2025 жылғы 28 наурыздағы сауда-саттықтың қорытындысы
Сарапшылар қанша маңызданса да, мұңаймауға тырысқан инвесторлар нарықтың жағдайы жақсы деп көрсетуге қанша тырысса да, шындықты өзгерте алмайсың. Демек, бірінші тоқсанның аяғына таман нарықта пессимизм орнап жатыр. Өткен аптаның жұмасында өткен сауда-саттық да, аптаның өзі де осыны айғақтап отыр. Бірақ өткен апта оптимистік көңіл-күйде басталғанын атап өту керек. Жалпы алғанда, алғашқы екі күндегі сауда-саттық қорытындысы соңғы айда нарықта орнаған торығушылықты жеңуге болады, сөйтіп нарықты «сауықтыратын», тағатсыздана күткен өсу болады деген үміт ұялатқан еді. Алайда нарық атмосферасындағы әлгі «fata morgana» ұзаққа бармай сейілді де, аптаның аяғына қарай инвесторлардың көңіл-күйі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Ақыр аяғында жұма күнгі жаппай сату позитив атаулыны жоқ қылды. Аптаны шығынмен аяқтаған индекстер 200 күндік жылжымалы орташа шамаларынан алшақтап, қайтадан осы жылдың ең төменгі деңгейіне түсті. Бір аптада келген шығын әзірге айтарлықтай үлкен емес – Dow Jones индексі бойынша 1% басталып (-0,96%), NASDAQ Composite индексі бойынша -2,6% жетті. Бірақ нарықтағы кезекті құлдыраудың өзі инвесторларды қапаландырады.
Жаппай сатудың кезекті толқынының басталуына инвесторлардың 2 сәуірде күшіне енетін жаңа бөгеуіш тарифке қатысты үрейге салынуы басты себеп болды. Тариф енгізуден туындаған белгісіздік және ең бастысы, оны енгізудің салдарына қатысты екіұштылық инвесторлардың зәресін алып отыр. Сондықтан олар акцияларын сатуды үдете бастады. Абырой болғанда, әзірге жағдай жалпы жаппай сатуға жеткен жоқ, бірақ «портфельді қағып-сілку» және қаражатты тәуекелі көбірек акциядан (ең алдымен, жетекші технологиялық компаниялардың акцияларынан) шығарып, тәуекелі аз акцияға (мысалы, тұтыну секторында жұмыс істейтін компания акцияларына) салу үрдісі байқалуда. Айталық, өткен аптаның қорытындысы бойынша Consumer Defensive секторы компанияларының акциялары орташа есеппен 1,21% қамбаттаса, Real Estate секторындағы жылжымайтын мүлікті басқарумен айналысатын компаниялардың акциялары орташа есеппен +0,25% өсті. Бұл орайда осы уақыт ішінде шығыны орташа есеппен алғанда ғана 4 пайызға жуықтаған (-3,84%) технологиялық компаниялар акцияларының, сондай-ақ орташа есеппен -2,83% төмендеген Communication Services компаниялары акцияларының жолы болмай қойды.
Әлбетте, бұл жағдай ITS тобының индекстеріне де жағымсыз әсерін тигізді. Қос индекс – ITS World (ITSW) жаһандық нарық индексі де, ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі де бір аптада 2 пайыздан астам құлдырады. Осы орайда екі индексте капиталдануының 10% астамынан айырылған микрочип өндіруші Broadcom (AVGO) компаниясы бәрінен де көп сәтсіздікке ұшырады. Алайда, мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ, себебі басқа жетекші технологиялық компаниялардың шығыны сәл азырақ болғанымен, бұл көрсеткішпен салыстырарлық деңгейде. Жалпы атап өтетіні, big tech’ компанияларының ішінде акциялары жұмаға дейін өскен Apple (AAPL) жағдайы ғана біршама жақсы болған еді, бірақ жұма күнгі жаппай сатылым оны да омақастырды. Сөйтіп Apple шығыны 0,17% жетті.
Ал кімнің акциясына шынымен де сұраныс бар десеңіз, бұл медицина және фармацевтика компанияларының акциялары. Әсіресе, Merck & Company (MRK), AbbVie (ABBV), Eli Lilly (LLY) сияқты фармацевтика мейджорлары мен тағы бірқатар алпауыттың акцияларын айтуға болады. Осыған байланысты жұма күнгі сауда-саттық қорытындысы көп нәрседен хабар беріп тұр, өйткені ITSS индексінде фармацевтика компанияларының акциялары ғана өскен. Бірақ бұл әбден түсінікті нәрсе шығар, өйткені қазіргі жағдайда үрейге бой алдыра бастаған инвесторларға дәрі-дәрмек керек болуы мүмкін.
Сонымен, өткен аптаның нәтижесі көңіл көншітпейтіні даусыз. Бірақ әзірге қираған ештеңе жоқ. Оның үстіне, нарықтың бар күшін салып шыдап тұрғанын көруге болады. «Бұқалар» қарсыласуға тырысып бағуда, бірақ қашанға дейін шыдас беретіні беймәлім. Дегенмен, жақын арада баға белгіленімдері қалпына келіп, жыл басындағы деңгейге оралады деген мүмкіндік ғайып болып барады. Бұдан ұнжырғаң түседі.