2025 жылғы 20 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы

Өткен бейсенбідегі сауда-саттық сарапшының көпшілігі болжағандай өтті. Бірақ бұл қуантарлық жағдай емес. Өйткені жасалған болжам теріс еді. Шынында да, нарықта кішігірім түзету болғанын көрдік. Осы орайда бұл түзету іс жүзінде барлық экономикалық секторларға әсер етті. Кешегі күннің қорытындысы бойынша 11 сектордың 4-і ғана плюспен шықты. Бұған энергетика, медицина секторының компаниялары, сондай-ақ шикізат секторының және жылжымайтын мүлікті басқару саласында жұмыс істейтін компаниялар күш-жігерін салды. Солардың арқасында индекстер аса қатты құлаған жоқ. Бірақ бұл әбден болуы мүмкін еді.

Кеше таңертең нарықтағы ахуал онсыз да көңілсіз еді, сауда-саттық басталарда бөлшек офф-лайн саудадағы әлемдік көшбасшы Walmart (WMT,-6,53%) компаниясының тоқсандық есептілігінің шығуы «кішкентай бомба жарылғандай» әсер етті. Инвесторлар одан тек жақсы нәтиже шығады деп күтіп еді, бірақ... қателесіпті. Бұл нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін біржола бұзды. Сондықтан сауда-саттық анық жағымсыз жағдайда ашылып, индекстер бірден төмендеп, 1 пайыздан астам жоғалтты. Абырой болғанда, бұл күннің минимумы екен, сөйтіп осы мини-сатылым ұзаққа барған жоқ. Күннің қалған бөлігінде индекстер «қалқып шығуға» тырысты, бірақ, өкінішке орай, Американың жетекші индекстері сәтсіздікке ұшырап, бұл күнді аз шығынмен аяқтады. Осы орайда ең қатты ұтылған Dow Jones (DJIA-30) индексі Walmart (WMT) және банк секторының екі алпауыты JPMorgan Chase (JPM,-4,46%) мен Goldman Sachs (GS,-3,88%) ізімен құлдырап 1 пайыздан астамын (-1,01%) жоғалтты. Dow-ның кіші жолдастары – S&P500 кең нарық индексі мен NASDAQ Composite жоғары технологиялық компаниялар индексі одан азырақ жоғалтып, сәйкесінше -0,43% және -0,47%-бен шектелді.

Бірақ мұның бәрі Америка нарығындағы үрдіс еді. Ал ITS World жаһандық нарық индексі кезекті рет өзінің тарихи максимумын қайта жазып, инвесторларын тағы да қуантты. Бұл жолы оған ең әуелі қытайлардың көмегі тиді. Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының акциялары инвесторлардың үлкен сұранысына ие болып отыр. Ал кеше оларға «техно-ритейлер» Alibaba (BABA,+8,09%) келіп қосылды. Walmart-тан айырмашылығы, оның 2024 жылдың 4-тоқсанының есептілігі тамаша шықты, сондықтан акциялары қарыштап өсіп 8%-дан астамға қымбаттады. ITSW индексінің өзі 0,47% өсіп, 1320,08 тармаққа келіп тірелген жаңа рекордтық деңгейде жабылды.

ITS Shariah исламдық бағалы қағаздар индексі де тәуір көрінді, бірақ Walmart кесірін тигізіп, индекстің плюсқа шығуына жол бермеді. Бірақ мұндағы жоғалту болмашы ғана – небары -0,07%. Бұл ретте атап өтіні, екінші күн қатарынан исламдық бағалы қағаздар индексінде медицина және фармацевтика компанияларының акциялары жетекші рөл атқарып келеді. Мәселен, бір күндегі өсу көрсеткіші бойынша Merck (MRK,+2,43%), AbbVie (ABBV,+1,79%), AstraZeneca (AZN,+1,02%) және т.с.с. 6 медицина компаниясының акциялары алғашқы ондыққа кірді.

Бейсенбіні қорытындылай келе, әзірге бәрі де жоспар бойынша жүріп жатыр деп айтуымызға болады. Бірнеше күн қатарынан өскен акциялар енді тоқтап, азғантай түзету жасады. Сәл саябырланғаннан кейін жолын жалғастыруына болады. Алайда одан әрі өсім бола ма, жоқ па, әзірге беймәлім. Нарықта тым көп белгісіздік бар. Дегенмен әзірге инвесторлардың алаңдамағаны да жөн – қазірше айтарлықтай қауіп-қатер белгілері көрінбейді. Соған да рахмет!