Нарыққа қатысушылар үмітін үзбейді
Өткен апта соңғы кездегі ең тыныш кезеңдердің бірі болды деуге болады. Осыдан жеті күн бұрын барлық жетекші американдық индекстер тарихи максимумына етене жақындағаннан кейін біршама үзіліс керек сияқтанды. Көріп отырғанымыздай, бәрі ойлағандай болды да. Бұл кідіріс орынды, өйткені әрі қарай не істеу керектігі әзірге мүлде түсініксіз. Бір жағынан, инвесторлар нарықтың өсуі жалғасса екен деген арманда, бірақ екінші жағынан ФРЖ FOMC кезекті отырысында мөлшерлеме төмендетілмесе, бұл әзірше мүмкін болмайды. Ал отырыс әлі өткен де жоқ. Ендеше нарыққа қатысушылар «үмітсіз – шайтан» демекші жақсы жаңалықтан үмітті. Мөлшерлеменің төмендетілу ықтималдығы жоғары екенін ашық айту керек.
Қалай болғанда да, нарыққа қатысушылар аптаның аяғына қарай зор күш‑жігер салғанның арқасында индекстерді «жасыл аймаққа» шығарып, аз да болса жұманы плюспен жапты. Осы орайда Америка нарығындағы негізгі бенчмарк S&P500 индексі бәрінен де аз өсті – 0,31%. Бір аптаның ішінде 0,5% жоғарылаған Dow Jones (DJIA-30) индексінің жағдайы одан тәуірлеу болды. Ал NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің өткен аптаның қорытындысы бойынша өсімі көп жағынан микропроцессор индустриясында көш бастап тұрған Microchip Technology, Inc (MCHP), голландиялық NXP Semiconductors NV (NXPI) және Synopsys, Inc (SNPS) сынды компаниялардың арқасында бір пайызға жуықтады – 0,91%.
ITS тобының индекстері де американдық «әріптестерінен» қалыспай, 0,32% (ITS World жаһандық компаниялар индексі) және 0,48% (ITS Shariah исламдық қағаздар индексі) қосты. Айта кететіні, соңғысы өзінің тарихи максимумына етене жақындады – оған жетуіне небәрі 0,5%-дан да аз қалды.
Өткен аптада макродеңгейде айтарлықтай жаңалық болмағанымен, корпоративтік жаңалықтар анда‑санда инвесторларды елең еткізгенін мойындау керек. Біріншіден, бөлшек саудадағы көшбасшылардың бірі – Dollar General Corp (DG) дискаунтерінің тамаша тоқсандық есептілігін атап өткен жөн. Әсіресе, инвесторларды компанияның бір акцияға шаққандағы пайдасы (EPS) ерекше таңғалдырды – іс жүзінде ол болжамнан 35%-дан асып түсті. Әлбетте, осынау айқын позитив көрініске инвесторлар дереу жауап қатты, сөйтіп Dollar General акцияларының баға белгіленімдері әп-сәтте «ғарышқа ұшты». Аптаның қорытындысы бойынша бұл компанияның капиталдануы шамамен 22% өсті.
Аптаның екінші корпоративтік жаңалығы кино индустриясына байланысты. Нарыққа қатысушылардың барлығын толқытқан оқиға – Netflix (NFLX) компаниясының Warner Bros. (WBD) конгломератын бүкіл қарызымен бірге 82 миллиард долларға сатып алатыны туралы хабар болды. Өткен жұмада Netflix көпшілік болжағандай әрі сенімді түрде Paramount Skydance және Comcast компанияларынан басып озды – Warner Bros. Discovery стримингтік және студиялық активтері, соның ішінде HBO, HBO Max және оның контент кітапханасы үшін күресте екеуінен басым түсті. Netflix компаниясының бұл қадамы тарихи қалыптасқандай, өз бизнесін құрудан бас тартып, өзгенікін сатып алуға көшкенінің нышаны іспетті.
Warner Bros. активтері құнды екені сөзсіз, бірақ мұншама үлкен шығынның ($82 млрд. !!!), қайтарымы бола ма, жоқ па – әзірге беймәлім. Сондықтан нарыққа қатысушылардың бұл оқиғаға реакциясы әзірше өте түсініксіз.
Netflix қазір әлемдегі аса ірі ойын-сауық компаниясы болып отыр, оның нарықтық капиталдануы 400 миллиард доллардан асады. Кезінде бұл компанияны Warner Bros. бұрынғы бастығы «албан армиясы» деп атаған. Осы мәміленің арқасында Netflix индустриядағы позициясын нығайтып отырғаны анық. Бұл индустрияны ең кеңінен қамтып отырған және ең терең қаржыға ие оның жеңімпаз болып шығуы заңды құбылыс.
Жалпы әзірге бәрі де жоспар бойынша жүріп жатыр деп айтуға болады. Нарыққа қатысушылар АҚШ ФРЖ FOMC кезекті отырысының өтуін және оның мөлшерлеме бойынша шешімін күтіп, ешқайда асықпайды. Қазір нарыққа қатысушылардың көпшілігі үшін басты мақсат – барлық жағынан жақсы болған жылды тамаша көрсеткішпен аяқтап, көңіл-күйін бұзбау. Ал бұған қоса тарихи максимумды қайта жазудың сәті түссе, бұл барлық инвесторлар үшін жақсы бонус болмақ.
8 желтоқсандағы нарық болжамы
Аяқталуға жақындап келе жатқан жылдың шешуші күндері де жетті. Үстіміздегі апта инвесторлар үшін, бәлкім, соңғы маңызды сынақ болмақ. Бұл сынақ АҚШ ФРЖ Ашық нарықтардағы жұмыс жөніндегі комитетінің (FOMC) ертең басталатын отырысына байланысты екендігі баршаға түсінікті. Сәрсенбінің сәтті күнінде Астана уақытымен түн ортасында мөлшерлемеге қатысты оның қандай шешім қабылдағанын білеміз. Қазіргі уақытта нарыққа қатысушылардың барлығы дерлік (CME бойынша тиісті фьючерстің баға белгіленімдері бойынша 87%) мөлшерлеменің тағы 0,25 пайыз тармаққа төмендетілетініне сенімді. Егер осылай болса, бұл нарыққа сөзсіз демеу және қазіргі таңда нарыққа қатысушылардың барлығының үміттене күтіп отырғаны да осы.
Сондықтан дүйсенбі орташа позитивпен басталды, негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстер нөл белгісінен жоғарылау үшін «барлық күш-жігерін салыуда». Бірақ олардың талпынысы әзірге айтарлықтай нәтиже бермей жатыр – өсімі бір пайыздың оннан бір бөлігіне де жетпейді.
Осы аптада FOMC отырысынан бөлек, назар аударарлық тағы да бірқатар оқиға болады. Ең алдымен, жаңа макроэкономикалық деректер шығады. Иә, бұл шынымен де жаңа деректер болмақ! Егер бұған дейін шатдаунға байланысты қыркүйек айының деректері ғана шықса, енді қараша айының деректерін де көретін күн келді. Бейсенбіде өткен екі айдың – қазан мен қарашадағы өндірушілердің инфляциясы (PPI индексі) бойынша деректер жарияланады. Мұның өзі жақсы! Бұған қоса, сейсенбі күні халықты жұмыспен қамтудың жағдайынан хабар беретін жақсы индикатор саналатын Америка экономикасындағы бос жұмыс орындарының саны туралы соңғы деректер – JOLTS жарыққа шығады.
Инвесторлардың макроэкономикалық деректерден басқа, кезекті тоқсандық есептілікке де назар аударатыны анық. Шығатын есептілік көп емес, бірақ бұл өте маңызды компаниялардың қызметінің қорытындысы. Сәрсенбідегі сауда-саттық аяқталғаннан кейін технология секторының супержұлдыздарының бірі – Oracle (ORCL) компаниясының, ал бейсенбі күні финалдық гонг соғылғаннан кейін микрочип индустриясы көшбасшыларының бірі – Broadcom (AVGO) компаниясының есептілігі жарыққа шығады. Ал бұған Costco (COST) және Lululemon Athletica Inc. (LULU) сияқты аса танымал ритейлерлердің есептілігін қоссаңыз, инвесторлар үшін назар аударарлық және ақша табуға тырысуға тұрарлық жер бар екені түсінікті болады.
Жалпы алғанда, бұл апта шиеленісті, бірақ өте қызықты болатын сияқты. Сірә, бұл шынымен де жылдың соңғы елеулі жұмыс аптасы болады, содан кейін нарық біртіндеп жаңа 2026 жылға көшеді.