2025 жылғы 7 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы
Дүйсенбі күні нарықтар инвесторлардың жанын көзіне көрсетіп, дұрыс пікірлісінің бәрін есінен тандырып жібергендей болды. Демалыстан кейінгі сауда-саттық алқызыл түске боялып ашылды. Бұл барлық әлемдік қор нарықтарына қатысты жағдай. Айталық, үнді нарығының небары 3 пайыз құлдырауы болмашы көрсеткіш деп санаған сарапшылар Үндістан жалпыға ортақ жағымсыз жағдайға қарсы тұр деген пікірде болды. Әлбетте, 8 пайыз құлдыраған Жапония нарығымен және 13 пайызға жуығын жоғалтқан Гонконгтағы Hang Seng индексімен салыстырғанда -3% шығын түк те емес. Сондықтан АҚШ-та негізгі сауда-саттық сесиясы ашылған кезде американдық жетекші индекстердің барлығы тағы да 3 пайыз құлдырағаны және бағасын одан әрі төмендетпек ниет танытқаны таңғаларлық жағдай болған жоқ. Алайда сауда-саттық басталғаннан кейін шамамен бір сағат өткен соң ғажап нәрсе болды – акциялардың, одан кейін индекстердің де баға белгіленімі кенет әуелеп кетті де, 10-15 минут өтер-өтпестен 8 пайыз өсті. Мәселен, Америка нарығының негізгі бенчмаркы – S@P500 индексі 4850 тармақтан 5 250 тармаққа бір-ақ жетті. 400 тармақ өсім дегеніміз аталмыш 8 пайыздың өзі. Бұл Ақ үй жаңа тариф енгізуді 90 күн кейінге қалдыруға дайын деген ақпарат шыққаннан кейін болған жағдай. Бірақ әңгіме мұнымен біткен жоқ. Ақ үй өкілдері «90 күн» жөніндегі ақпарат жалған екенін мәлімдегеннен кейін (ха-ха, инвестор мырзалар, бұл қалжың ғой, мән бермеңіздер!) плюсте тұрған баға белгіленімдері көп ұзамай қайтадан құлдырады. Бірақ бұл жолы жұма күнгі сауда-саттық жабылар кездегідей минус 3 пайыз емес, нөлге келіп тоқтады. Одан кейінгі уақыт баға нөлден жоғары әлде нөлден төмен болуы керектігін дәлелдеуге тырысқан нарықтың «бұқалары» мен «аюларының» зеріктіретін күресімен өтті. Нәтижесінде 3 индекстің екеуі – Dow Jones (DJIA-30) пен S&P500 индексі тиісінше -0,91% және -0,23% жоғалтып, бұл күнді қызыл аймақта аяқтады. Ал олардың «інісі» – NASDAQ Composite жоғары технологиялық компаниялар индексі 0,1% өсті, бұл аз да болса жақсы нышан. Осы жағдай кеше негізгі «майдан шебінде» жетекші технологиялық компаниялардың акциялары болғанын анық көрсетіп отыр. Dow индексінің бәрінен де көп зардап шегуінің басты себебі, Apple компаниясының акциялары (AAPL,-3,67%) қатты қысымға ұшырап, ақырында соңғы күндері онсыз да мүшкіл халге түскен капиталдануының төрт пайызынан айырылды. Бірақ MAG7 (Керемет жетілік) құрамындағы қалған барлық акциялардың жағдайы әлдеқайда жақсы болды – олар плюске шықты. Мұның NASDAQ Composite индексіне де оң әсер еткені айтпаса да түсінікті.
ITS тобының индекстеріне келетін болсақ, дәл осындай жағдай мұнда да байқалды. ITS Shariah исламдық қағаздар индексі +0,86% қосып, күнді біршама сенімді плюспен аяқтады. Ал ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі құнының 1% (-0,99%) жоғалтты. Мұны, ең алдымен, кеше Америка нарығының көтерілуі айтарлықтай шығынға батқан қытай бағалы қағаздарының таңертеңгі сауда-саттығына әсер етпегенімен түсіндіруге болады. Айталық, ITSW индексінің акциялар портфелінде Alibaba (BABA,-9,06%), Li Auto (LI,-6,76%), NetEase (NTES,-6,54%) және JD.com (JD,-5,13%) сияқты қытай компанияларының жолы болмады. Сондықтан кешкі сессия барысында Американың Broadcom (AVGO,+5,37%), NVidia (NVDA,+3,53%), Amazon (AMZN,+2,49%) және Meta Platforms (META,+2,28%) сияқты жетекші технологиялық компаниялары акцияларының өсуі Қытай компаниялары тарапынан келген жағымсыз жағдайды жеңе алмады.
Оның есесіне ITSS исламдық бағалы қағаздар индексінде бигтех акцияларының жағдайы жақсы болды, ITSS индексін плюске шығарған осы акциялар. Бұл шынында да артық айтқандық емес, өйткені осы индекске кіретін 30 акцияның 8-і ғана күнді плюспен жапты, яғни іс жүзінде портфельдің 75%-ы минуста болды. Бірақ американдық жетекші технологиялық компаниялар акцияларының сенімді өсуінің арқасында жұма күнгі сауда-саттық жабылатын кезде бұл индекс шамамен 1% жоғарылады.
Жалпы алғанда, дүйсенбі күнгі сауда-саттықтың қорытындысына қарасақ, нарықта белгісіз және жүйкені тоздыратын жағдай қалыптасқаны түсінікті. Тіпті нарыққа қатысушылардың есірігі ұстады деуге болады. Акциялардың баға белгіленімі тұрақтамай мың құбылып отырған шақта инвесторлар, бір жағынан, дүниежүзілік сауда соғысының қазіргі шиеленісті кезеңінің салдары қандай болады деп қатты үрейленіп отыр. Ал, екінші жағынан, қалыптасқан жағдай өзінен өзі оңалады деген үмітте, демек, көптеген акцияның қазіргі бағасы сатып алу үшін өте-мөте тартымды көрінеді. Сондықтан олар (инвесторлар) нарық түзелетін тұсты қапы жібермеу жағын ойлап, көпшілігі қолайлы сәтті пайдаланып, көкке көтеріледі-ау деген зымыранға секіріп мінгісі келеді. Бірақ бұл зымыран жақын арада ұша ма, ұшпай ма, кім білсін.