S&P500 индексі – 7000 тармақ!

Өткен апта қор нарығындағы баға айырмасының қайнар көзі нақты қай жерде екенін айқын көрсетті. Апта бойы чип өндірумен және ЖИ әзірлеумен айналысатын компаниялардың акциялары сатылды. Бұл жаппай сатуға инвесторлардың жетекші технологиялық компаниялар құнының әділ бағаланып отырғанына күмәнмен қарауы себеп болды. Нәтижесінде бұл кезең 3%-дан астам құлдыраған NASDAQ Composite индексі үшін сәуірден бергі ең нашар апта болды. Американың басқа негізгі индекстері салыстырмалы түрде аздап төмендеген жағдайда оның құлдырауы бір жағынан көңіл құлазытарлық, ал екінші жағынан әсерлі көрінеді: америкалық басты бенчмарк — S&P500 индексі 1,63% төмендесе, Dow Jones консервативті көк фишкалар индексінің шығыны небәрі 1,21% болды.

Аталмыш қос индекстің салыстырмалы түрде аз төмендеуіне (жұманың соңында тіпті аздап өсуі байқалды) демократтар мен республикашылдар алдағы күндері бюджет бойынша келісімге келуі мүмкін, сөйтіп АҚШ тарихындағы ең ұзаққа созылған шатдаун аяқталады деген болжам себеп болды.

Әлбетте, бұл «идеялар соғысы» ITS тобының индекстеріне де толық дәрежеде әсер етпей қоймады. Айталық, географиялық және салалық әртараптандырылуы жақсы ITS World (ITSW) жаһандық индексі бір аптаның ішінде небәрі 1,27% төмендеді. Ал Америка нарығына бағдарланған және жетекші бигтех-компаниялардың айтарлықтай көп акциясын қамтитын ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі сол кезеңде екі есеге жуық – 2,61% төмендеді.

Жалпы алғанда, қазіргі уақытта нарық әрі-сәрі күй кешуде деп айтуға болады. Бір ай бойы өсімнің негізгі драйвері болған есеп беру маусымы аяқталуға жақын, оның нарыққа қатысушылардың көңіл-күйіне әсері біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен, оның орнына басқа бір нәрсе келуі керек. Шатдаун жағдайының аяқталуы жаңа катализаторға айналуы әбден мүмкін – бұл инвесторларды қуантып, қысқа уақытқа болса да нарықтың жаңадан өсуіне себеп болмақ. Ал одан кейін Алғыс айту күні мен Рождестволық ралли басталады. Сондықтан нарыққа қатысушылардың көпшілігі болашаққа оптимизммен қарайды, демек, әзірге инвесторлардың қабағы түсіп қамығуына еш себеп жоқ.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

46 987,10

+0,16

S&P500 (SPX)

6 728,81

+0,13

NASDAQ Comp. (IXIC)

23 004,54

-0,21

ITS WORLD (ITSW)

1 506,80

-0,25

ITS Shariah (ITSS)

1 501,48

-0,50

 

10 қарашадағы нарық болжамы

Осы апта жағымды жайттан басталып отыр, бұл баршаны сөзсіз қуантады. АҚШ тарихтағы ең ұзақ уақытқа жалғасқан шатдаунды аяқтау жолында айтарлықтай ілгерілеу бар екендігі туралы хабар жалпы көңіл-күйді жақсартты. Демалыс күндері заң шығарушылар Сенатта сынама дауыс беруді өткізді, сөйтіп жексенбі күні кешке бюджет қабылдауды жақтаушылар анық жеңіске жетті – 60 дауысқа қарсы 40 дауыс.

Осындай жағдайда Американың негізгі индекстері бойынша фьючерстер бірден шамамен 1% өсті. Бұл оптимизм басқа әлемдік нарықтарға да тез таралды: дүйсенбі күні таңертең еуропалық индекстер шамамен 1% жоғарыласа, Азияда, мысалы, Гонконгта, өсу тіпті 1,5%-ға жетті.

Аптаның осылай басталуы, әрине, баршаны шабыттандырады және үміт ұялатады. Тіпті аптаның соңына қарай ресми макроэкономикалық деректер келе бастайды деп күтуге болады. Ең болмағанда, бейсенбі күні CPI – тұтынушылық инфляция индексінің көрсеткіші шығады деп жоспарланған, ол жарияланған жағдайда нарыққа қатысушылардың қазіргі көңіл-күйіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Алайда есеп беру маусымы біртіндеп аяқталып келеді. Жаңадан жарияланатын есептілік ағыны айтарлықтай қысқарды, бірақ осы аптада ағымдағы жағдайға әсер етуі мүмкін бірнеше қызықты компанияның есебі шығады деп күтілуде. Ең алдымен, бұл Cisco Systems, Inc. (CSCO), оның есептілігі сәрсенбі күні сауда-саттық аяқталғаннан кейін шығады. Назар аударарлық екінші компания – жартылай өткізгіштер өнеркәсібіне жабдық жеткізетін Applied Materials Inc. (AMAT). Ол қызметінің нәтижесін бейсенбіде соңғы гонг соғылғаннан кейін көпшілік назарына ұсынады. Әлбетте, инвесторлар екі компаниядан да тек жақсы нәтиже кұтеді.

Сонымен қатар, Alibaba (BABA), JD.com (JD), Li Auto (LI) және Қытайдың басқа да көптеген компаниясының тоқсандық есептеріне назар аударған жөн. Олардың барлығы осы аптаның соңында қызметінің нәтижесін назарға ұсынады.

Көріп отырғанымыздай, үстіміздегі апта жақсы басталды. Оптимистік көңіл-күй оның соңына дейін сақталады деп сенгіміз келеді, сонда индекстердің қайтадан тарихи максимумына жеткеніне куә болуымыз мүмкін. S&P500 индексі – 7000 тармақ!