2025 жылғы 4 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы

Өткендегі шолуда бейсенбі күнін Күнтізбедегі қызыл күн деп атағанымызда, жаппай сату жалғасын таппайды және нарықтың құлдырауы өткен сәрсенбіде жаңа тосқауыл тарифтерінің енгізілуіне бір сәттік реакция ретінде жергілікті нарықпен шектеледі деп үміттенген едік. Алайда «Трамптың жаңа тәртібі» елеулі және заманалық болғаны соншалық, оның салдары бір ғана кішігірім сатылыммен тоқтамайтыны анық болып отыр. Өткен жұма күні жағдайдың ауыр екенін көріп шошындық та. Орын алған жаппай сатылым «өрті» бағалы қағаздардың бәрін шарпыды, экономиканың барлық секторына және іс жүзіндегі барлық акцияға әсерін тигізді. Мұны статистика деректері айқын көрсетті. S&P500 индексіне кіретін 503 акцияның 14-і ғана күнді плюспен аяқтады. Dow Jones (DJIA-30) индексінің халі одан да мүшкіл болды. Финалдық гонг соғылатын кезде бір ғана компанияның акциялары оң нәтижеге жетті. Бұл Nike компаниясының акциялары (NKE,+3,00%). Айта кету керек, нарықтың төмен құлдырауы мүлдем күдер үзетіндей болды. Негізгі сауда-саттық сессиясы басталғаннан аяқталғанға дейін акциялардың баға белгіленімдері бірде-бір рет айтарлықтай көтерілмей, төмендей берді, сөйтіп сауда-саттық күннің ең төменгі көрсеткішімен жабылды. Мұның ауқымы зор болғаны соншалық, ол опцион экспирациясы күндерімен (Quadruple Witching – тоқсанның әр соңғы айының 3-ші жұмасында болатын Төрттік сиқыр күні), сондай-ақ 2020 жылдың наурыз айында Ковид індеті өршігенде нарық құлдыраған кездегі баршамыз куә болған айналымдармен ғана салыстырарлық.

Екі күнге жалғасқан жаппай сатылымнан кейін нәтиженің өте ауыр екені даусыз. Өткен аптаның қорытындысына қарағанда, жетекші американдық индекстердің шығыны Dow Jones индексі бойынша 7,86%, S&P500 кең нарық индексі бойынша -9,08% және ақыр аяғында NASDAQ Composite индексі бойынша -10,02% жетіп жығылды. Бірақ бұл статистикада ұнжырғаңды түсіретін ең жағымсыз нәрсе, NASDAQ Composite индексі 2024 жылғы 16 желтоқсанда жеткен өзінің тарихи максимумынан 20% асатын шығын шегінен шығып кетті (-22,73%). Техникалық талдау теориясында 20% белгісі шекті білдіретіні белгілі, одан асқаннан кейін бір үрдіс (бұл жағдайда UP тренді) аяқталып, жаңа DOWN трендінің басталғаны туралы айтуға болады. Абырой болғанда, басқа екі индекс - Dow Jones пен S&P500 әзірге бұл белгіге жеткен жоқ және өздерінің ATH (all time high) баға белгіленімінің тиісінше -14,88% және -17,42% жоғалтты. Көріп отырғанымыздай, жаппай сатылым тағы бір-екі күнге жалғасатын болса, бұл индекстер де «құлдырау жолына» түседі.

ITS тобының индекстеріне келетін болсақ, соңғы күндерде орын алған жаппай сатылымның оларға да әсер еткені анық. Ал ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінің жағдайы географиялық жағынан жақсы әртараптандырылуы арқасында одан жақсырақ болды – оның бір аптадағы шығыны 8,62% жетті. Бірақ жаппай сату Америка нарығымен шектелмей, әлемдік аса ірі биржа алаңдарының бәрінде іс жүзінде байқалғанын түсінуіміз керек. Сондықтан одан аман қалып көңіл көншітерлік нәтиже көрсеткен қандай да бір индекс болған жоқ. Түгелімен американдық бағалы қағаздарға негізделген ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің бір аптадағы шығыны көбірек (-9,72%), бірақ NASDAQ Composite индексінің жоғалтқанынан асқан жоқ.

Өткен аптаны қорытындылай келе, нарық дамуының жаңа кезеңіне кірді деп айтуға болады. Бұл нарықты түзету кезеңі. Оның қаншалықты ауқымды болатыны және қанша уақытқа жалғасатынын әзірге ешкім дәл айта алмайды. Дегенмен, сұрақтардың бір бөлігінің жауабын осы аптаның өзінде, тұтынушылық инфляция бойынша маңызды макроэкономикалық деректер шыққаннан және 2025 жылдың 1-ші тоқсанын қорытындылайтын бірінші тоқсандық есептер жарияланғаннан кейін аламыз.