Ақша орнын ауыстырса да, дүрбелеңге салынбайды

Өткен аптаның сауда барысын «жақсы басталып, көңілсіз аяқталды» деп сипаттауға болады.

Шынында да, бәрі жақсы басталғандай еді. Аптаның бірінші жартысында инвесторлар тарапынан сұраныс айқын артып, сәрсенбі күні шегіне жетті. Сәрсенбіде АҚШ Федералдық резерв жүйесінің FOMC комитеті кезекті отырысында мөлшерлемені тағы да ширек пайызға төмендеткені белгілі болды. Әрине, дәл осы сәтте қуануға болатын сияқты еді. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Иә, Dow Jones және S&P500 индекстері өздерінің тарихи максимумдарын жаңартты, бірақ инвесторлардың одан әрі және, ең бастысы, ұзақ мерзімді өсімге күші жетпеді. Бұған Oracle (ORCL) және Broadcom (AVGO) атты екі технологиялық алпауыттың екіұшты тоқсандық есептері, сондай-ақ инфляцияның тым жоғары қарқынына байланысты ақша-несие саясатын одан әрі жұмсартуға қарсы шыққан ФРЖ-ның жекелеген мүшелерінің ұстанымына нарық қатысушыларының алаңдаушылығы себеп болды.

Технологиялық алпауыттарға келсек, Oracle компаниясы бұлтты бағдарламалық қамтамасыз ету сегменті бойынша әлсіз қаржылық болжам ұсынғаннан кейін есеп жарияланған соңғы екі күнде 17%-дан астам жоғалтты. Ал Broadcom акциялары чип өндіруші болашақ маржаның төмендеуі мүмкін екенін ескерткеннен кейін күрт құлдырады, бұл өз кезегінде жасанды интеллект саласына салынған инвестициялардың табыстылығына қатысты инвесторлардың жаңа алаңдаушылығын туғызды.

Нәтижесінде аптаның соңғы күндері минорлық көңіл күйде өтті, ал аптаның басында армандалған ықтимал Санта-ралли туралы ешкім де еске алмады. Дегенмен ең консервативті «көк фишкалар» индексі — Dow Jones (DJIA-30) — белгілі бір беріктік қорын сақтап, аптаны 1,05% өсіммен аяқтай алды. Ал АҚШ нарығындағы қалған екі жетекші индекс — S&P500 және NASDAQ Composite — аптаның қорытындысы бойынша тиісінше 0,63% және 1,62% жоғалтты.

ITS индексі тобы да аптаны минуспен аяқтады. Алайда жаһандық компанияларды қамтитын ITS World (ITSW) индексі жақсы географиялық әртараптандырудың арқасында салыстырмалы түрде аз шығынға ұшырап, бар болғаны 0,83% төмендеді. Ал құрамында америкалық ірі бигтех-компаниялар көп болатын ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі көбірек зардап шегіп, 2,31% жоғалтты.

Дегенмен мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ, өйткені аптаның негізгі тренді инвесторлардың қаражатты технологиялық компаниялар акцияларынан құбылмалылығы төмен басқа секторлар акцияларына ауыстыруы болды. Экономистердің бірі өте дәл атап өткендей: ақша қаражаты миграция жасайды, бірақ дүрбелеңге түспейді. Мұны салалық бөліністе айқын көруге болады. Жасанды интеллектпен тікелей байланысты Communication Services және Technology секторлары айтарлықтай шығынға ұшыраса (тиісінше -2,77% және -2,19%), қарама-қарсы жағында шикізат (+3,13%), қаржы (+2,16%) және өнеркәсіп (+1,28%) компанияларының акциялары едәуір қымбаттады. Осылайша, қазіргі таңда инвесторларды нарықтың одан әрі өсуінен гөрі капиталды сақтау мәселесі және жасанды интеллект саласындағы инвестициялардың қайта бағалануымен байланысты тәуекелдерден ықтимал бас тарту көбірек алаңдататынын көріп отырмыз.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

48 458,05

-0,51

S&P500 (SPX)

6 827,42

-1,07

NASDAQ Comp. (IXIC)

23 195,17

-1,69

ITS WORLD (ITSW)

1 513,32

-0,96

ITS Shariah (ITSS)

1 515,73

-1,62

 

15 желтоқсанға нарық болжамдары

Осы апта, шамасы, жаңа жылға дейінгі аяқталып келе жатқан кезеңдегі ең маңызды әрі ең шиеленісті апта болмақ. Негізгі оқиғалар, сөзсіз, макроэкономикалық деректердің жариялануымен байланысты болады. Жеттік-ау! Шатдауннан кейін бұл нарықтың кең ауқымды қатысушылары үшін қолжетімді болатын алғашқы шынайы өзекті деректер (қараша айы бойынша) болмақ.

АҚШ Еңбек министрлігінің ауыл шаруашылығынан тыс жалақы, тұтынушылық инфляция және бөлшек сауда бойынша есептері осы аптада жариялануы тиіс және қазан айындағы үкімет жұмысының тоқтатылуы инвесторлар мен саясаткерлерді қазіргі экономикалық ахуалды бақылау мүмкіндігінен айырғаннан кейін экономиканың жай-күйін тереңірек түсінуге мүмкіндік бере алады.

Бұдан бөлек, корпоративтік есептіліктің жариялануына байланысты да бірнеше маңызды сәттер болады. Әрине, ең үлкен қызығушылықты технологиялық сектордың тағы бір алпауыты – микрочиптер өндіруде жетекші компания Micron Technology (MU)-дің есептілігі тудырады. Oracle және Broadcom есептіліктерінен кейінгі жағымсыз көңіл күй аясында көпшілік Micron деректері анағұрлым үміт сыйларлық болып, біршама жабырқаңқы инвесторларды қайта серпілтеді деп үміттеніп отыр.

Сонымен қатар Nike (NKE) компаниясының есептілігі де өте қызықты болмақ. Компания өзін тиімді көрсете біледі және әдетте нарық қатысушыларын жетістіктерімен қуантады. Әсіресе бұл қазіргі уақытта, Рождество мен Жаңа жыл алдындағы жаппай жеңілдіктер маусымы қызған кезде, әбден мүмкін, өйткені бұл кезең ритейлерлер үшін ең «табысты» уақыт саналады.

Ал қазіргі сәтке келсек, дүйсенбі таңындағы жағдай аралас көрініс көрсетіп отыр. Еуропа мен АҚШ нарықтары аздап плюс аймағында болса, Азия нарықтарының барлығы дерлік қызыл түске боялған. Дегенмен, азиялық нарықтар әдетте біршама кешігіп әрекет етеді, сондықтан олардың қазір жұма күнгі негативті факторларды өтеп жатуы әбден мүмкін.

Соған қарамастан, «қазіргі көңіл күй қандай?» деген сұраққа нақты жауап әзірге жоқ. Барлығы макроэкономикалық деректердің жариялануы мен корпоративтік есептіліктің шығуына қарай шешіледі. Бұл негізгі оқиғалар аптаның екінші жартысында өрбитінін білдіреді, ал ең маңызды сауда, сірә, сәрсенбі мен бейсенбі күндері өтеді. Ендеше, осы күндерді күтіп, позитивтің көбірек боларына және Рождество мен Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алуға үміттенейік.