Naryk.kz: Нарыққа апталық шолу: медицина секторы серпін алды

Өткен аптада АҚШ қор нарығында күтпеген жағдай байқалды: S&P 500 индексіндегі үздік он компанияның төртеуі денсаулық сақтау саласынан болды. Бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс. Әдетте үздік ондықты технологиялық компаниялар толтырады, кейде энергетика мен өндіріс те қосылады. Ал медицина секторындағы мұндай серпіліс соңғы жылдары алғаш рет тіркеліп отыр, деп жазады нарыққа апталық шолуында ITS биржасы сарапшылары.

Себеп неде?

Бұл өзгерістердің артында АҚШ президенті Дональд Трамптың денсаулық сақтау жүйесіндегі баға саясаты тұр. Ол дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің құнын төмендету жөніндегі бастамаларды белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Инвесторлар бұл бағыттың тиімді боларына сеніп, фармацевтика мен диагностикалық компаниялардың акцияларын қайта сатып ала бастады.

Көшбасшы – Bio-Techne Corp

Аптадағы ең жоғары өсімді Bio-Techne Corp (TECH) компаниясы көрсетті. Ол RNAscope ISH технологиясына арналған кеңістіктік биология саласындағы жаңа жетістіктерін жариялады. Бұл шешімдер қатерлі ісік түрлерін емдеуде және В-жасушалық клоналдылықты анықтауда маңызды рөл атқарады.

Research and Markets дерегінше, кеңістіктік биология нарығы 2024 жылы 1,64 млрд доллардан 2030 жылға қарай 2,88 млрд долларға дейін өседі. Бұл – молекулалық зерттеулер мен клиникалық диагностикаға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

Coinbase және Robinhood өсіп жатыр

Екінші орында Coinbase Global Inc (COIN) тұр. Бұл – биткоин бағасының тарихи максимумға, яғни 125 мың долларға жетуімен тікелей байланысты.

Инвесторларды таңғалдырған тағы бір компания — Robinhood Markets Inc (HOOD). Оның акциялары Bank of America сарапшыларының оң болжамынан кейін күрт өсті. Сарапшылар акция бағасын 139 доллардан 157 долларға дейін көтерді. Сонымен қатар, Robinhood АҚШ-тың токенизацияланған акцияларын Еуропа нарығында іске қосқанын хабарлады. Биыл компания акциялары 274%-ға өсті — бұл S&P 500 индексіндегі ең жоғары нәтиже.

Micron Technology: чип нарығындағы көшбасшы

Micron Technology Inc (MU) – аптадағы тағы бір табысты ойыншы. Компанияның DRAM және NAND жад чиптеріне сұраныс артып отыр. 23 қыркүйекте жарияланған есептен кейін сарапшылар акцияның мақсатты бағасын 220 долларға дейін көтерді. Жыл басынан бері Micron акциялары 128% қымбаттады.

Түйін

Нарықтағы жалпы көңіл-күй әлі де оң. Инвесторлар оптимистік көзқарас танытып, индекстерді жаңа рекордтық деңгейлерге жеткізуде. Медицина, технология және цифрлық қаржы секторлары АҚШ экономикасының жаңа өсу драйверлеріне айналып келеді.

 

© Naryk.kz