2025 жылғы 21-25 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы

Инвестициялық оптимизм баяу да болса басым болып келе жатқан нарық біртіндеп өзінің позициясын қайтарып жатыр. Өткен аптадағы сауда-саттық ақыр аяғында жақсылықтан күдер үзуге болмайтынын және шындығында жағдай соншалықты нашар емес екендігін көрсетті. Бірақ аптаның ең басында көптеген инвестор іс жүзінде жағдай өте мүшкіл, сондықтан «суға батып бара жатқан кемеден дереу қашып құтылу» керек деген пікірде болған сияқты. Бақытымызға орай, мұндай көңіл-күй өткен дүйсенбінің еншісінде қалды. Кейінірек жағдай түзеле бастады да, қор нарығындағы «шайқас алаңына» біртіндеп оптимизм орала бастады. Жағдайдың жақсаруына есептіліктің жаңа маусымының басталуымен компаниялардың тоқсандық есептілігі жиірек шығып жатқаны қатты ықпал етті. Дегенмен, инвесторлар алды-артына қарамай жолдағының бәрін жаппай сатып ала бастады деп айтуға болмайды. Мүлде олай емес! Олар ерекше сақтық танытып, бағалы қағаздарды іріктеп алып жатты. Бірақ баға белгіленімі өскен сайын акцияларды сатып алғысы келетіндердің саны арта бастады, ал нарыққа қатысушылардың мүдде спектрінің ауқымы кеңейе түсті. Сайып келгенде, өткен апта іс жүзінде 2023 жылдың қарашасынан бастап алғанда соңғы бір жарым жылдағы ең жарқын апталардың бірі болғаны сөзсіз. Жетекші американдық индекстердің барлығы аптаны сенімді плюспен жапты, ал NASDAQ Composite индексі 7% жуық өсіп (+6,79%), жұлдызға айналды деуге болады!!! Оның «аға әріптестері» – Dow Jones (DJIA-30) және S&P500 индекстерінің нәтижесі қарапайымдау болды – тиісінше +2,48% және +4,59%, бірақ өсу көрсеткіштері сонда да тамаша.

Сала деңгейінде алып қарағанда да, жағдайдың айтарлықтай жағымды болғанын атап өту керек. 11 сектордың бірі ғана аптаны теріс нәтижемен аяқтады. Жолы болмаған бұл «бейбақ» Consumer Defensive тұтыну секторы еді – онда бірінші кезекте қажет тұтыну тауарарын өндіретін компаниялар орташа есеппен -0,8% шығын шекті. Бірақ бұл түсінікті де. Өткен айда аталмыш сектор нарықта орын алған құлдыраудың негізгі бенефециарларының бірі болды, дәл сол кезде инвесторлар жетекші технологиялық компаниялардың акцияларынан құтылуға асығып, азық-түлік секторы компанияларының акцияларын жаппай сатып алумен болды. Ал қазір нарықта кері үдеріс жүріп жатыр, сөйтіп нарыққа қатысушылар тәуекелге көбірек төзімділік таныта бастады. Сол себептен ендігі кезекте «үш баһадүр» секторының акциялары және бір аптаның ішінде 7,73% қосқан дәл осы технологиялық компаниялардың акциялары, капиталдануына орташа есеппен +7,07% қосқан циклдік компаниялардың акциялары, сондай-ақ коммуникация қызметін көрсету саласында жұмыс істейтін компаниялардың 5.56% қымбаттаған акциялары инвесторлардың ең үлкен сұранысына ие болып отыр.

ITS тобының индекстері де американдық индекстерден қалысқан жоқ. Тіпті индекстің екеуі де – ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі де, ITS Shariah исламдық қағаздар индексі де (ITSS) өткен аптаның қорытындысына қарағанда Dow Jones индексінен де, АҚШ қор нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексінен де көбірек өсті. Олар NASDAQ жоғары технологиялы компаниялар индексінен ғана сәл артта қалды. Қалай болғанда да, бір аптаның ішінде 5 пайыға жуық өсу (ITSW индексі +4,88%, ал ITSS индексі +5,57% қосты) өзіндік сапа белгісі екеніне келісетін шығарсыз.

Ал егер жекелеген компаниялар туралы айтатын болсақ, әрине, өткен аптаның қорытындысы бойынша акциялары шынымен де тұрақты сұранысқа ие болған және бұл кезеңде 10 -15, ал кейбірі тіпті 20% өскен көптеген технологиялық компанияны атап өтуге болады. Бірақ ең алдымен технологиялық қос алпауыт – Tesla (TSLA) және Alphabet (GOOGL) акцияларын баса көрсеткен жөн. «Керемет жетіліктің» ішіндегі компаниялардың ішінде олар өткен аптада бірінші болып тоқсандық есептілігін жариялады. Бір қызығы, аталмыш компаниялардың есептіліктері бір-біріне мүлде қарама-қайшы болып шықты – Тесла есептілігінің анық жағымсыз сипаты болса, Гугл есептілігі супер позитивті болды, бірақ… Міне бұл жерде нарыққа қатысушылардың ұстанған мінез-құлқына назар аудару керек. Екі компанияның да акцияларының баға белгіленімі жоғарылай бастады. Осы орайда алып-сатарлық сипаты басым Тесла акциялары қарыштап көтерілді, ал Гугл акциялары асықпай, тіпті «жан-жағына жалтақтап қарап» өсе бастады. Сондықтан соңғысының нәтижесі Тесла акцияларыныкі сияқты ауыз толтырып айтарлық болмаса да (GOOGL +6,8% және TSLA +18,08% ), бұлтты технологиялар саласында жұмыс істейтін және жасанды интеллект саласында бағдарламалар мен қызметтерді әзірлеумен ғана шұғылданатын жетекші технологиялық компанияның бизнесінің жағдайы жақсы екендігінің өзі, әлбетте, жалпы алғанда бүкіл нарыққа өте жағымды әсер етті.

Атап өтетіні, индекстердің өсуі Америка нарығымен шектелген жоқ. Азиядағы және ең алдымен Қытайдағы жағдай әжептәуір болды. Ондағы өсу АҚШ-тағыдай қарқынды болмаса да, қытайдың жетекші технологиялық компаниялары, мысалы, Baidu (BIDU) немесе Alibaba (BABA) сонд да өткен аптада сенімді түрде +10% жасап, ITSW индексінің өсуіне елеулі үлесін қосты.

Жалпы алғанда, әзірге қор нарығындағы ахуалдың жақсара түсенін анық айтуға болады. Бұл президент Трамп тарапынан жаңа тариф енгізілуіне қатысты белгісіздік деңгейінің өте жоғары болып отырғанына қарамастан болып отырған жағдай. Бірақ инвесторлар осы белгісіздіктен үрейленуін азайтты, олардың көпшілігі неғұрлым тартымды бағамен нарыққа кіру мүмкіндігін пайдаланатын болды.