27 мамырдағы сауда-саттықтың қорытындысы
Сейсенбіде Американың қор нарығы баға белгіленімі жоғарылап жабылды. Бұған президент Трамптың Еуропалық одаққа қатысты тариф енгізу мерзімін ұзартуы және АҚШ-та тұтынушылар сенімінің 5 ай бойы төмендегеннен кейін қайта жақсаруы басты себеп болды.
Өткен демалыс күндері Дональд Трамп Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің өтініші бойынша ЕО-ға 50% баж енгізу мерзімін 1 маусымнан 9 шілдеге қалдыруға келісті.
Бұдан басқа, макродеректер де нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін жақсарта түсті. Мәселен, тұтынушылардың сенімділігіне қатысты шыққан деректер көптеген талдаушының күткенінен көбірек өсті (сәуірдегі 88,1 деген көрсеткіштен мамырдағы 98,0-ге дейін), өйткені АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-саттық саласындағы шиеленістің азаюы баршаның көңілін жайландырды, деп хабарлады Conference Board. «Бұл көрсеткіш бес ай қатарынан құлдырағаннан кейін өсті, - деді Conference Board жаһандық көрсеткіштер бойынша аға экономисі Стефани Гишар. - Оның қалпына келіп жатқаны 12 мамырда АҚШ пен Қытай арасында сауда мәмілесі жасалғанға дейін байқалды, бірақ содан бері оның қарқыны арта берді».
Міне осының арқасында сейсенбідегі сауда-саттық жағымды жағдайда өтіп, күннің максимум белгісінде жабылды. Осы орайда, мысалы, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі өткен аптадағы бүкіл шығынын бірден қайтарып алып, 2,47% өсті. Басқа американдық индекстерде де баға белгіленімі сәл азырақ болса да, айтарлықтай өскені байқалды. Dow Jones индексі (DJIA-30) 1,78% өссе, S&P500 кең нарық индексінің жоғарылауы тіпті 2 пайыздан асты (+2,05%).
Егер Америка нарығында NASDAQ Composite индексі ғана өткен аптада өзіне келген бүкіл шығынның орнын толтырған болса, ITS алаңында ITS тобының қос индексі бір апта бұрын шеккен залалын артығымен жапты. Айталық, өткен аптада 0,57% жоғалтқан ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі кеше 1,58% өсті, ал ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі тіпті +2,61% жоғарылап тамаша нәтиже көрсетті, бұл өткен 5 сауда сессиясындағы -1,7% шығынынан әлдеқайда көп.
Кешегі сауда-саттықта инвесторлардың тәуекелге баруға бейім болғанын, мысалы, ITSS индексіндегі ТОР-10 үздік акция көрсетті. Жалпы атап өтетіні, бұл индекстің құрамына кіретін барлық 30 акция кешегі күнді плюспен аяқтады, ал бұл өте сирек болатын жағдай. Бірінші ондыққа технологиялық компаниялардың 9 акциясы және медицина секторында жұмыс істейтін компанияның (Thermo Fisher (TMO)) бір ғана акциясы кірді, бірақ шындығында ол да технологиялық компания, өйткені диагностикалық медицина жабдығын әзірлеумен айналысады.
Осылайша, 3 күнге жалғасқан ұзақ демалыстың инвесторларға пайдалы болғанын көріп отырмыз, өйткені тынығып алған олар акциялар мен индекстерді сатып алуға жігерлене кірісті де, 200 күндік жылжымалы орташа көрсеткіштерінен алыстады. Сөйтіп қайтадан жоғарылату үрдісін бастады. Олардың осынау жауынгерлік рухы тым болмаса аптаның соңына дейін сақталады деген үміттеміз.