2025 жылғы 28 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы

Үстіміздегі аптаны нарық кідірістен бастады. Американдық негізгі индекстердің барлығы табандап тұрып қалды – олардың бір күндегі өзгерісін миллиметрмен өлшеуге болады. NASDAQ Composite индексі 0,1% шығын шекті, S&P 500 индексі болмашы ғана 0,06% қосты, тек Dow (DJIA-30) ғана жұмысқа шындап кірісіп 0,28% өсті. Бірақ мұның бәрі мардымсыз нәрсе екені даусыз. Дегенмен, нарық төрт күн қатарынан өскеннен кейін одан ауыз толтырып айтарлық нәтиже күту орынсыз шығар. Оның үстіне, дүйсенбі күні таңертең «аспанды сұр бұлт түсі суық қаптаған» еді: негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстер қызыл түске еніп, жақсылық нышаны байқалмаған да еді. Абырой болғанда, «нөсер жауын өтіп кетті», демек нарықтың құлдырамағаны қуанышты жайт.

Трамп тарифтері әлі де болса нарықтағы жағдайға айтарлықтай әсер етіп отыр. Дәлірек айтқанда, әңгіме тарифке қатысты белгісіздік жайында. Айталық, АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент дүйсенбі күні жетекші сауда серіктестірінің көпшілігі «өте жақсы» тарифтік ұсыныс жасағанын мәлімдеді. Осы орайда ол Қытайдың жақында Американың кейбір тауарларын жауап бажынан босатқаны әлемнің ең ірі екі экономикасы арасындағы шиеленісті азайтуға дайын екендігін көрсетіп отыр деп атап өтті. «Қазіргі жағдайда, мейлі, саудаға қатысты қабылданған шешім, күшті экономикалық деректер немесе компаниялардың осы аптада жарияланатын жақсы есептілігі болсын, – қандай да бір маңызды ілгерілеу болмаса, осы сауда диапазонында ұзақ тұрып қалуымыз әбден мүмкін», – деді Бессент.

Алайда, әзірше бұл жай ғана сөз, бұл бағытта ешқандай нақты қадам жасалған жоқ. Сондықтан да болар, Reuters агенттігінің сауалнамасына қатысқан көптеген экономист қазір жаһандық рецессия қаупі жоғары деген баға беріп отыр. Осыдан небары үш ай бұрын олардың болжамы мүлде басқа еді: олар әлемдік экономиканың өсу қарқыны орнықты болуы керек деген пікір айтқан.

ITS тобының индекстеріндегі жағдай Америка нарығындағы ахуалмен бірдей болды. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі бір күнде 0,23% қосқан болса, ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің шығыны болмашы ғана 0,05%-дан асқан жоқ. Қысқасы, нөл дегеніміз – нөл.

Кешегі сауда-саттық күнінде жекелеген эмитенттердің ғана жағдайы сәл тәуірлеу болды. Мұнда кей кезде жеке компаниялардың акцияларына сұраныс жаман болған жоқ. Дегенмен бұл тізімдегі компаниялар алуан түрлі еді – оған қытайдың Li Auto (LI, +3,49%), немістің SAP AG (SAP, +2,66%), жапонның Toyota Motor (TM, +2,61%) мен Sony Group (SONY, +1,24%) компаниялары және тіпті Үндістанның ICICI банкі (IBN, +0,99%) кірді. Бұған қарап, кеше нарықтың өсуі негізінен кездейсоқ және болжап болмайтын үрдіс екенін түсінесің.

Дегенмен, инвесторлар демалыс күндерінен кейін бірте-бірте ұйқыдан оянып, саналы әрекеттерге көшпесе, дүйсенбі – дүйсенбі болмас еді. Осы аптаның барлық негізгі оқиғалары сәрсенбінің сәтті күнінде басталады, ендеше аптаның соңы әлдеқайда қызықты және құбылмалы болады деп нық сеніммен айтуымызға болады.