Naryk.kz: Нарыққа апталық шолу: Технология қайтадан көш бастады
Жазғы кезеңде ТОП-10 тізіміне көбіне жақсы кварталдық есеп берген «уақытша жұлдыздар» кірген болса, қыркүйектің басы жағдайды өзгертті. Үздік ондықтың алғашқы төртеуін қайтадан технологиялық алпауыттар иеленді. Бұл – нарықтағы «қалыпты тәртіптің» қайта орныққанын көрсетеді, деп жазады нарыққа апталық шолуында ITS биржасы сарапшылары.
Сонымен қатар тізімде тағы бір маңызды өзгеріс байқалды. Жаз бойы ТОП-10-ға көбіне жақсы кварталдық есеп жариялаған компаниялар кіретін. Бұл жолы ондықта ондай компаниялар екеу ғана – Broadcom Inc (AVGO) және Campbells Co (CPB). Қалғандарының акциялары мүлде басқа, ерекше себептерге байланысты сұранысқа ие болды.
Western Digital және Alphabet – апта жұлдыздары
Western Digital (WDC) акцияларының серпіні Morgan Stanley сарапшыларының «ең үздік таңдау» деп жариялауынан кейін басталды. Банк акцияға 99 доллар деген мақсатты баға қойды. Осыдан кейін қағаздар бір аптаның ішінде 82 доддардан 93 долдарға дейін өсті. Яғни, белгіленген таргетке дейін аз ғана қалды.
Alphabet (GOOGL) акциялары да күтпеген секіріс жасады. Судья Амит Мехта Chrome және Android-ті бөлу талабын жеңілдетіп, Google-ға бұл жүйелерді өз құрамында сақтап қалуға мүмкіндік берді, бірақ эксклюзивті келісімдердің бір бөлігін тоқтатуды міндеттеді. Сонымен қатар, компанияға Apple-мен ынтымақтастықты жалғастырып, іздеу жүйесін iPhone-ға орналастырғаны үшін 20 млрд доллар төлеуге рұқсат берілді. Бұл жаңалық капитализацияға бірден шамамен 250 млрд доллар қосты.

Сектордан тыс ерекшелік – құрылыс
Технологиядан бөлек, D.R. Horton (DHI) құрылыс компаниясы да ТОП-10 қатарына кірді. Бұған белгілі инвестор Джим Крамердің «бұл компания маған ұнайды» деген пікірі де әсер етті. Компания жер телімдерін игерумен, көп және жеке тұрғын үйлер салумен, ипотекалық қызмет көрсетумен және жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады.
Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй нарығындағы сұраныс әлсірегенімен, белсенді стратегия ұстанған құрылысшылар өз позициясын сақтап қалып отыр. Бұл тренд жалғасуы мүмкін.
Тағы бір ерекшелік – тұтынушылық және денсаулық сақтау секторлары
Campbell’s Co (CPB) акциялары жақсы есептен кейін көтерілсе, Dexcom Inc (DXCM) медициналық жабдыққа сұраныстың арқасында өсім көрсетті. Clorox пен Williams-Sonoma да тұтынушылық сектордағы сенімділікті нығайтты.
«Аптаның нәтижесі көрсеткендей, жазғы турбуленттіліктен кейін нарықтағы жетекші рөлді технологиялық компаниялар қайта өз қолына алды. Құрылыс пен тұтынушылық сектордың да қосылуы нарықтың тұрақтылығын күшейтіп тұр. Дегенмен қыркүйек – тарихи тұрғыдан ең құбылмалы айлардың бірі. Сондықтан алдағы аптада жаңа тосынсыйлар болуы ғажап емес», – дейді ITS сарапшылары.
(c) Naryk.kz https://naryk.kz/news/narykka-aptalyk-sholu-tehnologiya-kaytadan-kosh-bastady