шығар деп болжауға болады. Сондықтан ақырында Америка билігі бұл мәмілені мақұлдайды. Жасанды интеллект (ЖИ) саласына тиімділігі жоғары чип жасау үшін металл құю өндірісінің көрсететін қызметіне сұраныстың барған сайын артып отырғанын ескерсек, TSMC компаниясымен әріптестік жасау Intel корпорациясының дағдарыстан шығуына және бұл саладағы шынайы ойыншыға айналуына жол ашуы мүмкін.
Сонымен, осынау жанталасқан және өте жағымсыз нәрсеге толы күн немен аяқталды? Барлық индекс атаулы төмен құлдырады. Бұл факт. Олардың шығыны орасан, оны айтудың өзі қорқынышты. Dow Jones индексінің залалы бәрінен аз болды, бірақ оның өзі 4 пайызға жақындайды (-3,98%). Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P500, әдеттегідей, орташа нәтижеге жетіп шамамен 5 пайыз (-4,87%) жоғалтты. Ал кешегі жаппай сатудың нәтижесінде құнының 6% жуығынан (-5,97%) айырылған NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің негізгі бейбақ атануы қисынды.
ITS тобының индекстеріне келсек, американдық әріптестерінің жағдайымен салыстырғанда олардың нәтижесі тамаша. ITS Shariah исламдық қағаздар индексі бір күнде 1,4% жоғалтса, ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінің шығыны болмашы ғана -0,28%. Дегенмен, осы екі индекс бір күн бұрын өте қатты құлдырағанын (3% жуық), ал американдық индекстер күнді плюспен аяқтағанын ескеру керек.
Ақырында, инвесторлардың көңіл-күйін жақсарту үшін бір күлдіргі нәрсеге назар аударайық. Бәрін аңғарғыш бақылаушылар бұрыннан айтып келе жатқандай, ауқымды сатылым болған кезде сигарет шығаратын (ашулы инвестор темекі шегеді), дәрі-дәрмек жасайтын (инвестор валидол ішеді) компаниялардың акцияларына, сондай-ақ алкогольсіз сусын өндіретін компаниялардың акцияларына бәрінен де көп сұраныс болады (инвестор дәріні Кока-Кола немесе Пепси-Кола ішіп жұтады). Ендеше кешегі күннің қорытындысы бойынша ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінде Британияның British American Tobacco (BTI) темекі компаниясының акциялары, Американың жетекші медициналық сақтандыру компаниясы United Health (UNH) акциялары, сондай-ақ фармацевтика алпауыттары – Британияның AstraZeneca (AZN), Жапонияның Takeda Pharmaceuticals (TAK) және Швейцарияның Novartis (NVS) компаниясының акциялары үздік атанды. «Көжемізді» пісіру үшін енді не жетпей тұр? Дұрыс айтасыз, бір стақан су керек. Coca-Cola (KO) акциялары да, Pepsico (PEP) акциялары да күнді шынымен де оң нәтижемен аяқтады. Тек бұл акциялар басқа индекс - ITSS портфелінің құрамында. Бірақ бұл да сөз болып па – екі индекске қатар инвестициялауға болады. Оның үстіне, ETF акциялары екі индексте де қызу саудаланады. Сонымен, инвесторлардың шегетін темекісі де, дәрі-дәрмегі де, тіпті ішетін сусыны да бар. Бірақ бұл жай әңгіме ғана. Нарықта ауқымды сатылым болғанына қарамастан, ақырзаман орнатудың керегі жоқ. Сондықтан қиындыққа мойымайық, бәрі де жақсы болады деп үміттенейік.