2025 жылғы 31 наурыздағы сауда-саттықтың қорытындысы

Өткен аптаның басында инвесторларды қуантатын ештеңе болмайтыны анық еді. Дүйсенбіде сонау таңертеңнен бастап әлемдік қор нарықтарының барлығы алқызыл түске боянып, үміт ұялататын жасыл түс атымен жоқ еді. Кейбір нарықта, атап айтқанда, Жапонияда дүрлікпе жаппай сатылым белгілері де көрініс берді. Соның нәтижесінде Жапонияның жетекші индексі Nikkei 225 құны бір күннің ішінде 4% астам құлдырады. Сондықтан Америка нарығында да осындай жағдай орнайды деп болжау қисынды болар еді. Оның үстіне, дүние жүзіндегі инвесторлардың иманын ұшырып отырған бір-ақ нәрсе – алдағы уақытта АҚШ тарапынан тосқауыл қоятын жаңа тарифтердің енгізілетіні екені анық. Одан туындайтын тәуекел де бар. Сөйтіп, көпшілік күткендей, АҚШ-та негізгі сауда-саттық сессиясы басталысымен жетекші американдық индекстер күрт құлдырап, өткен жұманың жабылуына таман тіпті 1,5% дейін жоғалтты. Осы орайда Америка нарығындағы негізгі бенчмарк – S&P500 индексі тіпті бір кезде 5500 тармақ деңгейінен төмендеп, осы жылдың ең аз көрсеткішінен «асып түсті». Дегенмен биржаның «аюлары» кеше айдың соңғы күні болғанын ғана емес, 1-ші тоқсанның жабылғанын да естерінен шығарып алған сияқты. Бірақ нарыққа қатысушылар индекстердің тым қатты құлауына жол бермеуге тырысып бақты. Сөйтіп сауда-саттықтың бірінші сағаты өткеннен кейін барлығы бұл жолы да айтарлықтай жаппай сатылымнан қашып құтыла алмайтынын түсінгенде, кейбіреулер тәуекел етіп арзандап қалған акцияларды сатып алуға кірісті. Ақыр аяғында бұл жалпы индекстерге әсерін тигізді. Финалдық гонг соғылуға жақындаған кезде Dow Jones (DJIA-30) және S&P500 индекстері сәтімен «жасыл» аймаққа шығып, күнді плюспен аяқтады. NASDAQ Composite жоғары технологиялық компаниялар индексі де осындай нәтижеге жетейін деп қалған еді. Бірақ сол ЖЕТЕЙІН ДЕП ҚАЛҒАН ЕДІ-мен тоқтап қалды. Өйткені дүйсенбіде ең жолы болмаған «MAG7» акцияларының («Керемет жетілік») қатты сатылуынан NASDAQ Composite индексі күнді оң нәтижемен аяқтай алмай қалды. Бірақ оның шығыны небары -0,14% болды.

Бұл NASDAQ индексі мен ITS World (ITSW) -0,12% жаһандық нарық индексінің бір күндегі шығынымен бірдей деуге болады. Ал оның «әріптесі» – ITS Shariah исламдық қағаздар индексі тіпті аздап өсті де. Әлбетте, бұл таза символдық өсу: +0,21%. Жаңа айтып кеткеніміздей, екі индексте де ең әуелі жетекші технологиялық компаниялардың акциялары сәтсіздікке ұшырады. Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша бұл ITSS индексінен өте жақсы көрінеді. Онда бір күнде ең нашар нәтижеге келген акциялардың бірінші ондығына аса ірі 8 бигтехтің, айталық, NVidia (NVDA), Microsoft (MSFT) және Broadcom (AVGO) акциялары кірді. Ал Apple (APPL) компаниясы инвесторладың көңілінен шығып отыр. Өткен аптаның қорытындысына қарасақ, оның акциялары «Керемет жетіліктің» акциялары қатарындағы ең үздіктердің санатында болды, сондай-ақ дүйсенбінің қорытындысы бойынша Apple акциялары бұл күнді плюспен аяқтаған MAG7 құрамындағы бірден-бір қағаздар болды. Бұл Apple компаниясына қатысты жағымсыз нәрсенің пайда болғанына қарамастан болған жағдай. Оған келсек, Францияның монополияға қарсы билігі компанияға 162 млн. еуро айыппұл салды. Алайда бұл келеңсіздік Apple акцияларының баға белгіленімдерінің тағы шамамен 2% өсуіне кедергі болған жоқ. Бизнес дегеніміз бизнес, онда жеке ештеңе жоқ дегендей.

Жалпы алғанда, алыпсатарлар баға белгіленімдерін біресе көтеріп, біресе түсіріп жатқанын мойындауымыз керек, бірақ дүйсенбінің нәтижесіне қарағанда, стратегиялық тұрғыдан өзгерген ештеңе жоқ деуге болады. Барлық инвесторлар нақты жаңа тарифтер жарияланатын 2 сәуірдің келгенін тағатсыздана күтуде. Әзірше... демімізді ішке тартып, тырп етпей отыруға тырысайық.