Бағдатта бәрі де тыныш

Соңғы күндері шыққан жаңалықтарға қарағанда, өткен апта қандай да бір жарқын нәтижемен есте қалуы тиіс еді, алайда олай болмады. Нарыққа қатысушылар оның шырқын бұзуға тырысқанымен, Dow Jones индексі жаңа тарихи максимумына да жетті, соңғы айда – 2025 жылғы 10 қазаннан бері (әрине, салыстырмалы түрде алғанда) екі күн қатарынан ең қатты құлдырады да.

Жалпы, осы «қорқынышты жағдайға» қарамастан, нарық орнында қалды – апта қорытындысы бойынша индекстер болмашы ғана өзгерді. Мысалы, Dow Jones көгілдір фишкалар индексі бір аптаның ішінде 0,34% өсті. Америка қор нарығының негізгі бенчмаркы S&P500 индексі іс жүзінде өзгерген жоқ – ол бар болғаны 0,08% қосты. NASDAQ Composite жоғары технологиялық компаниялар индексі қағаздарының бағасы ғана біршама төмендеді – 0,45%. Оның жағдайы нарықтағы қазіргі үрдісті көрсетеді: инвесторлар жасанды интеллект тақырыбынан түңілген сияқты, сондай-ақ аса ірі технологиялық компаниялардың акцияларынан біртіндеп құтылуға бет алғаны байқалады.

Соңғы күндері инвесторлар шынымен де мөлшерлеменің үлкен қарқынмен төмендеуі мүмкін екендігіне және соңғы жылдары Америка қор нарығының өсуіне елеулі үлес қосқан, ЖИ саласында жұмыс істейтін бигтех компаниялар акцияларының тым қымбат бағалануына алаңдаушылық білдірді.

ФРЖ желтоқсанда өтетін отырысында мөлшерлемені төмендетеді деген үміт өткен аптада айтарлықтай әлсіреді – бұған бір жағынан АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген жаһандық тарифтердің әсерінен инфляцияның тұрақты сипат алғанын көрсететін белгілер әсер етті. Желтоқсан айында мөлшерлеменің 25 базистік тармаққа төмендетілу ықтималдығы енді 50%-ға жетпейді. Салыстыру үшін: бұдан бір апта бұрын CME алаңында саудаланатын FedWatch фьючерстері бұл ықтималдықты 67% деп бағалаған еді.

Өткен аптадағы жағымды жаңалықтар қатарына Америка тарихындағы ең ұзаққа созылған шатдаунның аяқталуын және үкіметті қаржыландырудың қайта басталуын сенімді түрде жатқызуға болады. Ендеше инвесторлар барлық макроэкономикалық жаңалықтарды дер кезінде біліп, инвестициялық шешімдерді әбден ақылға салып қабылдай алады.

ITS тобының индекстеріне келсек, олар өткен аптада жан-жаққа таралған нәтиже көрсетті, бірақ «американдық әріптестері» сияқты нөлден көп ауытқыған жоқ. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексінің жағдайы одан сәл нашарлау болды, оның бір аптадағы шығыны 0,17% жетті. Ал ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексі американдық акциялардың динамикасын көрсететін барлық индекстердің арасында үздік болып шықты: осы уақыт ішінде шамамен бір пайыз – 0,85% өсті.

Көріп отырғанымыздай, бұл жерде де қандай да бір нақты, елеулі қорытынды жасайтындай аса әсерлі өзгеріс болған жоқ. Нарық, шамасы, біршама салқындау кезеңіне өткен сияқты. Қазіргі деңгейлер тар ауқымда өзгеріп, жеткен биігінде «бекініп алған». Бұл жағдай Алғыс айту күніне дейін жалғасуы әбден мүмкін, ал одан кейін Жомарт жұма мен Кибердүйсенбі келеді – міне соның нәтижесіне қарай одан әрі не істеу керектігін шешерміз.

 

Индекс\тикер

Баға белгіленімі

Өзгеріс (%)

DJIA (DJI)

47 147,48

-0,65

S&P500 (SPX)

6 734,0

-0,05

NASDAQ Comp. (IXIC)

22 900,59

+0,13

ITS WORLD (ITSW)

1 504,24

-0,22

ITS Shariah (ITSS)

1 514,25

+0,43

 

17 қарашадағы нарық болжамы

Осы апта барлық жағынан өте қызықты болғалы тұр. Біріншіден, шатдаунға байланысты бір жарым айға жалғасқан үзілістен кейін макроэкономикалық деректер жариялана бастайды. Өткен аптада уақытша тыныштық аяқталып, әлемдегі ең ірі экономикадағы жұмыспен қамту және инфляция туралы жаңа деректердің жариялануына жол ашылды. Алдағы күндерде – бейсенбі күні шығатын ең маңызды жарияланымдардың бірі АҚШ-тағы жұмыспен қамту туралы қыркүйек айының (ал қазір қараша!) есебі болмақ. Ал қазан айына арналған осындай есеп шығады ма – мүлде түсініксіз, себебі Ақ үйдің берген түсініктемесіне қарағанда, қазан айының деректері қысқартылуы мүмкін.

Бірақ кез келген жағдайда ең маңызды фактор – бұл деректер ФРЖ желтоқсан айында қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме бойынша түпкілікті шешіміне әсер етуі мүмкін. ФРЖ алдыңғы екі отырысында мөлшерлемені төмендетті, бірақ орталық банк қазіргі өзекті экономикалық көрсеткіштерді ескермей, іс жүзінде соқыр тәуекелге салынып отыр деп алаңдаудың салдарынан нарыққа қатысушылар FOMC (Ашық Нарықтар жөніндегі Федералдық Комитет) келесі айда қарыз алудың құнын өзгеріссіз қалдырады деп есептеп отыр.

Жаңа басталған аптаның тағы бір маңызды оқиғасы – капиталдандыру бойынша әлемдік көшбасшы Nvidia (NVDA) компаниясының тоқсандық есептілігі шығады. Сәрсенбі күні нарықтар жабылғаннан кейін жарияланады деп күтіліп отырған оның нәтижелері инвесторлар үшін АҚШ еңбек нарығы бойынша есептен де маңыздырақ болуы мүмкін.

2022 жылдың аяғында OpenAI компаниясының чат-боты – ChatGPT іске қосылған кезден бастап Nvidia акцияларының құны шамамен 1000% өсті. Нәтижесінде компания нарықтық құны 5 триллион доллардан асқан тұңғыш компанияға айналды, ал оның пайдасы ЖИ төңірегіндегі инвесторлардың қазіргі, айтарлықтай шиеленісті көңіл-күйіне ықпал ете алатын көшбасшы мәртебесіне ие болды.

Акциялардың өсіре бағалануын және технология саласында жасалған, көпшілігі Nvidia компаниясының озық чиптерімен байланысты бірқатар циклдік мәмілені ескере отырып, кейбір сарапшылар бұл салада «көпіршік» пайда болуы мүмкін деп көбірек алаңдай бастады.

Осы аптада Nvidia компаниясынан басқа, үйге арналған тауарларды сатумен айналысатын бірнеше компания, сондай-ақ ірі бөлшек сауда желілері есеп береді – олар алдағы Рождество мен Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелік сатып алу мезгілінің перспективасы туралы әлеуетті ақпарат береді. Бұл аптада Walmart (WMT), Home Depot (HD) және Target (TGT) сияқты әйгілі компаниялар өздерінің соңғы қаржылық нәтижесін жариялауы керек.

Нарыққа қатысушылардың дүйсенбі күнгі көңіл-күйіне келер болсақ, оны біршама оң деп айтуға болады. Таңертеңгі сессия қорытындысы бойынша негізгі американдық индекстер бойынша фьючерстер бірқалыпты өсіп жатыр: қазір 0,5% бастап (S&P500 индексі бойынша фьючерс) 0,9% дейін жоғарылау бар (NASDAQ100 индексі бойынша фьючерс). Инвесторлардың көңіл-күйі негізінен АҚШ президенті Дональд Трамп ауқымды баж енгізу мәселесі бойынша ұстанымын жұмсартып отырған шығар деген белгілердің пайда болуына байланысты жақсарғаны анық. Жұма күнгі сауда-саттық жабылғаннан кейін Ақ үй тамақ өнімдерінің бірқатарына салынатын баждың төмендетілетінін хабарлады. Осы орайда Трамп бұл өнімдер бағасының қымбат болу проблемасын шешу қажет деп мәлімдеді. Трамп сиыр еті, жеміс және кофе сияқты кейбір өнімдердің бағасы «сәл өсіріңкі» екенін мойындады.

Сондай-ақ АҚШ пен Швейцарияның келісім жасасуы туралы ақпарат та көңіл көншітерлік. Бұл келісім бойынша 2028 жылдың соңына дейін АҚШ-қа 200 миллиард доллар мөлшерінде инвестиция салынуы шартымен Альпі елінен келетін экспортқа салынатын баж 39%-дан 15%-ға дейін төмендетілмек.

Көріп отырғанымыздай, әзірге бәрі нарықтың өсуіне жағдай туғызып отыр. Бұл аса ауқымды болмаса да, айтарықтай сенімді өсу. Бірақ қуануға әлі ерте. Үстіміздегі аптаның негізгі оқиғалары (макроэкономикалық деректердің жариялануы және Nvidia тоқсандық есептілігінің шығуы) әлі алда. Нарыққа қатысушылардың көңіл-күйін дәл осы факторлар айқындайды.