Шынайы құндылықтар ЖИ хайпына қарсы

Екі басты айдаһарды көргеніңіз бар ма? Үш бастысын адамдар талай рет көрген! Олар туралы ертегі мен аңыздар толып артылады. Ал екі басты айдаһар, егер бар болса, өте сирек кездесетін сияқты. Бірақ өткен аптада біз осындай ғажайып «жануарды» көрдік. Америка нарығы екі жаққа жұлқына жөнелді. Бір жағынан, технологиялық компаниялардың акцияларын жаппай сату жалғасты және тіпті күшейе түсті. Ал екінші жағынан, кенеттен виртуалды құндылықтар ғана емес, нақты құндылықтардың да бар екені инвесторлардың есіне түсті. Сондықтан тұтыну нарығында жұмыс істейтін компаниялардың, өнеркәсіп және энергетика алыптарының, сондай-ақ жүк тасымалдаумен, өнеркәсіптік қаптамамен және алуан түрлі арнайы тұтынушылық химиямен айналысатын компаниялардың акцияларына үлкен сұраныс пайда болды. Яғни, инвесторлар бірнеше ай, тіпті жылдар бойы есіне алмаған компаниялар алдыңғы орындарға шықты. Мәселен, өткен аптаның қорытындысы бойынша акциялары S&P500 индексінде ең үздік атанған DaVita (DVA) компаниясы туралы қаншалықты көп білесіз?

Әрине, нарықты құлдырата алатын айқын «зұлым», мысалы, қандай да бір геосаяси шок немесе тарифтер қаупі болған жоқ. Оның орнына тәуекелге деген «тәбетті» біртіндеп төмендеткен және алып-сатарларды да, инвесторларды да өздерінің ойлаған және осы кезде дейін білген нәрсесіне күмәндануға итермелеген корпоративтік және экономикалық жаңалықтардың легі еш толастамады.

Өткен аптада бигтех компаниялардың және ЖИ-мен байланысты компаниялар акцияларының жаппай сатылымы басталды. Бұған Claude чат-ботын әзірлеуші Anthropic компаниясы ұсынған жаңа автоматтандыру құралы себеп болды. Сейсенбі күні бұл жаңалық бағдарламалық жасақтама және қаржылық қызмет көрсету секторындағы компаниялар акцияларының жаппай сатылуына түрткі болды, себебі ЖИ олардың бизнес-модельдерін бұзуы мүмкін деген алаңдаушылық туындады. Кейін бұл үрей кеңірек нарыққа да тарады. Бұл бейсенбі күні, Advanced Micro Devices (AMD) 2026 жылдың 1-ші тоқсанына күтілгеннен әлдеқайда әлсіз болжам ұсынғаннан кейін орын алды. Және ақырында, Google бас компаниясы - Alphabet (GOOGL) көңілді болып отырған инвесторлардың ұнжырғасын түсіріп жіберді. Ол 2026 жылы ЖИ-ге жоспарланған шығысты екі есеге арттырып, нарыққа қатысушыларды қатты қынжылтты. Мұның барлығы жиынтығында инвесторлардың ЖИ артқан үмітті ақтап, пайданың елеулі өсуін қамтамасыз ете алатынына қатысты алаңдаушылығын қайта күшейтті.

Еңбек нарығының әлсіреуі және алдағы уақытта АҚШ пен Иран арасында өтетін ядролық келіссөзге қатысты макроэкономикалық алаңдаушылық та нарықтағы көңіл-күйді жақсартпақ түгілі, инвесторларды торықтырып жіберді.

Ал екінші жағынан, бұрын артта қалып жүрген циклдік және қорғаныс компаниялары өткен аптада кеңірек нарықтан айтарлықтай асып түсті де, негізгі индекстердің төмендеу трендін тежеуге айтарлықтай көмектесті.

Осы жағдайдың нәтижесінде Американның ең көнеден келе жатқан Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі аптаның нағыз қаһарманы атанды – ол өзінің тарихында алғаш рет 50 000 тармақтан жоғары белгіде жабылды! Ура, ура, ура! Осы орайда бұл индексте негізгі өсу драйверлері Amgen (AMGN) және Merck & Co (MRK) медицина мейджорларының, сондай-ақ офлайн-ритейл саласының әлемдік көшбасшысы Walmart (WMT) акциялары болды. Аталмыш үш компанияның акциялары бір аптаның ішінде 12% астамға қымбаттады. 3M (MMM) және Caterpillar (CAT) сияқты өнеркәсіп алыптары да жақсы нәтиже көрсеті – әрқайсысының акциялары осы уақытта 10%-дан астам қосты. Көріп отырғанымыздай, бұл тізімде технологиялық компаниялардың акциялары жоқ және олардың ішіндегі ең үздігі – Apple (AAPL) – осынау ерекше рейтингте небәрі жетінші орында тұр.

Американың басқа екі жетекші индексіне келетін болсақ, S&P500 және NASDAQ Composite жұма күні сәйкесінше 1,97% және 2,18% өскеніне қарамастан, аптаны оң нәтижемен аяқтай алмады. Бірақ Америка нарығының негізгі бенчмаркы саналатын S&P500 индексі аптаның қорытындысы бойынша символикалық 0,1% жоғалтып, өзгеріссіз қалса, NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексінің шығыны әлдеқайда көбірек болды – 1,84%.

ITS индекстер тобында да дәл осындай жағдай болды. ITS World жаһандық компаниялар индексі (ITSW) жақсы географиялық әртараптандырылуының арқасында нарықта орын алған жаппай сатылымға ұшырамай, бір аптада 0,31% өсті. Ал портфелі түгелдей американдық компаниялардың акцияларынан тұратын ITS Shariah исламдық қағаздар индексі (ITSS) аздап шығынға ұшырады – 0,86%. Әлбетте, бұл индексте негізгі аутсайдерлер болып Oracle (ORCL) және Microsoft (MSFT) сияқты технологиялық компаниялардың акциялары атанды, капиталдануы қомақты екеуінің бір аптадағы залалы сәйкесінше 14% және 7% болды. Өкінішке орай, мұндай үлкен шығынды JNJ, MRK, LLY, ABBV және AZN сынды медициналық компаниялар акцияларының айтарлықтай өсуі де, Caterpillar (CAT) немесе GE Vernova Inc. (GEV) сияқты өнеркәсіптік компаниялардың акцияларына жақсы сұраныс болғаны да толық өтей алмады.

Көріп отырғанымыздай, жағдай әлі тұрақсыз. Бірақ, абырой болғанда, барлық жаппай сатылымға және ЖИ төңірегіндегі қызу пікірталасқа қарамастан, нарық жалпы алғанда тік басып тұр, онда айтарлықтай құлдырау байқалмайды. Ал жекелеген секторлардың және тіпті индекстердің («көнекөз қария» Dow индексін тағы да жаңа рекордымен құттықтайық!) жағдайы өте жақсы. Дегенмен, нарықтағы жарылу күшейіп келеді – бұл анық жағдай, сондықтан дәл қазір болып жатқанның бәрін мұқият бақылап, «тұрақсыз күй кешіп отырған» «қор нарығы мырзаның» тамырын ұстап байқау керек.

 

Индекс/Тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

50 115,67

+2,47

S&P500 (SPX)

6 932,31

+1,97

NASDAQ Comp. (IXIC)

23 031,2

+2,18

ITS WORLD (ITSW)

1 565,82

+0,92

ITS Shariah (ITSS)

1 496,97

+1,34

 

9 ақпандағы нарық болжамы

Өткен апта корпоративтік есептіліктің шығуы және маңызды макроэкономикалық деректердің жариялануы тұрғысынан шарықтау кезеңі болса, алдағы апта бұл жағынан жеңілірек болады. Корпоративтік есептілік маусымы экваторынан өтті және аса ірі корпорациялардың дені есебін беріп болды. Ендеше бұл жақтан әлдеқандай оқыс жағдай болады деп күтудің керегі жоқ.

Оның есесіне алдағы аптада макродеректерге ерекше назар аударған жөн болады. Сейсенбі күні қаңтар айындағы бөлшек сауда сатылымдары бойынша деректер пайда болады, ал сәрсенбіде жұма күнінен кейінге қалдырылған еңбек нарығы (жұмыссыздық деңгейі және жаңа жұмыс орындарының саны) бойынша ресми деректер шығады. Алдағы аптада нарықтағы «ауа-райын» дәл осы макродеректер мен сыртқы жаңалықтар айқындайды деген болжам жасауға болады.

Үстміздегі аптаның дүйсенбісі Жапония жағалауынан келген жағымды жаңалықтан басталды. Премьер-министр Санаэ Такаитидің «жауапты және проактивті» фискалдық саясатына айқын сенім вотум білдірілген жағдайда жапон компанияларының акциялары дүйсенбі күні тарихи максимумына шықты, ал шарықтап ұшқан Nikkei 225 индексі 56 363 тармақ белгісіне жетті.

Бастапқыда баға Швейцария франкіне қатысты рекордтық минимумға дейін құлдырады, бірақ Токио тарапынан валюталық араласу болуы мүмкін деген ескерту жасалғаннан кейін дереу бағытын өзгертті.

Жексенбі күні Жапонияда кезектен тыс парламенттік сайлау өтті, оның барысында Такаити бастаған либерал-демократиялық партия анық жеңіске жетіп, парламенттің төменгі палатасындағы 465 орынның 316-сын иеленді. Бұл оған ірі шығысты алға бастыруға және уәде етілген салық жеңілдіктерін енгізуге мықты мандат берді. Бұл ретте атап өтетіні, Такаити ханым өзінің экономиканы ынталандыру жоспары ел қаржысын жұтатпайтынын бірнеше рет атап өтті, өйткені қазірдің өзінде Жапония дамыған әлемдегі ең ауыр борыш жүгін арқалап келе жатқанын ескергенде, әдетте бұл нарықтар үшін елеулі проблема болады.

«Бұл нәтиже саяси белгісіздікті азайтып, “Жапония қайта оралды” деген кеңірек нарративті күшейтеді», – деді State Street корпорациясындағы тиянақталған табыс жөніндегі аға стратег Масахико Лоо.

Әлбетте, Жапонияда орын алған айтарлықтай позитив Азияның басқа нарықтарына да әсер етті, сондықтан олар бүгін таңертеңнен бастап сенімді түрде өсіп, орташа есеппен 1,5% - 2% өсім көрсетуде.

Еуропада да бәрі «жасыл түске боялған». Дегенмен, бұл түс онша қанық емес, және еуропалық нарықтардың өсуі енді пайыз емес, небәрі пайыз үлестерімен есептеледі – Францияда бұл көрсеткіш 0,35%, Италияда 1,32%. Осы орайда Италиядағы жағдай ерекше – қазір итальяндық қор нарығы XXV қысқы Олимпиада ойындарының сәтті басталуынан кейінгі хайпты пайдаланып отыр.

Ал Америка нарығына келер болсақ, мұнда бәрі біршама тыныш. АҚШ демалыстан кейін әлі оянбаған сияқты. Негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстердің баға белгіленімдері «керек бола қалса» деп 0,1% қосып, аздап плюске шықты, бірақ іс жүзінде бұл нөл екені түсінікті. Нарыққа қатысушылар ендігі беталысты көрсететін маңыздырақ белгілердің пайда болуын күтуде. Дегенмен, көптеген инвестор дүйсенбі күні демалыс алып, бөлшек сауда бойынша деректер (сейсенбіде) және әсіресе еңбек нарығы бойынша деректер (сәрсенбіде) шыққанға дейін бір-екі күн күте тұруды жөн көруі мүмкін. Міне сонда әрі қарай сенімдірек қадам басуға болады. Алайда «қайда» деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр, нарыққа қатысушылар бұл күрделі «есепті» жақын арада шешпек. Сондықтан айтарлықтай құбылмалылық жарқылы әлі алда, оны біз міндетті түрде көреміз. Ендеше еш босаңсымай, алдағы талай маңызды шайқасқа дайындаламыз.