2025 жылғы 19 ақпандағы сауда-саттықтың қорытындысы

Сәрсенбінің қиын және жүйкені жұқартатын күнге айналғаны үйреншікті. Бұл, әсіресе, сәрсенбіде АҚШ ФРЖ FOMC кезекті отырысының шешімі шығатын немесе кешегідей, яғни осы мәжілістің Хаттамалары («минуттық» деп те аталады) жариялануы керек кезде айқын білінеді. Нарыққа қатысушылар осы сәтті күтіп алаңдаумен болды, сондықтан таңертеңнен бастап жетекші индекстер бойынша фьючерс баға белгіленімдері де, содан кейін сауда-саттықтың ашылуында индекстердің өздері де аздап минусқа шықты, ал нарыққа қатысушылардың көпшілігі аңысын аңдауды жөн көрді. Қазіргі уақытта инвесторлар ФРЖ іске асыратын АКС (ақша-кредит саясаты) жөніндегі болжамдарға үлкен мән береді (тіпті оның маңызын тым асырып та жібереді!) және бұдан құтылу мүмкін емес.

Сондықтан барша инвестор «минуттықтың» шығуын күткен күннің басым бөлігінде нарықтың барысы тыныш және қызықсыз болды. Астана уақытымен түннің ортасына таман, яғни Хаттамалар шығуы тиіс болған уақытта индекстер нөл белгісіне қарай жоғарылады, ал инвесторлар аңысын аңдауға көшті. Бақытымызға орай, бұл жолы жүйкені тоздыратын ештеңе бола қойған жоқ. Хаттамалардың мазмұнын біліп жүректері орнына түскен инвесторлардың арасында айтарлықтай келіспеушілік туған жоқ. Акциялармен алып-сатарлық жасаушылар, әлбетте, мұны бірден пайдаланып, әп-сәтте барлық индекстерді жаңа биіктерге шығарды. Бірақ егер Dow Jones (DJIA-30) және NASDAQ Composite индекстері осынау кешкі «шарықтаудың» нәтижесінде жай ғана плюсте болса (тиісінше, +0,16% және +0,07%), Американ нарығының негізгі бенчмаркы - S&P500 индексі қайтадан оң аумаққа шығып қана қоймай, сонымен бірге өзінің тарихи максимумын тағы да қайта жазып, күнді 0,24% өсіммен аяқтады.

Өкінішке орай, кеше ITS World (ITSW) әлемдік нарық индексі S&P500 жетістігін қайталай алмады да, өзінің рекордтық белгілерінен сәл шегінді. Естеріңізге салайық, бұл индекс алдыңғы күндері қатарынан 7 рет тарихи максимумдарын жаңартқан болатын. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды, сөйтіп ол -0,24% жоғалтты. Оның есесіне ITS тобының басқа индексі - ITS Shariah (ITSS) исламдық бағалы қағаздар индексі бір күнде +0,43% қосып, плюспен шықты.

ITSS исламдық бағалы қағаздар индексіндегі күштердің бөлінуіне көз тастасақ, кешегі сауда-саттықтың қорытындысы бойынша бағасы өскен акциялардың саны (20) құлдыраған акциялар санынан (10) 2 есе көп болып шықты, сондықтан қазір акциялар айтарлықтай жақсы және сенімді өсіп жатқандай пікір қалыптасуы мүмкін. Алайда жағдай сәл басқаша. ITSS шариаттық индексін плюске шығарған, ең алдымен, медиктер – атап айтқанда екі фармацевтикалық алпауыт – Merck & Company (MRK,+2,77%) мен Johnson&Johnson (JNJ,+1,87%) және медицина жабдығын өндіретін әйгілі компания Abbott Labs (ABT,+1,50%). Жалпы атап өтетіні, кеше тыныш және негізінен еш идеясыз болған нарық жағдайында медицина және фармацевтика компанияларының акциялары басқаларға қарағанда ең тәуір көрінді. Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша үздік атанған S&P500 индексінің құрамындағы Healthcare секторы бір күнде бәрінен озып +0,91% өсті. Бұл 11 сектордың 6-ы күнді минуспен жауып, Real Estate секторындағы 0,06% және Energy секторындағы +0,11% өсуді өсім деп атауға болмайтын жағдайда болған нәрсе.

Бірақ кеше қуантатын жаңалық та болды. Айталық, кеше небары 10 күн бұрын ғана жаңадан келіп индекс портфеліне қосылған компания ITSW жаһандық нарық индексінде ерекше көзге түсті. Бұл навигация құрылғысы мен GPS жабдығын әзірлеуші және өндіруші жетекші компания – Garmin Ltd (GRMN,+12,64%). Сауда-саттық басталғанға дейін шыққан оның тоқсандық есептілігі жарияланғаннан кейін оның акциялары шарықтап кетті. Нәтижесінде Garmin (GRMN) акциялары S&P 500 индексінде де, ITSW индексінде де үздік атанды. GPS құрылғысын өндіруші хабарлағандай, фитнес жабдығы, автомобиль және көше техникасы сегменттерінде тоқсан сайынғы сатылым айтарлықтай өскеннен кейін нәтиже болжағаннан да жақсы шықты. Осы орайда Garmin компаниясының жылдық табысы 6,3 миллиард доллар мөлшеріндегі рекордтық деңгейге жетті. Аталмыш компания акциялары бағасының өсуі ақыр аяғында ITSW индексінің өзіне де елеулі үлес қосқаны түсінікті.

Жалпы позитивтің әлсірегені анық екенін атап өту керек. Қазіргі уақытта нарық негізінен инерциямен көтерілуге ​​тырысып жатыр. Бірақ барған сайын нәтиже нашарлап жатыр. Өсу қарқынының бәсеңдегені анық және қазір көптеген инвестор сылтау табылса акцияларды сатуға кірісуге дайын деп болжауға болады. Түзету жасалатын күн жақындаған сияқты, сондықтан оған дайындалуымыз керек.