Naryk.kz: Нарыққа апталық шолу: коммуналдық сектор көшбасшылар қатарында

Қыркүйектің соңғы аптасы технология нарығында тарихи сәт әкелді. Intel (INTC) компаниясының акциялары екі апта қатарынан S&P500 индексіндегі ТОП-10 үздік акциялар қатарында көш бастап тұр, деп жазады нарыққа апталық шолуында ITS биржасы сарапшылары.

18 қыркүйекте Nvidia (NVDA) компаниясының Intel капиталына 5 млрд доллар инвестиция құятыны белгілі болды. Бұған қоса, АҚШ үкіметі мен Softbank тағы 11 млрд доллар қолдау уәде етті.

Intel мұнымен тоқтамай, Apple (AAPL) және әлемдегі ең ірі чип өндіруші TSMC-мен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл жаңалық инвесторларға компанияның болашағы айрықша кең екенін көрсетті. Нәтижесінде, екі аптада акция бағасы 40%-ға жуық өсті.

Electronic Arts: 55 млрд долларлық мәміле

Аптаның басты жаңалықтарының бірі – Electronic Arts (EA) компаниясының жекеменшікке өту ниеті. Компания нарықтағы барлық акциясын қайта сатып алатынын жариялаған соң, бағасы бірден +15% өсті. Сарапшылардың есебінше, бұл өсім әлі +10% жалғасуы мүмкін.

Мәміленің жалпы құны – 55 млрд доллар (әр акцияға 210 доллар). Қазіргі котировка – 193 доллар. Яғни, инвесторлар үшін әлі де табыс табуға мүмкіндік бар.

Жаңа иелері қатарында Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қоры, Affinity Partners (Джаред Кушнер), Silver Lake қоры бар.

Бұл қадам Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманның ойын индустриясына жасаған ірі инвестициялық стратегиясының бір бөлігі болып отыр. Ханзада соңғы жылдары 30 млрд доллардан астам қаражатты видеойын секторына құйып үлгерді.

 

Коммуналдық сектор: күтпеген көшбасшы

Бұл аптада Utilities секторынан бірден екі компания ТОП-10 қатарына енді. Әдетте мұндай сирек кездеседі.

Әсіресе Xcel Energy (XEL) ерекше көзге түсті. Компания 2021 жылғы Маршалл өртіндегі дауларды 640 млн доллар төлеу арқылы реттеді. Оның 350 млн доллары сақтандыру есебінен жабылады.

Бұл шешім инвесторларға оң әсер етті: компания негізгі тәуекелдерден құтылып, бизнесін дамытуға назар аудара алады. Айта кетсек, өрттен кейін Xcel Energy капитализациясының 40%-ын жоғалтқан еді. Қазір акциялары толық қалпына келіп, жаңа тарихи максимумға шықты.

Түйін

Қыркүйектің соңғы аптасы нарықтағы басты драйверлердің технология секторы екенін тағы да дәлелдеді. Intel – серіктестіктер мен ауқымды инвестициялардың арқасында, Electronic Arts – құрылымдық өзгерістер мен жекеменшікке өтудің нәтижесінде инвесторлардың басты назарында қалды.

Ал коммуналдық сектордағы күтпеген серпіліс нарықта әртараптандырудың маңызын еске салады: инвесторлар тек технологияға емес, тұрақтылық пен болжамдылыққа да сұраныс артып отырғанын көрсетеді.

 

© Naryk.kz https://naryk.kz/news/naryqqa-aptalyq-sholu-kommunaldyq-sektor-koshbasshylar-qatarynda