2025 жылғы 16-20 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы
Өткен апта қысқа болса да (өткен бейсенбі Juneteenth мерекесін атап өтуге байланысты демалыс күні болғанын естеріңізге сала кетейік), өте қауырт жағдайда өтті. Бірақ аптаның қорытындысына қарап олай айта алмайсыз – жетекші американдық индекстердің барлығы іс жүзінде тапжылмай бір орында қалды. Dow Jones (DJIA-30) көгілдір фишкалар индексі мен NASDAQ Composite жоғары технологиялы компаниялар индексі тиісінше таза символдық +0,02% және +0,21% қосқан болса, S&P500 кең нарық индексі таза символдық -0,15% жоғалтты. Көріп отырғанымыздай, ешқандай өзгеріс жоқ.
Алайда, бұл ештеңе болған жоқ деген сөз емес. Қайта керісінше, түрлі оқиға жеткілікті болды. Қазір геосаясаттың бірінші орынға шыққанын және Иран-Израиль соғысына АҚШ-тың кірісуін күтіп отырған нарыққа қатысушылар бүкіл назарын Таяу Шығысқа тігіп отырғанынан бастайық. АҚШ нарығының бақытына орай, бұған қатысты шешім қабылданған жоқ, сондықтан инвесторлардың үрейі сақталғанымен, іске асқан жоқ. Индекстерде нөл өзгеріс болғаны содан да шығар.
Бұған қоса, АҚШ ФРЖ FOMC кезекті отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша мөлшерлеме, болжанғандай, өзгеріссіз қалды. Мұның нарыққа еш әсері болған жоқ, тек ФРЖ Төрағасы Пауэллдің жеке сөзі ғана «қалың топта күңкіл-күңкіл сөз» және құбылмалылықтың болмашы ғана өсуін тудырды. Қысқасы, құр айғай. Дегенмен, бұл да болжамды нәрсе еді.
Сондықтан басты оқиғалар негізінен корпоративтік деңгейде өтті және нарыққа қатысушылар сауда-саттық барысында осыған сәйкес әрекет жасады.
Аптаның қорытындысы бойынша S&P500 индексінің құрамында Coinbase Global Inc (COIN) жетекші криптовалюта биржасының акциялары үздік атанды. АҚШ Сенаты стейблкойн шығаратын компанияларды активтерді сенімді құралдарға (доллар, қазынашылық облигациялар және т.с.с.) орналастыруға міндеттейтін заң қабылдағаннан кейін осы уақыт ішінде шамамен 30 пайыз (+29,87) шарықтап кетті. Міне осыдан кейін стейблкойн эмитент компанияларының акцияларында да, бұл құралдармен сауда-саттықты ұйымдастырушының акцияларында да хайп басталды. Дегенмен, салыстырмалы түрде алғанда, Coinbase Global компаниясы шағын, демек ол жалпы нарыққа қатты әсер еткен жоқ, сондықтан аптаның соңында сектор деңгейінде орташа есеппен +1,75% қосқан мұнай-газ компанияларының акциялары ғана плюспен жабылды.
Өткен аптада мүлдем жолы болмағандарға келсек, орташа есеппен ғана -3,46% шығынға батқан медицина және фармацевтика компанияларының акцияларын айту керек. Бұл секторда орын алған жаппай сатылымның бірнеше себебі болды. Біріншіден, Healthcare секторының көшбасшысы Lilly (Eli) & Co (LLY) компаниясы генді түзетумен айналысатын Verve Therapeutics (VERV) стартап-компаниясын сатып алатыны туралы ақпарат пайда болғаннан кейін оның акциялары жаппай сатыла бастады. Бірақ бұл әлі түк те емес еді. Кейбір дәрі-дәрмек өндірушілер, айталық, Abbvie (ABBV), Pfizer (PFE) және тағы да бірқатары АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтика препараттары жарнамасына қарсы қатаң шара қолдануға ниетті екендігі жайлы хабар шыққаннан кейін «биржа аюларының» қатты «соққысына жығылды». Сайып келгенде, бұл бүкіл фарма секторына әсер етті.
Американың заң шығарушылары экономиканың тағы бір секторына кесірін тигізді. Олардың күш салуымен жаңа бюджетте күн энергетикасын дамытуға арналған ынталандыру тетіктері қысқартылды, нәтижесінде осы бизнеспен айналысатын жетекші компаниялардың акциялары төмен құлдырап кетті. Мәселен, өткен аптаның ішінде ғана сала көшбасшыларының бірі – First Solar (FSLR) компаниясының акциялары капиталдануының шамамен 12 пайызын (-11,92%) жоғалтты, ал Enphase Energy (ENPH) компаниясының шығыны одан көп – 20 пайызға жақындады (-19,15%).
Бұдан басқа, өткен жұмада АҚШ-та Quadruple Witching немесе, басқаша айтқанда, әр түрлі активтерге (валюта, акциялар, қымбат металдар және пайыз мөлшерлемелері) тоқсан сайынғы фьючерстер мен опциондар орындалатын Тоқсандық сиқыр күні болды. Әдетте бұл күн акциялар нарығындағы сауда-саттық көлемінің ұлғаюымен ерекшеленеді. Бірақ бұл жолы айналым әдеттегіден төмен болды, демек, қазіргі уақытта көптеген инвестор сақтықта қорлық жоқ деп нарықтан кетіп, аңысын аңдау айқындамасын ұстанып отыр.
Нарықтағы мазасыз хал-ахуал, әрине, ITS тобының индекстеріне де әсерін тигізбей қойған жоқ. Бұл жағдай ең әуелі ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексіне ең қатты ықпал етті – бір аптаның ішінде оның шығыны 1,5 пайызға жақындады (-1,42%). Бұған АҚШ-тағы жағдайдан гөрі (ол жердегі ахуал азды-көпті тыныш болғанын көріп отырмыз), Еуропа мен Азия нарықтарындағы жағдай және инвесторлардың мазасыздық танытуы себеп болды. Мәселен, аптаның соңында Еуропа толығымен қызыл түске боялды, жетекші еуропалық индекстердің шығыны 2-4 пайыз. Ал Азияда бәрінен де қатты абыржыған «қытайлықтар» еді. Shanghai Composite құрлықтық Қытай индексі де, Шеньчжень биржасындағы Shenzhen Component index индексі де, Гонконг биржасының Hang Seng индексі де – барлығы бірге аптаны 1-2 пайыз шығынмен тәмамдады. Әлбетте, бұған ең алдымен Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдай әсер етті. Инвесторлардың барлығы қатты қобалжып, зәресі қалмай отыр.
Ал ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі өткен аптаны әлдеқайда аз – небары -0,33% шығынмен аяқтады. Бұл жерде осы өте қызық индексті Apple (AAPL) және Advanced Micro Devices (AMD) сияқты алпауыттар «құтқаруға тырысты». Олардың акцияларына сұраныс айтарлықтай жақсы болды. Бұған Apple компаниясында жылдың екінші жартысына жасалған болжамның жақсы шығуы, ал AMD компаниясында NVidia (NVDA) шығаратын осыған ұқсас өнімдермен бәсекелесе алатын жаңа серверлік тіректер презентациясы ықпал етті.
Өткен апта осындай ақ-қара түсті болып шықты. Кейбір нәрсе дұрыс болса, басқасы құрдымға құлап бара жатыр. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ ең бастысы, геосаясат нарыққа кедергі жасамай, бизнестің дамуына мүмкіндік берсе игі. Сонда инвесторлар ешнәрсеге алаңдамастан, дұрыс, саналы таңдауын жасай алады.