TSM топ менеджерлері қашанда сұранысқа ие
Американың қор нарығы күрделі әрі жүйкеге салмақ түсірген қараша айын сенімді, позитивті «нотада» аяқтады. Айдың мерекелі соңғы аптасы биылғы жылдың есте қаларлық жанға жағымды жұмаларының бірі болды, бұл жетекші американдық индекстерге қарашаны нөлдік көрсеткішке жуық деңгейде аяқтауға мүмкіндік берді.
Дегенмен, атап өтетіні, нарыққа қатысушылар қанша тырысқанымен, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі жеті ай бойы үздіксіз өсуін тоқтатып, қарашада 1,6% шығын шекті. Бұған соңғы уақытта жасанды интеллект саласына салынған инвестицияның қайтарымын қайта бағалау үрдісі әсер етті.
Алайда қарашаның соңғы аптасындағы сауда-саттық нәтижесіне қарасақ, олай деуге келмейді. Аптадағы өсудің басты драйверлері технологиялық компаниялардың акциялары және ең алдымен, бұл бизнестің құрметті ардагері саналатын Intel (INTC) компаниясы бастаған жетекші чип өндірушілердің акциялары болды. Өзінің айтарлықтай капиталдануына 20%-дан астам қосқан дәл осы Intel акциялары ақыр соңында Америка нарығының негізгі бенчмаркы S&P 500 индексіндегі барлық акциялардың арасында аптаның үздігі атанды.
Бір қызығы, Intel акцияларына сұраныстың қарқынмен өсуі оның бизнестегі табысына емес, Intel бәсекелесі – Тайваньдағы Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSM) компаниясының жанжалды мәлімдемесіне байланысты. Ол бойынша TSM компаниясының жетекші қызметкері, бұрынғы вице-президенті Вэй-Жен Ло мырзаны Intel қызықтырып тартты деп айыптады. TSM мәлімдеуінше, ол компанияның барлық корпоративтік құпиясынан хабардар.
Intel компаниясынан басқа, өсудің көш басында тұрғандардың қатарына басқа да чип өндіруші компаниялар, атап айтқанда Broadcom (AVGO) және Micron Technology (MU) қосылды, бұл американдық индекстерге мерекелі аптада жылдың ең жақсы нәтижелерінің бірін көрсетуге көмектесті. Осылайша, аталмыш NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің бір аптадағы өсімі 5% жақындап, қарашаның қорытындысы бойынша аса жақсы болмай шыққан нәтижесін айтарлықтай дұрыстады. Басқа американдық жетекші индекстер – Dow Jones (3,18%) және S&P500 (3,73%) одан азырақ өскенімен, олардың көрсеткіштері сонда да ауыз толтырып айтарлық.
3,41% (ITS World жаһандық компаниялар индексі) және 4,65% (ITS Shariah исламдық қағаздар индексі) өскен ITS тобының индекстері де тамаша нәтиже көрсетті. Аптаның соңында тарихи максимумына жеткен ITSS индексі ерекше сенімді көрінді. Айта кету керек, Америка нарығының динамикасын көрсететін индекстердің ішінде өзінің тарихи «хай» көрсеткішіне жетуіне 1%-дан аз қалған бірден-бір индекс – осы.
Ал егер инвесторларға қозғау салған және нарықтың айтарлықтай өсуіне жағдай жасаған не деген сұрақ қойсақ, Intel компаниясының TSM топ менеджерін «ұрлауынан» басқа, ең әуелі атап өтетіні – нарыққа қатысушылардың ФРЖ өзінің алдағы отырысында мөлшерлемені тағы 0,25 пайыз тармаққа төмендетеді деген сенімі артты. Бұл нарықтың одан әрі өсуіне елеулі тірек болуы мүмкін. Бұл оқиғаның ықтималдығы бір апта бұрын 37% болса, енді 80%-дан жоғарылады. Бұған қоса, американдықтар тарихи қалыптасқандай, жақсы көңіл-күймен қарсы алуды ұнататын Алғыс айту күнінің де маңызды рөл атқарғанын айту керек. Және, көріп отырғанымыздай, олар мерекені ойдағыдай өткізді!
1 желтоқсандағы нарық болжамы
Үстіміздегі апта бүкіл қор нарығы үшін өте маңызды болмақ. Бірақ ешқандай тағдыршешті оқиға болмайтын сияқты деп бірден айта кетуіміз керек. Болжам бойынша бұл әдеттегі жұмыс аптасы, бұл жетіде жаңалық аса көп бола қоймайды.
Соған қарамастан, назар аударарлық – яғни, көреруге және тыңдауға тұрарлық нәрсенің болатыны сөзсіз. Бүгін, 1 желтоқсанда Стэнфордта Джером Пауэлл, Майкл Боскин және Кондолиза Райс арасында пікірталас өтеді. Көріп отырғанымыздай, пікірсайысқа қатысушылардың барлығы – белгілі және беделді фигуралар, сондықтан бұл пікірталас шеңберінде инвесторларды аяғынан тік тұрғызатын әдеттен тыс нәрсе айтылуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл іс-шараны тағатсыздана күтеміз.
Макродеректердің жариялануы туралы айтатын болсақ, мұнда бастысы ADP агенттігінің жаңа жұмыс орындарының саны туралы деректері болмақ. Өйткені бұл әрқашан маңызды әрі қызықты. Оның үстіне, жақында аяқталған шатдаунға байланысты еңбек нарығы бойынша ресми деректер осы айда тек желтоқсанның ортасында ғана шығады.
Бұдан бөлек, аптаның соңында тұтынушылық инфляция бойынша деректер жарияланады. Алайда бұл қыркүйек айының қорытындысын ғана қамтиды (бәрі шатдаунның кесірінен), сондықтан көп жағынан өзектілігін жойған ақпарат болады.
Және ақырында, корпоративтік есептілік. Оның маусымы іс жүзінде аяқталды. Бірақ сонда да қызықты нәрсе болады. Бұл ең алдымен, Dollar Tree (DLTR) және Dollar General (DG) сияқты әйгілі ритейлердің есептілігі. Аталмыш желілік бөлшек сауда дискаунтерлерінің өз акционерлерін жиі таң қалдыратын әдеті бар. Бұл жолы қандай да бір «тосын сый» жасалған жағдайда, жанға жағымды болады деп үміттенейік.
Тағы бір ритейлер – американдықтар арасында аса танымал Macy’s (M) әмбебап дүкендер желісінің есептілігі сәрсенбі күні, сауда-саттық басталғанға дейін жарыққа шығады. Осынау таңғаларлық әрі айтып білгісіз компанияның акцияларында жиі-жиі байқалатын жақсы белсенділік болады деп күтуге негіз бар сияқты.
Қазіргі қалыптасқан көңіл-күйге келетін болсақ, өкінішке орай, дүйсенбідегі сауда-саттық жағымсыз жағдайда ашылып отыр. Американың негізгі индекстері бойынша фьючерстер айтарлықтай тұрақты түрде құлдырап, шамамен 0,5% төмендеп жатыр. Дегенмен, жағдай әлі де түзелуі мүмкін. Барлығымыз Стэнфордта сөз сөйлейтін Пауэллдің не айтатынын күтеміз, өйткені ол бір ғана сөзімен нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін өзгертуі мүмкін. Бұдан бөлек, өткен «Жомарт жұмадағы» сатылымдар бойынша алғашқы деректер де бүгін күндіз жариялануы тиіс. Бұл Америкадағы тұтынушы қоғамның жалпы хал-жайын жақсы көрсететін индикатор екені мәлім. Сондықтан әзірше нарықтағы қазіргі құлдырауды өткен қарқынды аптадан кейінгі пайданың кішігірім тиянақталуы деп қарастыруға болады.
Солай болғанымен, дәл осы апта бізге жыл соңындағы перспективаны көрсетуі керек екенін түсіну керек. Инвесторлар одан әрі бағалы қағаз сатып алуға дайын ба, әлде олар барлық күш-қуаты мен қаражатын Ризашылық күнін лайықты деңгейде атап өтуге жұмсап, басқасына шамасы келмейді ме? Олай емес деген үміттеміз.