Ұйқың тыныш болсын, қымбатты инвестор
Өткен апта «бұқалар» үшін тағы бір жарқын жеңіспен есте қалды. Жасанды интеллект саласындағы жаңа хайп толқыны мен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі жөніндегі болжамдардың аясында ірі индекстер бірінен соң бірі жаңа биіктерді бағындырды. Жоғары технологиялық компаниялардың индексі NASDAQ Composite апта бойы күн сайын тарихи максимумдарды жаңартып отырды да, ақырында 22 000 тармақтан жоғары деңгейге шықты. Америкалық қор нарығының басты бенчмаркі S&P 500 сәл күйгелектене қимылдағанымен, өте сенімді көрінді және тіпті (қысқа сәтке ғана) 6600 тармақтық межеге жетіп, апта қорытындысында +1,59% қосты. Ал Dow Jones әдеттегідей артта қалғанымен, оның өсімі де жаман болған жоқ: апталық нәтиже +0,95%, бұл NASDAQ Composite-тің +1,02%-дық өсімінен онша көп артта қалған жоқ.
Осылайша, қыркүйек айы «тарихи тұрғыдан қор нарығы үшін ең сәтсіз ай» деп жар салған пессимистердің үмітін әзірше ақтап отырған жоқ. Қазіргі жағдайға қарасақ, жағдай жаман емес.
ITS индекстері де көңілден шықты. Тіпті олардың көрсеткіштері америкалық әріптестерінен әлдеқайда жоғары болды. Апта ішінде ITS World (ITSW) ғаламдық компаниялар индексі – +2,15% өсті. Ал ITS Shariah (ITSS) ислам қағидаларына негізделген қағаздар индексі тіпті «зымыранша» көкке ұшып, бір апта ішінде +4,13% қосты. Нәтижесінде екі индекс те тарихи максимумдарын бірнеше рет жаңартып, 1500 тармақтық психологиялық маңызды деңгейге жақындады.
Өсімнің басты драйверлері – технологиялық компаниялардың акциялары. Орташа өсім +3,38% болды. Мұндағы нағыз «жұлдыз» – Oracle (ORCL). Компания кварталдық есебін жариялағаннан кейін және жасанды интеллектіні дамытудағы керемет жоспарлары жайлы мәлімдемелер жасаған соң, акциялары бір сәттің өзінде +36%-ға дейін шарықтады. Бұл жетістік бүкіл секторға оң әсер етіп, бәсекелестердің акцияларын көтеріп қана қоймай, жетекші микрочип өндірушілерін де жоғары тартты (мысалы, Micron Technology (MU) акциялары апта ішінде +23%). Сондай-ақ ірі дата-орталықтарды энергиямен жабдықтайтын энергетикалық компаниялардың қағаздары да серпінді өсті (NRG Energy (NRG) және Vistra Corp (VST) акциялары +10%-дан астам қымбаттады).
Жалпы позитив дерлік барлық экономикалық секторларда сезілді, денсаулық сақтау (-0,65%) және бірінші қажеттілік тауарлары саласын (-0,02%) қоспағанда. Әсіресе фармацевттер үшін өкінішті, олар Трамптың шенеуніктері балалар өлімін COVID-ке қарсы екпелермен байланыстыруға ниетті деген хабардан кейін тағы «соққы көріп» отыр. Әрине, мұндай жағдайда ең қатты соққы дәл вакцина өндірушілеріне – Pfizer (PFE) және Moderna (MRNA) тиді. Біріншілері өз капитализациясының шамамен 4%-ын жоғалтты, ал екіншілері одан екі есе көп – шамамен 8%.
Дегенмен де, жалпы алғанда нарықтағы жағдай өте оптимистік күйінде қалып отыр және инвесторлар, нарықтағы мүмкін болатын «көпіршік» жөніндегі күшейіп келе жатқан әңгімелерге қарамастан, нарықтың әрі қарай өсетініне сенуді жалғастырып, үлкен ынта-жігермен осы аптада өтетін FOMC отырысын күтуде.
15 қыркүйекке нарық болжамдары
Осы апта нарықтың кейінгі қозғалысының бағытын анықтау тұрғысынан аса маңызды болмақ. Және осы аптаның басты оқиғасы сөзсіз АҚШ ФРЖ Ашық нарықтағы операциялар комитетінің (FOMC) кезекті отырысы болады, ол дәстүр бойынша сейсенбі және сәрсенбі күндері өтеді, ал сәрсенбіде, Астана уақыты бойынша 23:00-де мөлшерлеме бойынша шешім жарияланады. Қазіргі сәтте нарық қатысушылары 94 пайыздық сенімділікпен ФРЖ мөлшерлемені 0,25% төмендетеді деп есептейді. Бұл осылай болатынына ешкім де күмән келтірмейді. Ал басты интрига – әдеттегідей, ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл кейінгі баспасөз конференциясында жариялайтын түсініктемелерінде болмақ.
Алдағы аптадағы маңызды оқиғаларға сейсенбі күні жарияланатын бөлшек сауда бойынша деректерді де жатқызуға болады. Алайда мөлшерлеме шешімін күту аясында бұл оқиға әлдеқайда аз мәнге ие болады. Сондықтан сәрсенбі кешіне дейін нарықтағы жағдай салыстырмалы түрде тыныш әрі сабырлы болады деп болжауға болады. Ал «X сағатынан» кейін құбылмалылықтың біршама жарылысын және тіпті пайда бекітуге байланысты неғұрлым ауқымды қозғалыстың басталуын көруге әбден болады. Соңғысы қазіргі жағдайда тым ықтимал.
Бұдан бөлек, инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы жексенбі күні Мадридте басталған сауда келіссөздерін мұқият бақыламақ. Келіссөздер немен аяқталатыны әзірге мүлде белгісіз, бірақ көптеген бақылаушылар кез келген жағдайда әңгіме TikTok қысқа видеолар қосымшасына қатысты соңғы мерзімді ұзарту туралы да қозғалатынын күтуде. Ол қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі. Қазіргі сәтте, егер ByteDance платформаны 17 қыркүйекке дейін сатпаса, TikTok-қа АҚШ-та жабылу қаупі төніп тұр.
Жалпы, демалыстан кейін нарықта қалыптасқан жағдайға келсек, мұнда ешқандай жаңалық жоқ. Әлемдік индекстер апта басын аздаған өсіммен ашып отыр. Бүкіл Еуропа дерлік жасыл түске енген (жергілікті FTSE100 нөлге жақын деңгейде тұрған Ұлыбританиядан басқа). Азияда да жағдай жаман емес, мұнда жапондық Nikkei 225 өзін ең жақсы сезінуде, жұма күнгі жабылу көрсеткіші бойынша шамамен 1 пайызға (+0,89%) өскен.
Негізгі америкалық индекстердің фьючерстері де қолдан келгенше тырысып, инвесторлардың көңілін түсірмеу үшін нөлдік көрсеткіштердің маңында ұсталып тұр. Қысқасы, әзірге бәрі тыныш та сабырлы. Бірақ, айтқандай, дүрбелеңнің де «ауылы алыс емес». Ал «шухер», жоғарыда айтылғандай, сәрсенбі күні болады. Міне, соны күтіп отырмыз…