2025 жылғы 17 сәуірдегі сауда-саттықтың қорытындысы
Үстіміздегі аптаның соңғы жұмыс күні таңертеңнен бастап инвесторларға біршама оптимизм ұялатқандай болды. Бұған екі себеп бар-тын. Біріншісі жартылай өткізгіштер мен чип өндірісіндегі әлемдік көшбасшы Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSM) компаниясының тоқсандық есептілігінің тамаша шыққанына қисынды түрде байланысты еді. Расында да, егер TSM жағдайы өте жақсы болса, оның бәсекелестерінің ахуалы да әжептәуір болу керек қой. Көп адам осылай ойлаған еді. Нарықтың өсуіне себеп болатын екінші нәрсе – әрине, Пасха мейрамы. Американдықтар кез келген мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алғанды ұнататыны даусыз, сондықтан олар бұл жолы да барын салады деп үміттендік.
Шынын айтқанда, олар барынша тырысты. Ұзақ демалыс күндеріне жақсы көңіл-күймен шығу үшін барлық күш-жігерін салды, бірақ ойдағыдай нәтижеге жете алмады. Медициналық сақтандыру нарығының 29%-ын иеленетін сақтандыру медицинасының көшбасшысы саналатын United Health (UNH,-22,38%) компаниясы бірінші болып инвесторлардың көңіл-күйін бұзды – оның бір күндегі шығыны капиталдануының төрттен бір бөлігіне жақындады. Бұл компанияның естен тандырарлық тоқсандық есептілігі жарияланғаннан кейін болған жағдай. Аталмыш құжатта ол егде жастағы адамдарға сақтандыру қызметін көрсетуге арналған Medicare Advantage бағдарламасының сәтсіздігін мойындады дей аламыз. UNH акциялары құлдырай бастаған бойда бүкіл Dow Jones (DJIA-30) индексі де құлдилап төменге кетті де, бұл соққыдан сол күйі оңалмай, күннің қорытындысы бойынша -1,33% жоғалтты.
Health Care секторының тағы бір алпауыты – Lilly (Eli) & Co (LLY,+14,30%) фармацевтикалық компаниясы да жағдайды сақтап қалуға тырысты. Оның қант диабетін емдеуге арналған жаңа дәрісінің клиникалық сынақтан сәтті өткендігі туралы ақпарат шыққан бойда акцияларының баға белгіленімі көкке самғады. Ақыр аяғында LLY акциялары S&P500 кең нарық индексін плюске (+0,13%) шығарды. Сөйтіп ол кешегі күнді жанға жағымды нәтижемен аяқтаған бірден-бір жетекші индекс атанды. NASDAQ жоғары технологиялы компаниялар индексінің де плюспен жабылуы мүмкін сияқты еді, бірақ оған ЖИ саласындағы жұмыстарға қажет өнімділігі жоғары чиптерді Қытайға экспорттауға тыйым салынғаннан кейін сатушылар тарапынан қатты қысымға ұшырап отырған NVidia (NVDA,-2,87%) акцияларының кесірі тиді. Нәтижесінде NASDAQ Composite индексі аз да болса, -0,13% жоғалтты.
Ал ITS индекстер тобының жағдайы американдық әріптестерінен әлдеқайда жақсы болды. ITS World (ITSW) жаһандық компаниялар индексі бұл күні +0,53% қосты. ITS Shariah (ITSS) исламдық қағаздар индексінің өсімі одан да көп – бір пайызға жуықтады (+0,88%).
ITSW индексінің портфелі географиялық тұрғыдан жақсы әртараптандырылғанын тағы да атап өткіміз келеді, өйткені соның арқасында ол американдық «әрпітестерімен» салыстырғанда әлдеқайда сенімді көрсеткішке жетіп отыр. Айталық, күннің қорытындысы бойынша ТОР-5 үздік акцияның қатарына дүние жүзінің 4 өңірінің компанияларының акциялары кірді. Әлбетте, американдық фармацевтика алыбы Eli Lilly (LLY) компаниясының акциялары үздік шықты – оларды американдық ритейлер Costco (COST) қолдады. Бұл компанияның акциялары ақыр аяғында ТОР-5 қатарында 5-ші орынға шықты. Бірақ Американың жетістігі осымен бітті. Екінші орынға капиталдануына қомақты 4% қосқан (+3,91%) Үндістанның аса ірі ICICI (IBN) банкісінің акциялары жайғасты. Көшбасшылар қатарына Қазақстан да кірді. Кеше Kaspi.kz (KSPI) акциялары да инвесторлардың үлкен сұранысына ие болып, 3.62% өсті. Көшбасшылар бестігінде Жапония да болды, оған өкілдік еткен электроника өндірісі саласының еңбек сіңірген және ең әйгілі Sony Group (SONY) компаниялар тобының акциялары бір күнде 2,78% қымбаттады. Осылайша, кеше нарықта ITSW индексінің американдықтарды басып озуына мүмкіндік берген әдемі инвестициялық интернационал қалыптасты.
Алдағы демалыс күндері ұзаққа жалғасады. АҚШ-та сауда-саттық дүйсенбі күні, ал Еуропа мен Гонконгта тіпті сейсенбіде басталады. Өкінішке орай, қазір жағымды жағдай аз екенін мойындауымыз керек. Нарыққа қатысушылардың арасында белгісіздік ахуалы орнаған және сайып келгенде бұл «жолдың» қайда апаратыны әзірге мүлдем түсініксіз.