Индекстер қайтадан шарықтап жатыр
Шілденің соңында орын алып, қор нарығындағы соңғы айлардағы ең нашар апта атанған экономикалық сілкініс жағдайы ақыр аяғында тамыздың алғашқы толық аптасы аяқталған соң келмеске кеткен естелікке айналған сияқты.
Айта кететіні, өткен апта оңай болған жоқ — қор нарығы біресе жоғарылап, біресе құлдырап «шайқалумен» болды. Бірақ сайып келгенде тарифтердің қайта-қайта жаңаруымен ерекшеленген бұл апта биылғы жылдың ең сәтті апталардың бірі болып шықты. Американың негізгі үш индексінің барлығы да сенімді түрде «жасыл аймақта» жабылды.
Өсудің негізгі драйверлері бұрынғы факторлар болды. Біріншіден, әрине, бұл тамыздың алғашқы толық сауда аптасының қорытындысы бойынша есеп беру маусымына жасалған жалпы болжамның жақсаруына ықпал еткен компаниялардың есептілігі. Екіншіден, жылдың соңына дейінгі пайыздық мөлшерлеменің өзгеруіне қатысты болжам кенет жақсарды. Енді инвесторлар Федералдық резерв жүйесінің ұстанымы жұмсаруы мүмкін деп үміттеніп, қалған уақытта пайыздық мөлшерлеме 2, тіпті 3 рет төмендеуі мүмкін деп болжайды.
Осының нәтижесінде үш индекстің екеуі – S&P500 және NASDAQ Composite биылғы жылы әдетке айналғандай, нарық жабылар кезде тағы да тарихи максимумын жаңартты. Өсу қарқынының өзі де айтарлықтай жақсы. Егер Dow Jones индексі жайбасарлық танытып, бір аптаның ішінде небары +1,35% қосқан болса, NASDAQ Composite индексі бұл уақытта шамамен 4 пайыз (+3,87%) өсіп, айтарлықтай тамаша нәтижеге жетті. Америка нарығының негізгі бенчмаркы — S&P500 индексі NASDAQ жоғары технологиялы индексінен сәл артта қалғанымен, маусым айынан бері ең үздік өсу қарқынын көрсетіп, +2,43% қосты.
ITS тобының индекстері де жалпы трендте болды және тіпті өткен аптада айтарлықтай жақсы өсті. Дегенмен, американдық индекстерден айырмашылығы, ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі де, ITS Shariah исламдық қағаздар индексі де бұл жолы тарихи максимумын жаңарта алмады. Олардың жұма күні рекордтық деңгейге шығуына сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Қос индекстің бір аптадағы өсімі тиісінше +3,25% және +3,00% болды.
Барлық индексте – американдық, сондай-ақ ITS тобының индекстерінде соңғы 3 күн ішінде 13 пайыздан астам тармаққа жоғарылаған Apple (AAPL) компаниясының акциялары еш күмәнсіз үздік атанды. Бұл өсім компанияның алдағы 4 жылда тікелей АҚШ-та жаңа зауыттар салуға 600 млрд. доллар инвестиция салуға ниет білдіруіне байланысты болды. Нарыққа қатысушылар бұл жаңалықты зор ынтамен қабылдағаны анық, ал Apple акцияларының баға белгіленімінің өсуі инвесторларға допингтей әсер етті. Олар Apple акцияларымен қатар басқа да жетекші технологиялық компаниялардың акцияларын жаппай сатып алуға кірісті. Нәтижесінде бір аптаның ішінде технологиялық сектордағы орташа өсім 4 пайызға жуықтады (+3,85%). Бұдан жақсы көрсеткіш шикізат секторында ғана тіркелді, онда бір аптадағы орташа өсу 5% асты (+5,08%). Бірақ технологиялық секторда барлық бағалы қағаздар және ең әуелі «Керемет жетілік» компанияларының акциялары өскен болса, шикізат секторындағы индекстерді жоғары сүйреген – алтын. Әдетте тыныш болатын алтын нарығында, әрине, президент Трамп дүрбелең туғызды. Алдымен АҚШ Кеден және шекара қызметінің хатында алтын құймалар Швейцариядан әкелінетін тауарларға Трамп жариялаған 39% тарифтен ақыры болсатылмайтыны жайлы хабар шықты. Бұл жаңалық АҚШ-тағы сауда-саттықты қыздырып, нәтижесінде АҚШ-та алтын бойынша фьючерс бағасы тарихи максимумына көтеріліп, тіпті троя унциясы үшін $3500 белгісінен асты. Алайда жұма күні Ақ үй Трамптың тариф туралы «жалған мәліметті түсіндіретін» жарлық шығармақ екенін мәлімдеді. Содан кейін алтын бойынша фьючерстер біршама түзеліп, рекордтық деңгейден сәл төменірек деңгейде жабылды.
Қалай болғанда да, шілденің соңы – тамыздың басында байқалған еңбек нарығы бойынша деректердің нашар шығуына қатысты инвесторлардың алаңдаушылығы мен қорқынышы біршама басылып, нарықта қайтадан үйреншікті UP-тренд орнады. Мұның қаншалықты қолайлы екені әзірге белгісіз. Дегенмен, инвесторларды алаңдатқан белгісіздік сейілді, сондықтан алдағы уақытта индекстер тарихи максимумын жаңартуын жалғастырады деп күтуге болады. Бірақ егер NASDAQ Composite индексі биыл өзінің ATH көсеткішін 18 рет жаңартса, Dow Jones әзірге мұндай нәтижеге бірде-бір рет жеткен жоқ. Сондықтан нарыққа қатысушылар дәл осы оқиғаны күтіп отырған сияқты.
11 тамызда нарықтан не күтуге болады
Үстіміздегі аптаның басы әлемнің түкпір-түкпіріндегі инвесторларды қуантуда. Америка бастаған рекорд жаңарту эстафетасын жалғастырып жатқан Жапонияда бір күн ішінде +1,85% өсіп, 42 000 тармақ белгісіне жетуіне сәл ғана қалған елдің негізгі индексі Nikkei 225 бүгін таңертең тарихи максимумын жаңартты.
Бірақ инвесторларды қуантып жатқан Жапония ғана емес. Әлемнің негізгі индекстерінің барлығы «жасыл түске боялды». Азияда (Жапонияны қоспағанда) жағымды ахуалда өтіп жатқан сауда-саттықтағы орташа өсім 0,3 – 0,5 пайыз шамасында. Еуропада да сауда-саттық айтарлықтай оптимистік көңіл-күймен басталды – негізгі еуропалық индекстер 0,2 – 0,3% өсіп жатыр. Америкадағы фьючерстер де жалпы трендтен қалмауға тырысып, жұма күнгі сауда-саттық жабыларда +0,2% қосып, «жасыл аймақта» тұр.
Дегенмен, бұл аптаның басты оқиғалары әлі алда екені түсінікті. Макроэкономикалық тұрғыдан да, геосаяси тұрғыдан да жаңалықтың көп болатын түрі бар. Тек айта кетерлігі, корпоративтік есептілік маусымы іс жүзінде аяқталды. Осы аптада нарыққа қатысушылардың көңіл-күйіне азды-көпті әсер етуі мүмкін бірден-бір ірі компания – Cisco Systems (CSCO). Үлкен қызығушылық туғызатын бұл компанияның есептілігі сәрсенбі күні негізгі сауда сессиясы аяқталғаннан кейін шығады.
Бірақ Cisco компаниясының рөлін асыр бағалаудың қажеті жоқ. Бұл аптадағы басты оқиғалардың бірі 12 тамыз, сейсенбі күні (CPI индекс) және 14 тамыз, бейсенбі күні (PPI индексі) шығатын тұтынушылық инфляция бойынша деректерге байланысты болмақ. Бұл деректер нарыққа қатысушылардың көңіл-күйіне ғана емес, алдағы қыркүйек айында өтетін FOMC отырысында ФРЖ-нің мөлшерлемені төмендетуге дайын не дайын болмайтынына тікелей әсер етеді.
Бұған қоса, бәрін дүрліктірген тариф туралы да ұмытпау керек. Жаңа тариф енгізу толқыны негізінен өтті деп тынышталуға да болатын сияқты. Алайда Қытайға қатысты басты тариф мәселесі әлі шешілген жоқ. Осыған орай есте ұстайтын нәрсе, осы уақытқа дейін баж эскалациясын тежеп келген АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік «бітім» мерзімі 12 тамызда аяқталады. Нарыққа қатысушылар бұл бітім мерзімінің ұзартылуын үміт етеді. Алайда әзірге Америка-Қытай келіссөзінің нәтижесіне қатысты белгісіздік сақталып отыр, әлемнің ең ірі екі экономикасының арасындағы сауда жанжалының жаһандық салдары болуы мүмкін.
Осы апта оңай болмайын деп тұр. Оқиға көп, оның үстіне нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін күрт өзгертуі мүмкін болатын реперлік нүктелер де бар. Дегенмен, әзірге инвесторлар оптимистік көңіл-күйде. Сондықтан егер бәрі де жақсы болса (мұндай мүмкіндік бар!), нарықтар өсуін жалғастырып, бірталай жаңа тарихи максимумға куә болуымыз ғажап емес.