ITS Орталық Азиядағы күнделікті табысты АҚШ долларында беретін алғашқы ақша нарығы биржалық қорын іске қосты
ITS халықаралық сауда алаңы 2025 жылғы 25 қарашадан бастап жаңа құрал – ITS Dollar Liquidity (ITSD) ақша нарығының биржалық қорына қолжетімділікті ашты. Қор күн сайын қаражатты жаһандық қаржы нарығындағы ең сенімді қамтамасыз ету құралы – АҚШ мемлекеттік облигацияларымен (U.S. Treasuries) немесе осы облигацияларға арналған америкалық ETF акцияларымен қамтамасыз етілген РЕПО мәмілелеріне орналастырады.
«Біз алғашқы долларлық ақша нарығы ETF-інің пайда болуын АХҚО үшін де, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияның қаржы индустриясы үшін тұтастай алғанда аса маңызды оқиға деп санаймыз. Диверсификацияланған индекс қорлары ITS World және ITS Shariah, сондай-ақ үнемі кеңейіп келе жатқан ITS Single Stock ETF топтамасымен бірге бұл құрал кең ауқымды бөлшек инвесторлар үшін жинақтарын басқаруда іс жүзінде шексіз мүмкіндік береді және институционалдық инвесторлардың әлеуетін айтарлықтай арттырады», — деді ITS басқарушы директоры Александр Диаковский.
ITSD табыстылығы АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің EFFR (Effective Federal Funds Rate) мөлшерлемесіне бекітілген және одан 0,25% жылдық шегеріледі. Қордың инвестициялық стратегиясы U.S. Treasuries нарығындағы баға өзгеруіне байланысты туындайтын нарықтық тәуекелдерді болдырмайды, инвестор үшін табыстылықтың толық ашықтығын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта облигациялардың орташа табыстылығы жылына 3,63% деңгейінде. Сатып алудың ең төменгі сомасы — 1 АҚШ доллары, бұл құралды барлық инвесторлар санатына қолжетімді етеді.
Инвестициялық табыс қор акциясының бағасының көрсетілген пайыздық мөлшерлемеге сәйкес күн сайын өсіп отыруы арқылы қалыптасады. Сонымен бірге Астана уақытымен 10:00-ден келесі күнгі 03:45-ке дейін ITSD саудасындағы өтімділікті қамтамасыз ету бұл құралға ақша енгізу және шығару шектеулерін жояды, бұл жинақты басқарудың нарықтағы өзге балама құралдарымен салыстырғанда ITSD-ді едәуір тиімді етеді.
ITSD бойынша басқару және қызмет көрсету жөніндегі жылдық комиссиясы жылына 0,1%-ға тең, бұл – нарықтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Бұл комиссия қор құнына енгізілген және басқарушы компания тарапынан күн сайын тең үлеспен ұсталады, бұл күніне 0,0003%-дан аз мөлшерді құрайды.
ITSD-дің басқарушы компаниясы — АХҚО-ның бөлшек инвесторларға арналған қорларды басқару жөніндегі лицензиясына ие IPS Capital. Құрал АХҚО юрисдикциясында тіркелген және AIX биржасында бастапқы листингтен өткен. Қазақстанда ITSD бойынша жеке тұлғалардың табыстары салықтан босатылған, бұл шетелдік ақша нарығы қорларымен салыстырғанда бұл құралды айтарлықтай тиімді етеді, өйткені олар бойынша салықтық ұсталымдар қолданылады.
ITS платформасында 3000-нан аса халықаралық бағалы қағаздар, оның ішінде 300-ден астам ETF, сондай-ақ акциялар мен депозитарлық қолхаттар қолжетімді. ITS-тегі халықаралық бағалы қағаздар әлемдік экономиканың көпшілік салаларын қамтиды және жетекші әлемдік индекстерге кіреді.
ITS туралы ақпарат
ITS – халықаралық өтімділік хабы. ITS бизнес моделінің негізінде жатқан best execution қағидасы мен smart order routing өтімділікті қамтамасыз ету технологиясы инвесторларға жаһандық қаржы нарығындағы ең жақсы бағамен және кез келген көлемде бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға мүмкіндік береді. Осы технологияның арқасында ITS алаңындағы шетелдік бағалы қағаздар бойынша өтімділік осы бағалы қағаздар саудаланатын жетекші халықаралық алаңдардағымен бірдей.
ITS Central Securities Depository Limited – ITS-тің орталық депозитарийі – бағалы қағаздарды сақтау және есеп айырысу бойынша депозитарлық қызметтер көрсетеді. Депозитарий АҚШ-тың салық қызметі тарапынан ұстап қалуға негізгі жауапкершілігі бар білікті делдал (Qualified Intermediary with primary withholding responsibility, WQI) мәртебесін алған.
Central Counterparty – ITS-тің орталық контрагенті – клирингке қатысушылардың барлық міндеттемелері бойынша тарап болып табылады және ITS сауда алаңында жасалған мәмілелер бойынша клирингті жүзеге асырады.
ITS алаңы ITS World (ITSW) және ITS Shariah (ITSS) өз индекстерін есептейді.
ITS алаңының тікелей клиенттері Қазақстан мен басқа елдердің бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылары – АХҚО-да аккредиттелген, сол сияқты тікелей тіркелген қаржылық делдалдар болып табылады. Инвесторлар – жеке және заңды тұлғалар сауда-саттыққа қаржы делдалдары – брокерлер мен банктер арқылы шығады.